Accessibility links

Қазақстан үкіметінің басшысы К.Мәсімов «Eni» мұнай консорциумымен арадағы келісімнің қайта қаралуы мүмкін екендігін мәлімдеді


Қазақстан үкіметінің басшысы К.Мәсімов дүйсенбі күні үкімет отырысында Қашаған кенішінен мұнай шығаруды өз мойнына алған шетелдік консорциумға «егер контрактіде көрсетілген мерзімді өзгерткісі келсе, онда Қазақстан үкіметі бұны келісімнің өзгеруі деп қабыл алады» деп ескертті.

Бұдан бұрын Қазақстанның энергетика және минералдық ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұқамедов «Eni» консорциумының министрлікке арнайы ресми хат жолдап, онда Қашаған мұнай кенішнен мұнай өндіруді контрактіде көрсетілген 2008-ші жылы емес, 2010-шы жылдан бастайтындығын хабарлағанын жеткізген болатын.

Ал шілденің 30-күнгі үкімет отырысында министр Б.Ізмұқамедов «Eni» консорциумының Қашаған мұнай жобасына қатысты соңғы уәдесі барлығын айтты. «Eni» мұнай өндіруді 2008-ші жылдың екінші жартысынан емес, 2010-ші жылдың екінші жартысынан бастаймыз деп отыр, - деді министр.

Сонымен бірге шетел консорциумы мұнай шығаруды кейінге қалдыруға байланысты шығынның да 57 миллиардтан 136 миллиард долларға өсетіндігін айтқан.

Қазақстандағы бейүкіметтік «Тәуекелдікті бағалау» тобының жетекшісі Досым Сатпаев «Eni» компаниясына үкіметтің бұл шүйлігуінің қазір емес, бұдан сәл ертерек басталғанын айтады.

«Бұған дейін «Eni» мұнай шығаруға байланысты үкіметпен жасасқан контрактіде көрсетілген мерзімді бірнеше рет өзгертті. Бұл алдағы жылдары әлемдік базарға шығаратын мұнай көлемін арттыруды аңсап отырған үкіметтің шамына тиіп отыр», - дейді Д.Сатпаев.

Саясаттанушының айтуынша, Қазақстан үкіметі 2010-2015 жылдары жылына мұнай өндіруді 115 миллион тоннаға жеткізу жөнінде ірі жоспар жасап жариялағанымен, бұл жоспарды орындай алары екіталай.

«Сондықтан соңғы кезде бұл туралы азайтып айтатын болып жүр. Бар мәселе осы шетелдік мұнай компанияларына, соның ішінде Қашаған бойынша негізгі мұнай өндіруші оператор болып табылатын «Eni»-дің жайбасарлығына байланысты болып тұр». - дейді ол.

Экономист-ғалым Қанат Берентаев Қазақстан қазір де сырт елдерге едәуір көлемде мұнай шығарып отырғанын айтады.

«Қазақстан жылына 60 миллион тонна мұнай өндіріп, көбін шетелге сатып отыр. Ал қазір әлемдік базарда мұнай бағасының жоғары болуынан Қазақстан қоржынына қыруар қаржы құйылуда. Алайда, мұнай сатудан түскен осы қаржыны Қазақстан үкіметі дұрыс жұмсай алмай отырғанда мұнай өндіру көлемін арттырудың қандай қажеттілігі бар?» деген пікір айтады экономист.

Ал саясаткер Әміржан Қосанов Қазақстан әлемде стратегиялық аса маңызды шикізат болып саналатын мұнайды көбірек өндіріп, оны экспортқа шығарып сатуға аса қызықпауы керек деп есептейді.

«Жалпы, мұнай саласында жұмыс істейтін шетелдік компаниялар мен үкімет арасындағы контрактілерді, олардың орындалуы барысын тек үкімет ғана бақыламай, оны халық сайлаған парламент құзырына да беру керек», - дейді Ә.Қосанов.
XS
SM
MD
LG