Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.24.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар өткен аптада ұрланып, Бішкек қаласынан табылған 6 жастағы екі кішкентай астаналықтың оқиғасын жарыса жазыпты. Газеттер сондай-ақ, Украинада аварияға ұшыраған ішінде фосфоры бар қазақстандық цистерналар туралы да жазыпты. Ал енді бір газет Ақтау қаласы басшылығының «Нұр Отаннан» өзге партиялардың сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарына кедергілер келтіріп жатқанына тоқталыпты.

Бес күн іздеуде болып, артынша Бішкек қаласынан табылған 6 жастағы екі кішкентай астаналық жайындағы оқиға «Экспресс К» газетінде баяндалыпты. «Қылмыскер Үсен Мамытов 20 жастағы Қырғызстан азаматы болып шықты. Ол Астанадағы құрылыс объектілерінің бірінде жұмыс істеген. Ауыр жұмыстан шаршаған ол, шамасы, жедел баюдың оңай жолына таптым десе керек. Қылмыскердің сөзіне сенсек, жоспарланған жеріне ол кәдімгі рейстік автобуспен жеткен. Бұл - өте қызық. Қазақстандық және қырғызстандық шегарашылар шошынған балаларды алып өтпек болған, оларға құжаты болмаған еркекті уысынан қалайша жіберіп алды? Шегараны басып өтпес бұрын кәмелетке толмаған балаларға міндетті түрде куәліктің толтырылатындығы белгілі. Бұл мәселе әлі ашық күйінде қалып отыр» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Осы оқиғаға «Литер» газеті де тоқталыпты. «Күдіктінің айтуынша, ол балаларды автобуспен Қырғызстанға алдап алып кеткен. Балаларға келсек, олар кеше кешкісін өздерінің әке-шешелеріне аман-есен жеткізілді. Олардың психикалық және физикалық жағдайлары қанағаттанарлық деп бағалануда. Соңғы он жылда мұндай оқиғаның Астанада бірінші рет болып отырғанын айта кеткен жөн. Қарыштап өсіп келе жатқан Астанада бүгінге дейін «киднеппинг» сөзі естілген емес. Осыдан кейін қала және республика басшыларының әрекеті қалай болары белгісіз. Жұмыссыз жүрген қырғызстандық іні-қарындастарға адамгершілікпен қарау енді, шамасы, тоқтайтын шығар» деп жазды «Литер» газеті.

Ал «Екінші Чернобыль үшін кім жауапты?» деген мақалада «Мегаполис» газеті Украинаның Львов облысында апатқа ұшыраған қазақстандық фосфор тиелген цистерналар жайындағы оқиғаға байланысты тәуелсіз сарапшы-экономист, осы саланың маманы Валерий Марковтың сұхбатында келтіріпті. «Шегараны басып өтпес бұрын сары фосфоры бар цистерналар жақсылап тексеріліп, барлық нормалар сақталынғасын барып қана олардың ары қарай жүруіне рұқсат беріледі. Сондықтан апат цистерналардың ақауынан болды деп тұжырым жасау – украиндықтардың жауапкершіліктен қашуы деп білуіміз керек. Апаттың себептерін анықтау жөніндегі комиссияға украиндықтардың қазақстандықтарды қоспауы, мүмкін, осыдан шығар» дейді Валерий Марков газетке берген сұхбатында.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Украинаның ресми органдары алдын-ала тексерулер бойынша апат цистерналардың ақауынан болды деп, оған Қазақстан жағын кінәлаған болатын.

Ақтау қаласындағы сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары заңдылығының бұзылып жатқанына «Жас Алаш» газеті мән беріпті. «Бұл жолғы сайлау науқанының да бұрынғы науқандардан айырмашылығы аз болатын түрі бар. Маңғыстау облысындағы жағдаймен таныса келе осындай тұжырымға келдік. Үгіт-насихатқа рұқсат берілген күннен бастап жер-жерлерде «Нұр Отан» партиясының жарнамалары қаптап кеткен. Қалған алты партияның материалдары көзге шалынбайды. Бір қызығы, қала көшелеріне үлкен жарнама тақтайшалары орнатылған, бірақ олар әзірге бос тұр» деп жазды «Жас Алаш» газеті.

«Казахстанская правда» газетінде сайлаушылардың сайлау алдындағы тізімін анықтаудың маңыздылығы жайындағы мақала жарық көріпті. «Тізімді жасау кезінде көптеген кемшіліктер кетіп жатады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметтерінше, 2007 жылдың 1 шілдесіне дейін Қазақстанда екі мыңдай дублер, яғни бір сайлау учаскесіне екі рет жазылып кеткендер анықталған. Орта есеппен сайлаушылардың 5 пайыздайы құжат дерекқорымен «жанжалдасқан». Өзге елдерде, мысалы, Израильде адамдарды тіркеу сайлауға келген кезде ғана жүзеге асырылады. Ал біздің жүйеміз азаматтар үшін күрделі және талапшыл, алайда сайлаушылардың тізімі одан нақтыланып жатқан жоқ» деп жазды «Казахстанская правда» газеті.
XS
SM
MD
LG