Соңғы кездері «Нұрбанктың» төңірегіндегі дау-дамайға байланысты банктың депозиттік тұтынушылары 10 пайызға азайған және басқа да бірқатар қаржылық көрсеткіштері сәл төмендеп, оны тұрақтандыру үшін банк мамандары қарбалас қауырт шаралар қабылдаған. Енді «сол әрекеттер нәтижесінде банктың алдағы жұмысы тұрақты болады» деген болжамын халықаралық Standard&Poor’s агенттігінің сарапшылары беріп отыр дейді банк баспасөз хатшысы Әйгерім Байжұманова.
«Нұрбанк» төңірегінде дау өрши бастағанда, Рахат Әлиев әлі қамауға алынбаған уақытта, банктың директорлар кеңесінің жаңа төрағалығына Австриялық банкир Адольф Вала тағайындалатындығы туралы хабарланған еді. Бірақ, кейіннен «банк төңірегіндегі дау-дамай айқындалмайынша Вала қызметке кіріспейтіндігі» туралы ақпарат баспасөзде жарияланды. Банктің баспасөз хатшысы Әйгерім Байжұманованың айтуынша, Австриялық маман әлі қызметке іске кіріспепті. Сондай-ақ Байжұманова «Нұрбанктың» биылғы жылғы бірінші тоқсанда 1,2 миллиард теңге таза пайда көргенін, және ол былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда екі еседей көп екенін айтады.
Ал Standard&Poor’s агенттігінің берген рейтингтік анықтамасына келсек, «кез келген банк үшін ондай рейтинг алу өте мәртебелі» дейді экономика саласына мақала жазатын қазақстандық журналист Төлеген Асқаров.
- Мысалы, инвесторлар «Нұрбанкты», не Дариағаны, не Нұрәліні тіпті де танымауы мүмкін, ал осындай халықаралық агенттіктің берген рейтингі осы банкқа халықаралық деңгейде берген сапалық баға болып табылады. Осыған қарап инвесторлар шешім қабылдайды. Әйткенмен, шынын айтсақ, кейде рейтингтік агенттіктер де қателесіп жатады. Мысалы, 1997-98 жылдарғы Азиялық дағдарыс басталып кеткен кезде кейбір агенттіктер сол елдердің банктеріне жоғары рейтингтер беріп отырған. Олар тіпті Ресейдегі 1999 жылғы дағдарысты да қапы қалдырған. Сондықтан қазір олар өз сараптамаларына өте қатал талаппен келеді, - дейді Төлеген Асқаров.