Accessibility links

Оппозициялық партия сайлау науқаны кезінде өз құқығының шектеліп отырғанын айтады


Сейсенбі күні Алматыда оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия басшылары осы жолғы парламенттік сайлауға үгіт-насихаттың бір көзі боп табылатын «теледебат саны мен уақыты өткен сайлаулардағыдан 7 есе азайып кеткендігін, теледебат болатындығы туралы тым кеш жарияланғанын Орталық сайлау комиссиясының қатесі» деп мәлімдеді. Бірақ Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен оппозицияның бұл айтқандарымен келіспейді. «Мақсат - теледебаттың сайлау науқаны кезінде өткізілгендігінде» дейді ол.

Кеше ғана Орталық сайлау комиссиясы Қазақстанда алдағы 18 тамызда өтетін парламенттік сайлау науқаны бірқалыпты түрде, айтарлықтай заң бұзушылық орын алмай, объективті түрде өтіп жатыр деп мәлімдеп еді. Алайда оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия басшылары Орталық сайлау комиссиясының бұл мәлімдемесімен келіспей отыр.

- Орталық сайлау комиссиясының сайлау науқаны барысы туралы жариялап жатқан мәліметтері шындыққа жанаспайды деп мәлімдегіміз келеді. Олар көп ахуалды партиялардың өздерінің белсенділігіне байланысты деп түсіндіреді. Ал біздің партиямыздың белсенділігі «Нұр Отан» партиясының белсенділігінен де артық, бірақ телеэкрандарда көрсетілген сюжет саны мен оған кеткен уақыт мөлшеріне қарасаңыз «Нұр Отан» екі есе көп дәріптеліп отырғанын көресіздер. Екінші мәселе, 2004 жылғы парламенттік сайлау науқаны кезінде 7 рет бір жарым сағаттан теледебат өткен болатын. Және оның өтетіні туралы сайлау науқаны басталмай тұрып жарияланған, ал бұл жолы кеше ғана Орталық сайлау комиссиясы теледебат бір рет қана, бір жарым сағат уақытқа, кешкі сағат 6-да болатындығын жариялады. Бұл ел әлі жұмыстан келмейтін уақыт. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясының бұл әрекеті дұрыс емес деп есептейміз, - дейді оппозиция көсемдерінің бірі Болат Әбілов.

Ал ның партиялас серігі Әміржан Қосанов шалғай аймақтардағы аудандарда жергілікті аудандық газеттердің барлығы дерлік тек «Нұр Отан» партиясын мадақтап отырғанын айтады:

- «Өскен өңір» - Шиелі ауданының қоғамдық саяси газеті, тек «Нұр Отанды» тықпыштайды. Мысалы, «Сайлау сындарлы міндет» деген мақаласында «Ауыл әкімдері мен ел ағалары ел ішіндегі ынтымақ берекені ұйымдастыруға ұйтқы болуды және Аралдың мәселесін шешетін, ауданымызды көркейтетін Президент – оның партиясы «Нұр Отан» екенін халық білуі қажет!» дейді. Бұл аудан әкімшілігіндегі күнделікті таңертеңгі жиыннан ақпарат. Тағы да: «Менің елім - Қазақстан! Менің партиям – «Нұр Отан»!, «Нұр Отандықтар акциясы – елдіктің ұраны!», т с.с. Тіпті, аудандық идеологтар Аллатағалаға дейін айтады. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы – Аллахтың көп атауларының бірінен бастау алған дейді...

Сонымен қатар оппозиция басшылары сыртқы жарнама – билбордтарды ілуде көптеген астыртын кедергілер орын алып отыр деген дәлел келтіреді.

- Сыртқы жарнама ілушілер сөз жүзінде рұқсат берген сияқты, ал іс жүзінде әртүрлі сылтау айтып қашқақтайды да, «бізге оппозициядан аулақ жүру туралы ауызша нұсқау берілген» дейді. Ондай компания басшыларымен біздің жігіттер барып сөйлескен, бірақ олар жазбаша түрде бас тартпайды. Бұл - үлкен қитұрқы саясат! Ертең барып, мысалы, ОБСЕ не басқа ұйымдар өкілдерімен кездесуде осындай факты бар дейін десек, жазбаша ешқандай бас тарту жоқ!

Осылардың бәрін қорыта келіп Әміржан Қосанов:

- Бұл жергілікті жердегі билік пен жоғарғы жақтағы әкімшіліктің әрекеті және саяси жігерінен болып тұр. Сайлауға байкот мәселесін біз сайлауға екі күн қалғанда да айта аламыз, бірақ бұл мәселе әзірге күн тәртібінде қаралған жоқ, - деді.

Оппозиция басшыларының бұл мәлімдемесіне «Нұр Отан» партиясының баспасөз басшысы Әділ Ыбраев сын айтып отыр.

- Олар барлық өкпесін Орталық сайлау комиссиясына айтулары керек. Меніңше, қазір оларға саяси тұрғыдан жарнама жетіспей жатыр. Сондықтан олар «төбелес» іздеп жүргендей... Соған қарағанда, олар сайлаудан шыққысы келе ме, бірдеңелері бар, әйтеуір... – дейді «Нұр Отан» партиясының өкілі.

Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен оппозицияның айтқандарымен өзінің келіспейтінін айтады:

- Біріншіден, өткен сайлауларда бір жарым сағаттан жеті теледебат болды деген менің есімде жоқ, төрт теледебат өткізгенбіз. Бірақ, тек қана сол Орталық сайлау комиссиясының айналасында қалған болатын. Ал бұл жолы біз пікірсайыстардың ауқымын өте кеңейттік, мемлекеттік ақпарат құралдары – телеарна мен радиолардан сөйлеуге мүмкіндік бердік, «31-каналда» бір алаңда пікірсайыс өтіп жатыр. Ал мерзіміне келсек – кеш жарияланды дегенге келісе алмаймын. Сайлау науқаны келісімді күндер ғана, міне сол мерзімнің ішінде жарияланып, өтуі керек. Теледебат ешқашанда сайлау науқанынан бұрын жарияланған емес.

Қазақстанда парламент сайлауы тамыздың 18-іне белгіленген.
XS
SM
MD
LG