Accessibility links

Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзірбайжан және Монғолия азаматтары Түркияға енді визасыз бара алады


Түркия бір қатар мемлекеттің азаматтарына 30 күнге дейін визасыз келуге рұқсат етті. Атап айтқанда, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзірбайжан және Монғолия азаматтарына Түркияға 30 күнге дейін бару үшін туристік визаны енді алу қажет емес. Қазақстан азаматтары Түркияға онсызда визасыз барады. Түркия үкіметі еңгізіп отырған визалық жеңілдіктің әсері қандай болмақ?

Түркия бұл шараны бір жақты жасап отыр. Жаңа тәртіп бірінші тамыздан күшіне кіреді. Түркия сыртқы істер министрлігінің өкілі Мехмет Гүнай дүйсенбі күні радиомызға берген сипаттамасында былай деді:

- Министрлер кабинетінің қаулысы "Ресми газетте" жарияланды, күшіне кірді. Қаулыға сай Әзірбайжан, Монғолия, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан паспорттарына ие азаматтар 30 күн мерзімге дейін келсе виза алудың қажеті жоқ. Олар Түркияға визасыз кіре алады.

Қазақстан азаматтары Түркияға онсыз да визасыз келеді. Қырғызстан мен Грузия азаматтарында да визалық жеңілдік бар. Түркия, сол сияқты, Сауыд Арабия мен Кувейтпен арада визасыз тәртіп орнатқан. Енді міне тағы төрт бұрынғы совет республикасының азаматтарына да виза жеңілдігі беріліп отыр.

Түркия Қазақстан тәуелсіздігін ең алғашқы болып мойындағаны аян. Орталық Азияның басқа мемлекеттері мен Әзірбайжан 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізгенде оларды да ең бірінші болып Түркия құттықтаған. Түркия сыртқы істер министрі Абдұлла Гүл Стамбулда шығатын "Заман" газетіне берген сұхбатында еліміз барлық түркілер мен мұсылмандардың екінші үйіне айналу керек деді. Енді міне бас министр Режеп Тайып Ердоған басқаратын "Әділет және өркендеу" билеуші партиясы шілденің 22-де парламенттік сайлауда жеңіске жетті, билеуші партияның өкілі Абдұлла Гүл уәде еткен визалық жеңілдік жүзеге асып жатыр.

Түркия үкіметінің шешімін Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзірбайжан және Монғолия құп қабылдап жатқан сияқты. Баку қаласында бизнес жасайтын "Ақгүл" түркиялық компанияның бастығы Кенан Сағлықлы былай дейді:

- Осында келгісі келетін түркиялық кәсіпкерлер көптеген қиындыққа тап болады. Виза тәртібінің жойылуы Түркияның да, Әзірбайжаннның да кәсіпкерлеріне кең мүмкіндік ашып отыр. Бұл үлкен өзгеріс. Әзірбайжан үкіметі де осындай шешім қабылдаса бұдан да жақсы болар еді.

Түркия Орталық Азия елдеріне инвестиция әкелеміз деп 1991 жылдан кейін көп талпыныс жасаған. Алайда, Қазақстан мен арадағы бір қатар экономикалық жоба іске аспай қалды, мұның бір себебі – Түркияда 1990 жылдары экономикалық дағдарыс болды, Түркияның өзі инвестицияларға мұқтаж болды. Дегенмен, Түркия Орталық Азияда түрлі оқу орындарын ашты, Орталық Азия жастарын өз университеттерінде көп оқытты. Орталық Азия мен Әзірбайжанның қуатты адамдары да Түркияға барып, демалғанды жөн көреді.

Орталық Азия мен Тұркияның арасындағы қатынасты бұрмалағандар да табылып жатыр, Түркияға Орталық Азиядан заңсыз мигранттар мен жезөкшелер барады, олар басқа елдерге Түркия арқылы да шығады. Жалпы, Совет Одағы құлаған соң Түркия Ресей ықпалын тежеп, Орталық Азия елдеріне сөзін жүргізетін болады, пантүркізм ұлғаяды деген үрей көп болды. Дегенмен, мәселе басқаша шешілді, бара-бара Түркия мен Қазақстан сияқты бұрынғы совет елдерінің қатынастары прагматикалық жолға түсті. Түркия міне бір қатар мемлекетке қатысты виза тәртібін өз жағынан, бір жақты жойып отыр. Түркияның гегемониялық талпыныстары болуы мүмкін деген алаңдаушылық қайта шығуы мүмкін. Бакуде орналасқан "Экономикалық зерттеулер орталығының" директоры Құбат Ибадоғлы Түркия түркітілдес елдердің көшбасшысы болғысы келеді, үстемдік орнатқысы келеді, сауда қатыныстарында әріптестігін ұлғайтпақ, виза тәртібін жою осы саясаттың бірінші қадамы дейді "Азаттық" радиосына берген сұхбатында.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG