Accessibility links

«Ақ жол» партиясы сайлау науқаны кезінде өзіне қарсы лас технология қолданылып жатқанын мәлімдеді


Сейсенбі күні, Алматыда БАҚ өкілдері мен журналистер алдында, «Ақ жол» саяси партиясының сайлау алды штабының жетекшісі Бөріхан Нұрмұхамедов соңғы күндері қазақстандық бірқатар ақпарат құралдарында «Ақ жол» партиясына қарсы мақала, материалдардың жарық көріп жатқандығын мәлімдеді.

«Бұл іс-әрекетті біздің партия алдағы сайлауда сайлаушылардың ең көп дауысын алып қоя ма деп қауіптенген билік пен радикалды оппозицияның бізге қарсы жасап жатқан лас технологиясы деп түсіну керек. Осы арқылы олар сайлауалды этиканы ғана емес, республика заңдарын да ашықтан ашық бұзып отыр. Бұл қарсыластарымыздың сайлау қарсаңында ашық әрі әділ күрестен гөрі лас саяси технологияны пайдаланғанды тиімді санайтындықтарының тағы бір дәлелі», - деді «Ақ жол» саяси партиясының сайлау алды штабының жетекшісі.

«Ақ жол» партиясына қарсы жүріп жатқан лас технологияның бір мысалы ретінде Б.Нұрмұхамедов «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есергеповтың дәл сайлау алды науқан басталысымен «Ақ жол» партиясы және оның төрағасы Әлихан Бәйменовті сотқа беріп отырғанын келтірді.

«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есергепов өзінің сотқа берген арызында Ә.Бәйменов 2005-ші жылы наурыз айында, яғни елдегі президент сайлауы алдында «Алма-Ата инфо» газетін партия газеті болдырғысы келетін ойы болғандықтан осы газеттің меншік иесі болып табылатын өзімен бір ауызша келісім жасағанын айтыпты.

«Сол жолы Ә.Бәйменов президентіктен үміткер болып сайлауға түскендіктен газет бетінде оны мақтаған көптеген көлемді мақалалар жарық көрді, алайда, президент сайлауы аяқталған соң Ә.Бәйменов өзінің газетті сатып алатындығы жөніндегі бұрынғы келісімін орындамады, сондықтан бұл жағдай газет пен газеттің меншік иесі болып табылатын «Жұлдыз» ЖШС-іне көп көлемде шығын әкелді, оның мөлшері 24 миллион 788 мың теңгені құрайды» депті Р.Есергепов сотқа берген арызында.

«Ақ жол» партиясының сайлау алды штабының жетекшісі Б.Нұрмұхамедов сейсенбі күні журналистер қауымына «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Р.Есергеповтың өз қолымен 2006 жылы ақпан айының 1-і күні жазып берген қолхатын көрсетті. Онда Р.Есергепов өзінің «Ақ жол» партиясына және оның басшыларына ешқандай талабы жоқ екендігі жазылған.

«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Р.Есергепов сейсенбі күні радиомызға берген сұқбатында бұл құжаттың заңсыз екендігін, оның заңсыз жолмен алынғандығын айтты. Барлық мәселені енді сот шешуі тиісті, соны көреміз деді ол.
XS
SM
MD
LG