Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.04.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі қазақстандық бір топ азамат бұрынғы елші Рахат Әлиевпен кездесу үшін Австрияға барғалы жатқандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, бірқатар газеттер іс-түссіз кеткен бұрынғы тележурналист Анастасия Новикованың қызы қайда деген сұраққа жауап іздесе, тағы бір басылымдар мұнай бағасы көтерілгендігіне тоқталып өтіпті.

«Нұрбанктің» іс-түссіз жоғалып кеткен бұрынғы менеджері Жолдас Темірәлиевтің зайыбы Армангүл Қапашева бұрынғы елші Рахат Әлиевтің Қазақстанға экстрадициялануын тездету үшін Австрияға жүргелі жатқандығы туралы «Время» газетінде жарық көріпті. «Австрия билігіне тікелей шығу үшін келесі аптада Вена қаласына аттанғалы жатқандығы туралы Армангүл Қапашеваның өзі тамыздың 3-күні Алматыда баспасөз мәслихатында мәлімдеді» делінген мақалада. «Армангүлдің айтуынша, осындай қадамға жоғалған азаматтарды іздестіру жұмысында ілгеріліктің жоқтығы түрткі болған. Бірінші кезекте, Армангүл Қапашева Вена қаласында Рахат Әлиевтің және оның көмекшісі Вадим Кошлякпен кездесуді жоспарлап отыр» деп жазды «Время» газеті.

Сонымен қатар, аталған басылым іс-түссіз жоғалып кеткен бұрынғы тележүргізуші Анастасия Новикованың қызы Луизаны іздестіріп жатқандығы туралы жазыпты. «Редакцияға Анастасияның қызы Алматы облысында Рахат Әлиевтің туысқаны Дәметкен Естенованың үйінде тұрып жатыр деген ақпарат түсті» делінген мақалада. «Осыған орай «Время» газетінің тілшісі Дилярам Аркин аталған облыстағы Шалқар ауылына аттанды. Көрсетілген мекен-жайда шын мәнінде Естеновтердың отбасы тұрады екен. Алайда біз барған кезде олар үйінде жоқ болып шықты» деп жазды «Время» газеті. «Көршілердің айтуынша, бұл отбасы осыдан бір жеті бұрын, ешкіммен қоштасып жатпастан, көшіп кеткен. Сондай-ақ, олар Естеновердің отбасында Луиза есімді қыз тұратындығын, оны кейде Томирис деп те атайтындығын айтты. Анастасия Новикова өзінің қызын бастапқыда Томирис деп атағысы келген еді» деп жазды «Время» газеті.

«Литер» газеті болса түрік аэробусының Алматы әуежайында апатқа ұшырау себептерін анықтаумен айналысқан арнайы комиссия жұмысын аяқтағандығына тоқталып өтіпті. «Комиссия ұшақтан шыққан өртке экипаждың сауатсыз әрекеттері түрткі болған деген тұжырым жасады» делінген мақалада. «Сонымен қатар, лайнердің құтқару жүйесі де дұрыс жұмыс істемеген. Төтенше оқиғаға екі түрік компаниясының қатысы бар. Соның біреусіне Қазақстанда қызмет етуге тиым салынды. Ал екіншісіне қатаң шара қолданылатын болып шешілді. Сондай-ақ, Қазақстанның азаматтық авиация комитеті Түркия билігіне тиісті дипломатиялық хат дайындап жатыр» деп түйіндейді «Литер» газеті.

«Экспресс К» газеті әлемдік нарықта мұнай бағасы тағы қымбаттағандығына тоқталып өтіпті. «Шілденің айының соңғы күні қара алтынның әлемдік бағасы өте қатты көтерілді» делінген мақалада. «Сарапшылардың пікірінше, бағаның қымбаттауына Ирак, Иран және Венесуэла елдеріндегі жағдай емес, шикізаттың нарықтағы тапшылығына қатысты әртүрлі сипаттағы үрейлер әсер еткен. Мәселен, АҚШ-тағы мұнай қоры соңғы бір аптаның ішінде 6 жарым миллион баррелге кеміген. Сондай-ақ, мамандар қара алтын баррелінің құны жыл аяғына дейін 100 долларға жетуі мүмкін екендігін жоққа шығармайды» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Бұл уақытта «Литер» газеті мұнай мен астықты сыртқа шығарып отырған Қазақстанда аталған тауарлар неге қымбат деген сұраққа жауап іздепті. «Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының бірінші хатшысы Владислав Косаревтің пікірінше, оны ретке келтіру үшін ішкі нарықтағы баға саясатына араласу жеткілікті. Ал «Нұр Отан» партиясының өкілі Владимир Нехорошевтің айтуынша, қазіргі күнге дейін монополияға қарсы органдардың жұмысы дұрыс ұйымдастырылмаған. Қазақстанның патриотар партиясының өкілі Мэлс Елеусізовтің пікірінше, Қазақстанда жөні дұрыс парламент болғанда ғана монополияға қарсы агенттікті өз орнына қоюға болады» деп жазды «Литер» газеті.
XS
SM
MD
LG