Accessibility links

Иранның мемлекеттік теле арнасынан елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірді деген айыппен тұтқындалған Иран текті екі американдық ғалым көрсетілді


Бағдарлама барысында бұл екі ғалымның Америкадағы өз қызметтері туралы сөздері арасына Украина, Грузия мен Қырғызстандағы революциялар туралы сюжеттер де енгізіліп отырды. Екі ғалымның сөздері кінәні өз мойындарына алғандай етіп түзетіліп, қиылып берілген. Бұл орайда, адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар мен АҚШ үкіметі өз наразылығын білдіріп отыр.

"Демократияның атымен" деп аталған бұл бағдарлама тегі Ирандық Американ азаматтары Халех Есфандияри мен Киан Таджбахш жөнінде болған. Бұл екі ғалымның да Иран абақтысында жатқанына бірнеше апта болды. Бір сағаттық бағдарлама барысында Украина, Грузия мен Қырғызстандағы әкімшіл биліктің құлауына алып келген түрлі-түсті революциялар туралы сюжеттер кеңінен көрсетіліп отырды.

Американ Президенті Дж.Буштың бұл елдерге өзгеріс алып келген революция жетекшілерін мақақтаған сөзі де беріліп, ізінше бағдарламаны жүргізуші осы революцияларға демеу берген Америка деп атап өткен. 67 жасар Есфандияри бағдарламада бірінші боп көрсетіледі. Алдында бір шөлмек суы бар, өзі креслода отырған, ал басына Ирандағы тәртіпке сай мұсылманша басорамал таққан Есфандияри Вашингтондағы Удроу Уилсон Халықаралық Зерттеушілер орталығында Таяу Шығыс бағдарламасының директоры ретіндегі өз жұмысы ретінде баяндайды.

Ол өзінің негізгі міндеті негізінен Иранның өзінен келген Иран бойынша мамандардың қатысуымен түрлі конференциялар ұйымдастыру болғандығын айтады:

"Ираннан баяндамашы келіп, ол Удроу Уилсон қатарлы орталықта сөз сөйлесе, оған көп адам жиналатын. Мақсатымыз осы болатын. Ол жиналған адамдар кім болды дегенге келсек, олар – саясатты жасаушылар. Ал "саясатты жасаушылар" деген Америкада нені білдіреді дегенге келсек, Вашингтондағы саясатты жасаушылар деп үкіметтік институттарда, Американ Конгресінде, барлау мекемелерінде, баспасөзде, түрлі қорларда, университат пен зерттеу орталықтарындағы белсенді адамдар. Түйіп келгенде, саясатты жасаушылар дегеннің ауқымы өте кең".

Осындай конференциялар арқылы саясатты жасаушылар мен ғалымдардың ортақ жүйесі қалыптасты дейді:

"Менің қызметім баяндамашыны табу болды. Ираннан кеткеніме көп жыл болғандықтан, бірінші кезекте мен Вашингтон мен бүтін Америкадағы университеттер мен зерттеу орталықтарында жұмыс істейтін Иран бойынша мамандармен ақылдасатынмын, олардан байланыс құруға болатын адамдарды сұрайтынмын. Ендігі бір жол, Иранға барған кезімде аты-жөні берілген адамдармен байланыс құратынмын. Осындай жолдар арқылы таныстық қалыптасып жатты".

Есфандияри өз сөзінде, сондай-ақ, Америка "Ирандағы шешім қабылдаушы топтар мен шешім қабылдаушы адамдардың арасында өзгеріс болуын" қалайды деп те атап өткен. Есфандияридің сөздері қиылып, түзетіліп берілгендіктен, ол кінәні өз мойнына алып отырғандай пікір қалыптастырады.

Екінші ғалым – Нью-Йорктағы Джордж Соростың Ашық Қоғам Институтында кеңесші қызметін атқарып келген Таджбахш-тың сөздері де осы іспеттес тұрғыда көрсетіліп, хабарды жүргізуші екі ғалымның "бет пердесі ашылды" деген тұрғыда өз талдауын қоса береді. Осының қарсаңында Иран ресми екі ғалымға қатысты жаңа дәлел-айғақтар пайда болғандықтан олардың ісіне байланысты тергеу басталды деп хабарлаған болатын.

Вашингтонда АҚШ Мемлекеттік Департаментінің баспасөз уәкілі Иран теле арнасынан көрсетілген бұл бағдарламаны және Иран үкіметінің бұл екі ғалымға орай ұстанып отырған көзқарасын сынап мәлімдеме жасады.

"Бұл адамдар дереу өз үйлеріне қайтарылып, өз отбасы мүшелерімен қайта табысуы тиіс. Оларды тұтқында ұстап отыруға, оларды одан әрмен қорлауға ешбір негіз жоқ".

Иран теледидарынан көрсетілген хабарды көптеген халықаралық ұйымдар мен белгілі құқық қорғаушы белсенділер де айыптап шықты. Олардың кейбірі Иран екі ғалымды саяси себептерге байланысты тұтқындап отыр дегенді айтты.

Есфандияри мен Таджбахш Иран ресми орындары елден шығармай отырған жалғыз Ирандық Американдықтар емес. Біздің әріптес, Фарда радиосының журналисті Парназ Әзима, Калифорния Университетіндегі Азаматтық Бейбітқұру Орталығы басқарушылар кеңесінің басты мүшесі Әли Шакери де Ираннан шығарылмай отыр, оларға да қылмыстық айып тағылуда.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG