Accessibility links

АҚШ соты өмірлік жазаға кескен қазақстандық әйелдің ісі қайта қаралады


2005 жылы АҚШ-та адам өліміне қатысы бар деген айыппен, өмірлік мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілген Қазақстан азаматшасы Әсел Әбдіғапарованың ісі сотта қайта қаралатын болды. АҚШ-дағы Техас штатының соты Әбдіғапарова мен оның жақтаушысының шағымын ескеріп, алғашқы сот барысында процессуалдық қателіктер жіберілген деп тауып, Әселдің сот ісін қайта қарау керек деп шешті. АҚШ-та оқып жүрген Әсел Әбдіғапарова сонда азаматтық некеге тұрған күйеуі мен оның жолдасының итермелеуімен адам өліміне қатысы бар болғаны үшін сотталған болатын.

Бұл оқиға 2001 жылы 31 наурызда АҚШ-тың Техас штатында болған еді. Сол күні Сан-Антонио қаласында оқып жүрген Қазақстан азаматшасы Әсел Әбдіғапарова өзі азаматтық тұрмыс құрып жатқан Рамон Эрнандез және оның жолдасы Сантос Минарезбен бірге автокөлікпен кетіп бара жатады. Сол кезде екінші нәрестеге бес айлық жүкті боп жүрген Әселдің айтуынша, ол артқы орындықта ұйықтап келе жатыпты. Кенет машина кілт тоқтап, Сантос Минарез аялдамада тұрған 37 жастағы Роза Росада деген азаматшаны күштеп машинаға отырғызып алады. Жас әйелді сол машинада тонайды да, оны жол бойындағы мотельге әкеліп, тонап алған ақшаға алынған номерде әлгі әйелді зорлап, артынан тұншықтырып өлтіреді. Қылмыстың ізін жасырмақ болғандар мәйітті жол бойындағы айдалаға көмеді.

Бұл іс бойынша өткен сот Әселдің осы үлкен қылмысқа қатысы бар деп тапты. Әселдің өзі де Сантос Минарездің бұйрығымен жапа шегушінің әмиянынан ақшаны алғанын, сол ақшаға мотельді жалдағанын және азаматтық күйеуінің бұйрығымен жол бойындағы дүкендердің бірінен мәйітті көмуге күрек сатып алғанын жоққа шығармайды. Бірақ ол бұл әрекеттерге серіктерінен қорыққандығынан барғанын, тіпті «күрек» деген сөздің ағылшынша баламасын түсінбей, дүкеншіден сұрағанын айтады. Осы оқиғадан соң Әсел мән-жайдың бәрін Алматыдағы анасына телефон арқылы хабарлайды. Анасы оған тез арада полицияға барып, хабарласуы керектігін айтады. Содан арада 5 күннен соң Әсел Федералдық тергеу бюросының отставкадағы маманы Брюс Геттиге барлық оқиға жайлы айтып береді. Ол Әселді полиция офицерлерімен ұшырастырады. Сөйтіп, полиция тікелей Әселдің арқасында, әлгі болған қылмысты ашып, қылмыскерлер сот үкімімен өлім жазасына кесілді. Бірақ Әсел америкалық сот жүйесінің қыр-сырын білмегендіктен, өз еркімен айтып, полицияға көмектескені үшін сот ісінде куәгер мәртебесін беруді өтінбейді. Сондықтан, арада бірнеше ай өткенде оның өзі қамауға алынып, 2001 жылы қыркүйекте оған «адам ұрлау мен өлтіруге қатысы бар» деген айып тағылып, бірнеше жылға созылған тергеуден соң 2005 жылы Сан-Антонио соты оны өмірлік мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бірақ, Әсел мен оның жақтаушысының табандылығы арқасында, Техас штатының соты биылғы жылғы 25-шілде күні «бірінші деңгейдегі сот барысында Әселдің құқықтары сот және прокурор тараптарынан өрескел бұзылғандығы себепті, бұл іс басқа сотта қайта қаралсын» деген үкім шығарды.

Әселдің жақтаушысы Керолайн Уентланд 28-шілде күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында ендігі сот әділ болады деген үмітін жеткізді.

«Әсел дәл қазір түрмеде емес, дегенмен ол кепілдік қойып шығуға мүмкіншілік алатын болады. Ісі толық шешіліп болғанша, иммиграциялық мәртебесіне орай ол, бәлкім, бақылау астында қалады, бұған біраз уақыт кетуі мүмкін. Бұл өте-мөте үлкен табыс, себебі, бұл жақтағы соттар мұндайды әдетте ешқашан жасамайды, бұл өте сирек оқиға. Негізін айтқанда, аппеляциялық сот Әселдің алғашқы соты соншама әділетсіз болған, сот төрешісі соншалықты әділетсіз болған деп тапты. Сондықтан, Әсел айыпты деген қаулыны олар жоюға мәжбүр болды, себебі оның соты қатты бұрмаланған болып шықты», - деді адвокат К.Уентланд.

Алғашқы сот барысында процессуалдық нормалардың бұзылғаны туралы қысқаша айтсақ, мысалы, Әселге сот барысында кәсіби тәржімашының қызметіне рұқсат бермеген. Прокурордың: «Әсел күнделікті ауыз-екі сөйлесуді жақсы түсінеді, ал тәржімашыға кететін ақы салық төлеушілерге жүк болады, сондықтан ондай қызмет көрсетілмесін» деген талабы бойынша, Әсел сотта тәржімашысыз қалады. Ал дәл сол кезде жергілікті бюджеттен ақысы төленген тәржімашы сот ісі жүріп жатқан ғимараттың жанындағы қонақ үйде «мені қашан сотқа шақырар екен» деп күтіп жатыпты. Сот ісінің хаттамасында «прокурордың не судьяның күрделі сөйлеммен қойған кейбір сауалдарына Әселдің жауаптары бұлыңғыр, түсініксіз екені» байқалады. Немесе, екінші бір жағдай – сот барысында прокурор мен судья өзара хат алмасып, пікір алмасып отырған. «Демек, сот төрағасы бейтараптық принципті сақтамаған» деген қортынды жасаған аппеляциялық сот судьясы осы істі жаңа сотта қаралсын деген шешім шығарды дейді Әселдің жақтаушысы Керолайн Уентланд.

«Ендігі қадам – оның ісі жаңа төрешіге жолданады, жаңа сот болады, басқа төреші болады. Барлық іс қайтадан қаралады. Оның құқықтары сол төрешінің және прокурордың себебінен қатты бұрмаланғаны анықталды. Ендігі қадам сол – мүлдем жаңа сот құрамы болады. Әсел қазір айыпсыз деп танылып отыр. Тағы да зейін қоямын, оның айыптауы толық жойылды, оның кінәсі дәлелденбейінше ол заң алдында таза деп есептеледі. Әсел өзінің ең алғашқы қалпына оралды», - - деді адвокат К.Уентланд.

Алда қайтадан жаңа сот ісі басталмақ. Бірақ оның қай кезде болатыны әзір белгісіз. Оны жақтаушылар да білмейді. Қазір Техас штатында Әселдің анасы және оның екі ұлы жүр. Әсел олардың кішісін түрмеде босанды. Оның жасы қазір алтыға толып қалды.
XS
SM
MD
LG