Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.19.2007 жыл


Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың Қазақстанда мықты киностудия салынуы керек деген жобасын бейсенбі күні шыққан басылымдар да айналып өтпепті. Сондай-ақ газеттер бүгінгі сандарында Қазақстанның темір жол тасымалы саласына сатып алынған қытай вагондары мәселесін сөз етсе, енді бірі Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың «мәңгілік президенттікке» дайындалып жатқанын жазыпты.

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың үкімет отырысында таныстырған жаңа жобаларына «Время» газеті мән беріпті. «Министр Ермұхамет Ертісбаевқа Остап Бендер мен Геростраттың мерейі тыным бермей келеді. Екінші күні өткен үкімет отырысында ол әріптестері ес жиып үлгермес үшін сандық телеарнаны дамыту, БиБиСи тәрізді ақпараттық агенттікті құру және Талғарда жаңа киностудия салу сияқты үш бірдей «нью-васюкилік» мегажобаны ұсынды. Ертісбаев дұрыс ойластырылмаған, қымбатқа түсетін, ұзақ мерзімді жобалардың жүзеге асуынан нені көздеп отыр? Оның президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақфильм» киностудиясы орналасқан жердің сатылмауы керек дегеніне қарамастан, оған құмартып отыру себебі неде?» деп оқырманға сауал тастайды «Время» басылымы.

Ал «Түркістан» газеті бұл жайында былай деп жазады. «Киностудияның көшірілуіне қилы сылтауды желеу еткен министр мырза бар бәлені қаланың күрт өсуінен, у-шуынан көретін іспетті. Егер үкімет шешім шығарып, «Қазақфильм» акционерлік қоғамы тұрған аймақты сатамыз десе, ол да қолында, қаншама жыл қазақ киносының рухани қазығына айналған, қазақтың маңдай алды марқасқаларының табаны тиген мекен бүгінгі бизнес ошағына айналып кететіні жанымызды ауыртады. Ғимаратты жақсы технологиямен Алатаудың бөктерінде тұрғанда да жабдықтауға болар еді. Үкіметтің не ойланғанын кім білсін, тек белгілісі, «Қазақфильмнің» «Көшпенділерден» соң, өздерінің де көші әлдеқайда бағыт алғаны» деп жазады «Түркістан» газеті.

Сондай-ақ, «Түркістан» газеті бүгінгі санында Қытай вагондарының төңірегіндегі дау-дамайларға да тоқталады. «Қытайдан сатып алған вагондардың тағдыры күтпеген тұстан осылайша кең талқыға түсуі қоғамда түрлі қарама-қайшылықты пікір туғызып отыр. Біріншіден, арзан дүниенің жілігі татымайды, яғни әу баста Қытайдан арзанқол вагондар сатып алуға шешім қабылдау түбегейлі қате болған еді. Екіншіден, қазір «ҚТЖ» ұлттық компаниясының бір топ бұрынғы басшыларының үстінен 21 қылмыстық іс қозғалғаны мәлім. Осындай ұрымтал тұста «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайдының» керімен бұрын тістері батпай жүрген қарсыластары қандай жолмен болса да өш алуға тырысуы мүмкін. Үшіншіден, кейбіреулер ұлттық компанияның беделіне әдейі нұқсан келтіруі мүмкін» деп жазды «Түркістан» газеті.

«Ана тілі » газеті болса, осы тақырып жөнінде әңгімелей келе, мақалада адам денсаулығына қауіп төндіретін вагондарды Қазақстанға сату Қытай саясатына сай келеді деген пікір келтіреді. «Қазақ үкіметі бірыңғай экономикалық көрсеткіштің соңына түсіп, қауіпсіздік мәселесін естен шығарып алғанына осыдан артық дәлел іздеудің қажеті шамалы. Ресейді қойып, Америка аса сақтықпен қарым-қатынас жасайтын алпауыт айдаһар Орта Азия мен Ресейден өзге көршілерін түгел қандасына айналдырып болды. Қазақ пен қырғыздың ішерін де, киерін де бүгіннің өзінде өз қолымен жасап беріп отырған ол, болашақ қожайын ретінде әр қадамын әлдеқашаннан-ақ ойластырып қойған. Боданына «темір ноқта» кигізудің мың-сан айласын игерген әккі айдаһар сусып кіреді, сипап тұрып-ақ тұқымыңа қол салады» деп жазды «Ана тілі» газеті.

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың «мәңгілік президенттікке» дайындалып жатқандығы жөнінде «Жас Алаш» газеті жазыпты. «Ислам Кәрімов түбейттеп түсіне алса, «мәңгілік президент» деген мәртебе оның мерейін аспандата да, асқақтата да алмайды. Керісінше, абыройын төгеді. Шын мәнінде, бұл - өзбек халқын кемсіту. Ел де, халық та, мемлекет те тірі организм. Жаңарып-жаңғырып, өзгеріп-өсіп, түрленіп-түлеп отыратын тірі организм. Демек, «мәңгілік президент» деген мәртебе – қолдан жасалған, тірі халық пен тірі қоғамға жараспайтын дімкәс доктрина» деп жазды «Жас Алаш» газеті.

Ал Еуропадағы индуистік форумның Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне кедергі жасауға әрекеттеніп жатқандығы жөнінгі мақала «Айқын» газетінде жарияланыпты. «Тәуелсіздік алғаннан бергі 16 жыл бойы еліміздің қасықтап жинаған абыройын кришнаиттер қоғамы шөміштеп төгіп жатыр. «Дін –саясаттан бөлек» десек те, кейбір ағым өкілдерінің саяси мәселелермен айналысып, Қазақстанның ішкі мәселесіне қол сұғып, сұғанақтыққа баруы діннің саясаттан әсте бөлек еместігін аңғартып үлгерді. Яғни діни саясатпен Қазақстанның да айналысатын уақыты келді» деп жазды «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG