Accessibility links

Австрия Рахат Әлиевті Қазақстанға бермейтін болды


Рахат Әлиевті Қазақстанға алдыртуды талап етіп жүрген, «Нұрбанктың» жоғалып кеткен бұрынғы басшыларының бірі Жолдас Темірәлиевтің әйелі Армангүл Қапашева өзінің бәрібір Венаға баратынын, ең болмаса Рахаттың өзімен кездесуге талпынатынын айтып отыр. Ал Әлиевті Қазақстанға бермеу туралы Австрия сотының шығарған шешімінде негіз бар деп санайтын Қазақстандық кейбір саяси сарапшылар оның себебін Қазақстанның сот жүйесінде бұл істі тәуелсіз, объективті түрде толық ашу мүмкін еместігімен түсіндіреді. Дегенмен «бұл таза құқықтық тұрғыдан айтылған ой, ал адами тұрғыдан - Рахат Әлиев өзіне тағылып отырған айыптарға қатысты сот алдында жауап бергені дұрыс» деген пікір айтылып жатыр.

Австрия соты Рахат Әлиевті Қазақстанға бермеу жөнінде шешім қабылдаған соң, биылғы жылдың бас кезінде жоғалып кеткен қазақстандық банк басқарушысы Жолдас Темірәлиевтің әйелі Армангүл Қапашеваның пікірін білген едік.

«Мен Венаға бәрібір барамын, виза күтіп жүрмін. Осы оқиғадан соң тіпті де баруым керек. Тым болмаса, Рахаттың өзімен кездесіп, одан кәдімгідей дұрыстап сұрағым келеді», - деп жауап берді Армангүл тамыздың 9-күні «Азаттық» радиосына.

Ал сол күні түстен кейін бірқатар ақпарат агенттіктерінде осы шешімге байланысты Қазақстан ішкі істер министрлігінің ұстанымын баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов білдірді. Онда «Қазақстан ішкі істер министрлігі Вена қаласының аймақтық сотының Рахат Әлиевті экстрадициялау жөніндегі шешімін алдын-ала ойластырылған, негізсіз шешім» деп санайтындығы айтылған.

Венадаға сот «бір тараптың ғана айтқандарын тыңдап, Қазақстанның тергеу орындары жинақтаған бұлтартпас айғақ-дәйектерді негізге алмақ түгілі, тіпті, қарамаған» деп хабарлады Бағдат Қожахметов. Оның айтуынша, Қазақстанның заң орындары Әлиевті елге қайтарып, қазақстандық сот жауабына тарту үшін барлық заңды мүмкіндіктерді пайдаланатын болады».

Рахат Әлиевтің өзі болса, Венадағы сот залынан шығып келе жатқанда журналистерге берген қысқаша сұхбатында: «Енді мен жақын арада ағайын-туыстарыммен Лондонға барып, тынығып қайтпақпын. Одан соң қайтадан Венаға келемін» деп жауап беріпті.

Бұл оқиғаға байланысты «Азаттық» радиосы Қазақстан саяси сарапшыларынан пікір сұраған еді.

«Бұл жерде Қазақстан құқық органдарының қателігі, жалпылама айтқанда, биліктің қателігі болды. Егер олар Рахат Әлиев шынымен жазалануы керек десе, ол шетелге кетпей тұрғанда қамауға алулары керек еді. Австрия үкіметінің Рахат Әлиевті Қазақстанға бермеу туралы шешімі алдымен президент Назарбаев пен оның айналасындағылардың қауіпсіздігіне үлкен соққы боп тұр. Себебі, Рахат Әлиев «Қазақгейт» болсын, билік басындағылардың жемқорлығына қатысты басқа да істермен айналысып жүрген белгілі құрылымдармен тізе қосып, осыларға байланысты қандай да көрсету-куәліктер беруге дайын екенін жасырмайды. Бұл мәселе Австрия сотына Рахаттың айыбы барлығын дәлелдей алмаған тек Қазақстан құқық құрылымдарының беделіне нұқсан емес, президенттің, Қазақстанның беделіне келген нұқсан деп ойлаймын. Қазақстан шет елде қалған Рахат Әлиев арқылы өзіне «Березовский» тауып алды. Этикалық тұрғыдан келгенде, Австрия сотының шешімі мен үшін жағымсыз. Себебі, европалықтар адам құқықтары мен демократиялық құндылықтарды сақтау қамымен кейде шектен шығып кетеді. Оның тікелей адам ұрлау оқиғасына қатысы барлығы дәлелді болса да, яғни қылмыскерлігі дәлелденсе де, австриялықтар «ол нақақтан нақақ қатаң жазалануы мүмкін» деп алаңдауы мен үшін жағымсыз. Оның қандай адам екенін, австриялықтарға ұнамай тұрған осы сот жүйесін Рахаттың тікелей араласуымен қалыптасқанын жақсы білетін бүкіл қауым Әлиевтің Қазақстанға экстрадициялануын күтіп еді», - деген пікір білдірді Алматыдағы «Тәуекелді зерттеу орталығының» директоры Досым Сәтпаев.

