Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.11.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген баслымыдар Ақтөбе облысындағы қытай компанисының жұмысшылары ереуілге шыққандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, тағы бір газет Алматы сәулетшілері қаланың ескі келбетін сақтап қалуды аталп еткендігіне мән берсе, басылымдардың барлығы дерлік Қазақстандағы сайлау науқанына тоқталып өтіпті.

Ақтөбе облысындағы «Қытайдың мұнай-инженерлік құрылыс тобы» компаниясының жұмысшылары ереуілге шыққандығы туралы мақала «Айқын» газетінде баяндалыпты. «Соның нәтижесінде аталған компанияның жұмысы алты сағатқа тоқтатылды» делінген мақалада. «Ереуілдің басты талаптары ретінде жатақханалардағы тұрмыстық жағдайдың нашарлығы мен жалақының төмендігі мәлімделді. Құрылыс обьектілерінде 11 сағаттан жұмыс істейтін жұмысшылар жатақханаға келгенде дұрыс жуына да алмайтын жағдайға жетті. Судың болмай қалуы дағдылы көрініске айналды. Оның үстіне тұрғын бөлмелерге лайықталған теміржол вагондарының іші қапырық. Жалақыны да көтере қоймады, вахтадағы 15 күнге төлейтіндері 35-36 мың теңге ғана. Ал қытайлық жұмысшылар бұдан қомақты жалақы алады. Бұл туралы ылғи талап қойылады, бірақ іске асырылмайтын. Бірден ереуілшілерге жергілікті әкімшілік қызметкерлері бұл акцияның заңға қайшы келетіндігін айтып, ереуілді тоқтатуларын, әйтпеген күнде жауапкершілікке тартылатынын, сонымен бірге олардың талап-тілектерінің ескерілетіндігін де мәлімдеді. Жұмысшылар өз талаптары орындалмаса, тағы көтерілетіндігін айтты» деп жазды «Айқын» газеті.

Бұл уақытта «Алматыинвестстрой» құрылыс компаниясына алданып қалған алматылық үлескерлерге тұрғын үйін салатын жаңа компания анықталып жатқандығына «Литер» газеті тоқталып отыр. «Үлескерлер «Алматыжер» мекемесімен келісімге отырғаннан кейін-ақ тұрғын үй тұрғызуға ниеттенген бірнеше компания өзінің өтініштерін өткізді» делінген мақалада. «Бірақ олардың барлығы дерлік өте қатаң талаптармен шығып отыр. Әзірге «Алматыжер» мекемесі бұл компаниялардың қаржы жағына тұрақтылығын тексеріп жатыр. Қорытынды шешімді аталған мекеме келесі аптаның басына қарай шығармақ» деп жазды «Литер» газеті.

Ал «Экспресс К» газеті болса Алматыдағы сәулетшілер қаланың бұрынғы көрінісі сақталғаны қалайтындығына мән беріп отыр. «Алматының сәулетшілер одағының төрағасы Сергей Мартемьянов және профессор Эдуард Цой қаланың тарихи бөлігіне құрылыс жүргізуге тиым салуды ұсынды» делінген мақалада. «Сәулетшілер жаңа құрылыс қарқынының тарихи орындарды жалмап бара жатқандығына алаңдайды. Қазірдің өзінде бұрынғы кеңестер одағында арнайы тізімге алынған ғимараттардың біразы жойылды. Бұрындары сәулет ғимараттарының тізімі болатын. Қазірде ол жоқ. Болған күннің өзінде оған құжат ретінде мән беріп жатқан ешкім көрінбейді. Қазіргі күні қаланың орталығындағы жердің бағасы қатты қымбаттады. Алайда құрылыс қарқыны осылай бей-берекет жүре беретін болса, онда бес жылдан кейін сол орталықтан ештеме қалмайды» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Сонымен қатар, газеттер Қазақстандағы сайлау науқанын жіті қадағалап отыр. Мәселен, «Литер» газеті тамыздың 18-күнгі сайлауға қанша халық жиналуы мүмкін деген сұраққа жауап беріпті. «Сайлауға дейін бір апта қалды. «Литер Media» агенттігі жүргізілген сауалнамаға сенер болсақ, алдағы сайлауға сайлаушылардың 59 пайызы дауыс беруі мүмкін» делінген мақалада. «59 пайыз – жаман көрсеткіш емес. Егер салыстыра қарайтын болсақ, осыдан үш жыл бұрынғы парламент сайлауында дауыс беру көрсеткіші 54 пайыз болған еді» деп түйіндейді «Литер» газеті.

Тағы бір әлеуметтік зерттеу нәтижесін «Экспресс К» газеті жариялап отыр. «Қазақстанның салыстырмалы әлеуметтік зерттеулер институты жүргізген сауалнама бойынша, алдағы сайлауға сайлаушының 61 пайызы жиналуы мүмкін» делінген мақалада. «Яғни, респонденттердің 61 пайызы «сайлауға барамыз» деп жауап берсе, 23,5 пайызы «баратын шығармыз» деген жауап қатқан» деп жазды «Экспресс К» газеті.
XS
SM
MD
LG