Accessibility links

Республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесі алдағы болатын сайлауды бақылауға екі мыңдай бақылаушы қатыстырмақ


Алдағы тамыздың 18-і күні болатын Парламент мәжілісі депутаттары мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау күні және сайлау алды жағдайды бақылау үшін тәуелсіз бақылаушылар жүйесі сайлау учаскелеріне 2 мыңдай тәуелсіз бақылаушыларды және заңгерлерден құрылған 200-дей жедел топты жасақтап қатыстыратындығын мәлімдеп отыр.

Тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің президенті Тасқын Рақымбекқызының айтуынша, тәуелсіз бақылаушылар ұйымының негізігі мақсаты - сайлау барысында сайлау заңының қалай орындалуына бақылау жасау болмақ. Сондай-ақ оның айтуынша, сайлауды бақылау үшін екі түрлі бақылаушылар тобы жасақталып жұмысқа кіріскелі отыр. Олар сайлау алдындағы қазіргі жағдайды бақылайтын мақсаттағы ұзақ мерзімді бақылаушылар және сайлау күні сайлау учаскелерінде сайлаудың қалай өтетіндігіне бақылау жасайтын қысқа мерзімді бақылаушылар болмақ дейді ол.

ТБЖ-нің президенті Т.Рақымбекқызының айтуынша, қазірдің өзінде ұзақ мерзімді бақылаушылар шілденің 9-ынан бастап Қазақстанның 9 облысында және Алматы мен Астана қалаларында сайлау алды жағдайды бақылай бастаған. Олар әр апта сайынғы сайлау алды жағдайын бақылаған өздерінің қортындыларын орталыққа жіберіп тұрады дейді ол.

Тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің бұрынғы президенті, осы ұйымды алғаш құрушылардың бірі - саясаттанушы Дос Көшім тәуелсіз бақылаушылар үшін Қазақстанда сайлауды бақылау оңай шаруа емес екенін айтады.

«Сондықтан, тәуелсіз бақылаушы болатын кімде кім елдегі қандай бір саяси партияны, не қоғамдық ұйымды, тіпті билікті де, оппозицияны да қолдамайтын бейтарап адам болуы керек және ол ешікімге бүйрегі бұрмайтындығын айтып, өз жұмысын адал атқаратындығын білдіріп ант қабылдайды», - дейді Д.Көшім.

Саясаттанушы Д.Көшімнің айтуынша, егерде алда-жалда ТБЖ сайлаудың әділ, дұрыс өтіп жатқандығы туралы мәлімдеме жасаса, онда бірден елдегі оппозицияның сынына ұшырайды, егерде сайлау заң бұзушылықтармен өтті деген мәлімдеме жасайтын болса, онда биліктің қахарына ілігеді, сондықтан бұл оңай шаруа емес дейді ол.

Алматыдағы «Альтернатива» атты қоғамдық зерттеу орталығының директоры Андрей Чеботарев ТБЖ Қазақстанда өткен соңғы сайлауларды әділ, шынайы түрде бақылағандығын айтады.

«Алайда, осы ұйымның сайлауға қатысты айтқан пікірлері мен кеңестеріне билік онша құлақ аспайды, осы жолғы сайлауда да билік өзінің алдын ала жасаған жоспарын іске асырады, оған тәуелсіз бақылаушылардың ақыл-кеңестері, олардың сайлау барысын қалай бақылағаны ешбір қажет емес» дейді талдаушы.
XS
SM
MD
LG