«Альтернатива» талдау орталығының директоры Андрей Чеботарев те Әлиевке қатысты істің бұлайша өрбуінде биліктің кінәсі бар деп санайды.

«Билік бұл мәселені тіпті саясиландырып жіберді. Оған куә - жергілікті билік басылымдардағы Рахат Әлиевті қаралау бағытындағы «зиялылардың хаты», т.б. көріністер, әрине, сонау 1937 жылдарғы қудалауды еске түсіріп, Австрия үкіметін секем алуға итермеледі. Екінші жағынан, ол Қазақстанға келген күннің өзінде жазаға тартыла қалады дегенге де сену қиын, отбасының татуласа қалмасына кім кепіл береді?» - дейді Андрей Чеботарев.

Алматыдағы Адам құқықтары жөніндегі қоғамдық ұйымының заңгері Мария Пульман «Австрия сотының шешімінде негіз бар» дейді.

«Өкінішке орай, біз сот жүйесі әбден быт-шыты шығып, тозығы жеткен елде тұрамыз. Және бұл жерде ол істі жан-жақты, әділ де таза зерттеу мүмкін емес. Ал Рахат Әлиев адами тұрғыдан жазалануы керек. Оның жазасы – оны елден, туған жер топырағынан айыру», - дейді Пульман.

Сонымен бірге Әлиевтен өзі туралы айтылып жатқан айыптауларға жауап бәрібір алынуы тиіс деп санайтындар да бар.

«Өз басым, оппозиция өкілі ретінде, қоғамда Рахат Әлиевке қатысты сұрақтарға жауап керек! Және ол жауапты билік Австрияда ала ма, басқа жерде ала ма, оның жөні бөлек. Ал, жалпы адамгершілік тұрғыдан келген кезде, әсіресе мына адамдардың қайғысына, жоғалуына байланысты мәселеде, әрине, ол елге келіп, «ағын-ақ, қарасын-қара» деп, жауап беруі керек», - дейді оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов.

Қазақстан заң орындары қозғаған қылмыстық іс бойынша, Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке биылғы жылдың қаңтар айында өзінің меншігіндегі «Нұрбанктің» бұрынғы қызметкерлері Әбілмәжін Ғылымов, Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті ұрлады деген айып тағылып отыр. Темірәлиев пен Хасеновтың қайда екені әлі күнге белгісіз.

Мамыр айында Қазақстан заң орындары өзіне қарсы қылмыстық іс қозғаған соң, мемлекеттік қызметтен алынған Рахат Әлиев Қазақстанды ұзақ жылдар бойы басқарып отырған қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын сынап мәлімдеме жасады. Ал маусым айының басында, Қазақстанның сұрауы бойынша, Австрияның заң орындары Әлиевті Вена қаласында ұстады. Арада 1 күн өткенде, Р.Әлиев 1 млн еуро кепіл ақша төлеп және өзін Қазақстанға беру мәселесі Вена сотында шешілгенше өзінің ешқайда кетпейтіні туралы қолхат берген соң, полиция оны босатқан болатын.
XS
SM
MD
LG