Accessibility links

Қазақстанда жаңа мемлекеттік шенеунік - жауапты хатшы қызметі енгізілді


2 тамызда Қазақстан президентінің жарлығымен биліктің орталық атқарушы органдарында ауыспайтын жауапты хатшы қызметі жаңадан енгізілді. Биліктегілер мұны демократия құндылықтарын дамытуға септігін тигізеді деп отыр. Ал тәуелсіз сарапшылар бұл қызмет атқарушы органдағы бюрократтықтың онан сайын ушығуына соғуы мүмкін дейді.

Қазақстан президентінің жарлығында жазылғандай, «Үкімет туралы» конституциялық заң баптарына сәйкес және әкімшілік реформаны жалғастыру мақсатында елде орталық атқарушы орган аппаратын басқаратын қызмет жаңадан енгізілді. Қазақстанның ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жарыққа шыққан бұл құжатта айтылғандай, жауапты хатшы ерекше мәртебесі бар саяси мемлекеттік қызметкер болып есептеледі.

Астанадағы Еуразиялық Ұлттық университетінің ұстазы саясаттанушы Рабиға Байымбетованың айтуынша, жауапты хатшы енгізу тәжірибесін Қазақстан Батыс елдерінен алып отыр.

«Оларда бұл қызмет бір ғасыр бұрын қабылданған. Бұның тиімділігі - қадағалау функциялары болады, жобаларды ілгерілету болады. Жауапты хатшы біздегідей ағымдағы жұмыстармен емес, болашақ істермен айналысады», - дейді саясаттанушы.

Байымбетова жауапты хатшы қызметін енгізудің пайдалы жағы - енді жұмыста ашықтық болады деген сенімін айтады.

«Яғни, жауапты хатшыдан қорқатын болады. Бізде жемқорлық бар ғой, бұл да соған қарсы тетік болады», - дейді саясаттанушы.

Бірақ, саясаттанушы Байымбетова жауапты хатшының Қазақстан жағдайында кемшін тұстары да болуы мүмкін екенін ескертеді. Ол жергілікті адамдардың менталитетіне байланысты болмақ.

«Біз жауапкершіліктен қашып, аймақтық билікпен емес, республикалық деңгейден тағайындалған басекеге қарап, ұсыныс айтудан қалуымыз мүмкін», - дейді ол.

Алайда, бәрібір жауапты хатшының қызметінің тиімді жақтары басым, дейді саясаттанушы.

Астанадағы адам құқықтары жөніндегі қоғамдық бірлестіктің төрағасы Тимур Кулиев болса жауапты хатшының пайдасынан кесірі көбірек бола ма деген күмәнін жасырмайды.

«Дамыған елдердің тәжірибесінде бар деп, нақты заң баптарын айтпау - биліктің ескі әдеті. Енді бізде «бір қазанда екі қошқардың басы» болғалы тұр. Соның салдарынан, онсыз да сапасы көңіл көншітпейтін басқару жұмыстарының қыры кете ме деп қауіп бар», - дейді адам құқығын қорғаушы.

Кулиев әзірге құзыреті бекітілмеген жауапты хатшыны қызметке тағайындау немесе алу тек бір адамға – ел президентінің құзырында болуын құптамайды.

«Ең басты қауіп - оның ауыспайтындығында жатыр. Мысалы, министр әрдайым ауысып отырып, жауап беретін болады. Ал жауапты хатшы болса бұрынғы Ресейдегідей болуы мүмкін. Ресейде ол императордың жеке ақпарат жеткізушісі болатын», - дейді сарапшы.

Қазақстан президентінің жарлығында жазылғандай, жауапты хатшыны премьердің келісімімен ел президенті өз шешімімен қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Жауапты хатшы министрдің бірінші орынбасары қызметімен пара-пар болғанымен, үкімет құрамына кірмейді деп жазылған. Президенттің жарлығына сәйкес, жауапты хатшы президентке, премьерге және орталық атқарушы орган жетекшісіне бағынады. Бірақ, егер үкімет немесе министрлік, агенттік немесе әкімшілік жетекшісі қызметтен кетсе де, жауапты хатшы өз міндетін атқара береді.

Бұған дейін президент Назарбаев елдегі атқарушы билік жүйесінде осы қызметті енгізу керек деген ұсынысын айтқанда, министрлер мен әкімдер қызметін өзгерткен жағдайда жауапты хатшы ауыспайтын болады деген болатын.
XS
SM
MD
LG