Accessibility links

Тәжікстан мен Өзбекстанда күнделікті тұтыну заттарының бағасы қымбаттап барады


Күнделікті тұрмысқа қажетті заттардың бағасы Тәжікстан мен Өзбекстанда қатты көтеріліп барады. Бұған орай қарапайым халық алаңдаушылық білдіруде. Бір ай бойы бел шешпестен еткен еңбегіңнің жалақысы бар болғаны базардан бір қап ұн алуға жетеді дегенді елестетудің өзі оңай емес. Өкінішке орай, Тәжікстан мен Өзбекстанның талай тұрғындары үшін бұл жағдай шындыққа айналып отыр.

“Мен зейнетақыма 20 сомони аламын. Алайда 50 килограмдық бір қап ұнның бағасы - 72 сомони. Отбасымда 16 мүше бар. Енді мен шарасыз күйде қалып отырмын. Не істерімді білмеймін. Олар бар нәрсенің бағасын көтере берсін. Алайда нанға тиіспеуі керек еді ғой!? Біз ет жесек деп аңсамаймыз да. Ал бірақ нансыз қалай күн көрмекпіз? - деді «Азаттық» радиосының Тәжік редакциясына берген сұхбатында Душанбенің бір тұрғыны.

Тәжікстандағы орташа айлық 90-100 сомони, яғни 30 доллар көлемінде. Әрине, ол тұрғындар сонымен бірге отын-су, тағы да басқа тұрмыстық қызметке төлеуі тиіс қой. Бұл елдегі бағаның осыншалықты шарықтауы себебін түсіндіру қиын. Дей тұрғанмен Ұлттық банк басшысы Муродалы Алимардонов бұл құбылысты әлемдік деңгейдегі экспорт және импорт қозғалыстарымен түсіндіруге тырысуда.

“Мұның өзі елдің агро-өнеркәсібі мен жерге байланысты структуралық реформасын жүсеге асырудың жалғасуына байланысты болып отыр”, - деді банкир.

Тәжікстанның Экономика және Даму министрлігінің өкілі Расулжан Ғафури бұны «базар бағасы» дейді.

«Дей тұрғанмен оны ретке келтіретін механизм болуы тиіс. Және ел үкіметі ол механизімді қолдануы керек», - деді Ғафури.

Өзбекстан тұрғындары да осындай проблемаға кезігіп отыр. Таяуда Өзбек үкіметі айлықты көтерді де, іле-шала өмірге қажетті заттардың бағасын шарықтатып жіберді. Азаматтардың айтуынша, бұдан гөрі үкіметтің айлықты көтермей-ақ қойғаны дұрыс болар еді.

«Себебі, айлық көлемін сәл көтерген болады да, артынша азық-түлік бағасы одан әлденеше есеге көтеріліп кетеді», - дейді Сыр-Дария аймағының тұрғыны Рисолат деген келіншек.

Өткен аптада Қазақстан елі биылғы жылғы астық жинау барысында 17-18 млн тонна астық алынады деп хабарлады. Мұның өзі ел тұрғындарына қажетті көлемінен екі есе көп екен.

Тәжік ресмилерінің айтуынша, астық жиналып болғаннан кейін жағдай біршама жақсармақшы-мыс. Олардың айтуынша, биыл елде бір миллион тоннадай астық жиналмақшы. Ал Тәжік агро-өнеркәсіптік сектордың айтуынша, ол көрсеткіштің үштен екісі жиналса да игі болар еді. Бұған дейін нан және басқа да тамақтар бағасы өскен Ресейдің ресмилері алдағы уақытта нан бағасы төмендейді деп хабарлады. Мұндай хабарды Тәжік және Өзбек халқы қызу қолдауы мүмкін, дейді мақала ауторы Брюс Паннер.
XS
SM
MD
LG