Accessibility links

Жер және баспанаға байланысты арыз-өтінішері орындалмағанына наразы бір топ тұрғын Астана әкімі қызметінен кетсін деген талап қойды


Жеке басында тұрғын үй және жер мәселелерінің шешілмей жатқандығына наразы болған Астана қаласының бір топ тұрғыны қала әкімі Асқар Мәминнің қызметінен кетуін талап етіп, үндеу жариялады. Бұл туралы Астанада шілденің 20 күні Әділет министрлігінде тіркелген, бірнеше қоғамдық ұйым біріккен «За достойное жилье» (Қолайлы тұрғын үй үшін) кампаниясының үйлестірушілері хабарлады.

Қазақстанға Қытайдан келген оралман Қапар Ахатұлы осыдан 3 жыл бұрын Астана маңындағы Қоянды елді мекенінен Көші-қон комитеті берген жерге салған үйін заңдастыра алмай жүр. Қапар Ахатұлы бұған негізгі себеп – жемқорлық деп санайды:

- Әкімдер заңның шикілігін пайдаланып, бұдан ақша түсіріп, осы жерді сату арқылы немесе сату барысында түрлі кедергі жасау арқылы өздеріне ақша түсірудің амал-тәсіл тауып алған. Ал жерді қалай сату керектігі жөнінде кемелденген заң немесе соны бақылайтын орган болмағандықтан бұл автоматты түрде коррупцияға айналып кеткен.

Тағы бір тұрғын Ғазиза Имақова жергілікті әкімшілік өкілдері тұрғын үй және жер мәселесін шешетін кезде өздеріне жау тауып алатынын айтады:

- Тура бір басқыншы сияқты: сенің үйің емес, біреудің үйі сияқты жоғарыдан қарап, өктем сөйлеп, бірден сенің жеріңді санамалап жаза бастайды. Бұл - өте дұрыс емес.

Имақованың айтуынша, ол өзі саяжайдағы үйі күреледі деген ақпарат алған. Ал Астана әкімшілігі құрған «Квартирное бюро» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Александр Страчковтың айтуынша, күрелуге жататын саяжай иелеріне Қояндыдан жер берілген. «Бірақ тұрғындар: жоқ, маған бұл аудан ұнамайды, мен Бәйтеректің жанында тұрғым келеді деп жауап берген», дейді ол.

Ғазиза Имақова болса Астана әкімшілігінің тұрғын үй департаменті тұрғындарға күрелетін үйлердің орнына берілетін өтемақы көлемі туралы мәлімет бермей отырғанына шағым айтады:

- Тұрғын үй департаменті ақпаратты соңына шейін - ертең үй күрелгенге шейін ол жерде не тұрғызылатынын және қандай қажеттілік үшін алынып жатқандығын айтпайды. Құнға қандай бағаға өзіміздің бағдар алу керектігін айтпастан бірден шықта-шықтың астына алады. Ондай жағдайда, әрине, бұл менің жеке меншігім, мен неге шығу керекпін деген негативті ой бірден туады.

«Квартирное бюро» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Страчков күрелетін үйлердің орнына берілетін өтемақы көлемі тұрғындарыдң көңілінен шыға бермейтінін алға тартады. «Сондықтан біз жер телімдерін сатып алуды сот арқылы шешуге мәжбүрміз», дейді ол.

«За достойное жилье» кампаниясының үйлестірушісі Зәуреш Батталова департамент өкілінің мұндай жауабы көпшіліктің көңілінен шықпайтынын айтты:

- Тұрғын үй мәселесі жөнінде сауалнама жасап, мына әкімшілікке сенімсіздік білдіруді ұйымдастырамыз дегенбіз, бірақ жаңа тұрғын үй департаментінің адамын тыңдадық. Ол халыққа қарсы жұмыс істейтіндігін тура айтып отыр. Біз халықты тыңдамаймыз, біз сотқа барып, халықты шығарып тастаймыз дейді. Онда мынадай бюрократияға жақын шенеуніктерді жинаған әкім бүткіл әкімшілігімен бірге отставкаға кетсін деген талабымызды жарияладық.

Батталованың айтуынша, Астана іргесіндегі Өндіріс және Кирпичный кенттерінің шетінен заңсыз салынған 150-ден астам жер үйдің әрқайсысында бірнеше отбасы тұрады. Оларға Астана маңындағы күрелуге жататын саяжай иелері қосылған. Оның сыртында Астанадағы жатақхана иелері мен көшіріліп жатқан тұрғындар тағы бар. Бұл адамдардың барлығы Астана әкімшілігіне өздерінің тұрғын үй және жер мәселесіне қатысты берген арыз-шағымдарының әлі күнге шешілмей келе жатқанына наразы. «Квартирное бюро» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Александр Страчковтың айтуынша, қазір Астанада жер телімдерін алуға тілек білдірген адамдардан 52 мың өтініш жиналып қалған.
XS
SM
MD
LG