Accessibility links

Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының ірі әскери жаттығулары басталды


Шанхай ынтымақтастығы ұйымының терроризмге қарсы ‘Бейбіт миссия-2007‘ деп аталатын әскери жаттығулары тамыздың 9-ы күні Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр аутономиясы аумағында және Ресейдің Челәбі облысының Шыбаркөл қаласы маңында басталғаны туралы ақпарат көздері хабарлады. Бұл жолғы әскери жаттығуға барлығы 6,5 мыңдай әскерилер мен 2 мыңдай әскери техника қатысып отырғандықтан бұл құрылғалы 6 жылдан асқан ШЫҰ тарихындағы ең ірі әскери жаттығу деп саналады.

Негізгі әскери күш Ресей мен Қытай жағынан болмақшы. ‘Бейбіт миссия-2007‘ әскери жаттығуларына Ресейдің қарулы күштері 4 мыңдай әскерилерін қатыстырса, Қытайдың Ұлт азаттық армиясы 1,7 мың әскерилерін қатыстырып отыр. Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан бір-бір әскери бөлімдер қатысуда. Ал Өзбекстан болса әскери жаттығуға өзінің офицерлер тобын қатыстырып отыр.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымына бүгінгі күні 6 мемлекет яғни Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан және Қытай елдері мүше. Ал осы ұйымға Моңғолия, Үндістан, Пәкістан және Иран елдері бақылаушы мәртебесінде қатысып отыр.

Қазақстандағы тәуекелдікті бағалау тобының жетекшісі Досым Сатпаевтың пікірінше, бейсенбі күні басталған ШЫҰ-ның бұл әскери жаттығулары терроризмге қарсы күрес жаттығуларынан гөрі әскери мақсаттағы ірі әскери жаттығуға көбірек ұқсайды. Сондықтан дұрысы бұл жаттығуды ШЫҰ-ның әскери күшін басқаға көрсету, сес таныту жаттығуы деп түсіну шындыққа жақын келеді дейді ол.

Д.Сатпаевтың айтуынша, Ресей мен Қытай екеуі АҚШ-тың Орта Азияға енуіне, осы аймақта өзінің әскери-саяси ықпалын жүргізуіне қарсы болып отыр. Сондықтан осы жолғы ШЫҰ-ның әскери жаттығуын бір жағынан АҚШ-қа қыр көрсету, күш таныту мақсатындағы жаттығу деп те айтуға әбден болады сол арқылы Ресей мен Қытай Орта Азия аймағын өзінің өмірлік геосаяси мүдделі аймағы екендігін білдірмекші дейді ол.

Саясаттанушы Д.Сатпаевтың пікірінше алғашында аймақтағы қаупісіздікті сақтау, экономикалық байланыстарды жақсарту мақсатында құрылған бұл ұйым бүгінде нақты әскери-саяси ұйымға айналып отыр.

Қазақстандық әскери сарапшы Ким Серікбаевтың айтуынша, бейбіт мақсатта өтіліп жатқан ШЫҰ-ның бұл әскери жаттығулары терроризмге қарсы күресте керек болсада бүгінгі күні аймақта орын алған қандай бір қақтығыс пен жанжалды тек әскери күшпен басып жаншу бұл дұрыс емес, ең дұрысы кикілжің мәселені бейбіт жолмен шешу маңызды болмақ. Ал терроризм мәселесіне келер болсақ бұл шынымен қауіпті мәселе дейді ол.

Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, Орта Азия аймағында терроризм мәселесі күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі болмақ, сондықтан бұндай қауіпті бірлесіп, күш біріктіріп жеңуден басқа жол жоқ. Сол себепті ШЫҰ-ның әскери жаттығуларын қолдауға болатын іс шаралар деп есептеймін дейді ол.
XS
SM
MD
LG