Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.09.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі қазақстандық теле жүргізуші Анастасия Новикованың өліміне не себеп деген сұраққа жауап іздепті. Сонымен қатар, газеттер Қазақстанда доллар бағасы өскендігіне мән берсе, тағы бір басылым басқаруы оң жақтағы көлік иелері әлі де тынышсыз екендігіне тоқталып өтіпті.

Қазақстанның медициналық сараптамасы теле жүргізуші Анастасия Новикованың 2003 жылы маусым айында өлгендігін анықтағандығы туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Дәл осы уақытта Анастасияның Ташкенттегі туған-туыстары одан ең соңғы хатты алған болатын» делінген мақалада. «Соңғы хатында ол Данияр Естен деген бір кісімен тату-тәтті өмір сүріп жатқандығы туралы жазған. Сондай-ақ, Анастасия оны баласының «әкесі» ретінде атап таныстырған. Қазақстанның ішкі істер министрлігі Анастасия Новикованың өліміне бұрынғы елші Разат Әлиевтің қатысы бар дегенді жоққа шығармайды. Сөз болып отырған Данияр Естенов бұрынғы елшінің ағалас бауыры екен» деп жазды «Время» газеті. «Айта кетерлік жайт, Естеннің өзі Новикованың өлімінен шамамен бір жылдан кейін Австрияда белгісіз жайттармен көз жұмған» деп жазды «Время» газеті.

Бұл уақытта «Нұрбанк» ғимаратына шабуыл жасаған деген күдікпен ұсталған арнайы жасақ өкілдерінің үстінен жүріп жатқан сотқа жарты жыл толғандығына «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты мән беріп өтіпті. «Басталғанына жарты жыл өткендігіне қарамастан соттың соңы көрінетін түрі жоқ. Заң бойынша судья Арман Шәмшиев процесті бір жылға дейін созуға құқығы бар» делінген мақалада. «Қазіргі таңда сот отырыстары уақытша тоқтатылған. Оған «Нұрбанк» бейнесервисіне жасалып жатқан сараптама себеп болды. Сол жұмыстар біте салысымен сот отырыстары әрі қарай жалғаспақ. Бұл жерде бір нәрсе түсініксіз – сараптама үшін сот процесін тоқтату қаншалықты маңызды? Айыпталушылардың адвокаттары болса сот процесі тамыздың 18-нен кейін жалғасуы мүмкін деген болжамдарын айтып отыр» деп жазды «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.

«Литер» газеті Қазақстандағы басқаруы оң жағында орналасқан көліктер жайында жазыпты. «Осындай көліктерге «рұқсат» берілді, алайда жол полициясы өткен жылғы қараша айында жасаған мәлімдемесінен бас тартар емес» делінген мақалада. «Тәуелсіз автомобильдер одағы сөз болып отырған көліктерге қатысты «жыр» осымен бітті деп есептемейді. – Біз толық сенімді емеспіз, - дейді аталған ұйымның төрағасы Григорий Кременецкий. – Жол полициясы комитетінің төрағасы Өмірзақ Түсімов өзінің сөздері құбылмалы екендігін көрсетті. Басқаруы оң жағындағы көліктердің мәселесі 2002 және 2004 жылдары көтерілген кезде, ол көлік иелерінің құқығы сақталатындығын мәлімдеген еді. Ал өткен жылы сол мәлімдемелеріне қарсы әрекетке барды» деп жазды «Литер» газеті.

«Айқын» газеті болса Қазақстанда доллар бағасы қымбаттағандығына тоқталып өтіпті. «Соңғы екі апта бойына АҚШ «көк қағазына» жан біткендей болды. Ескерте кетейік, бүкіл әлемде доллар қымбаттаған жоқ. Ал Қазақстанда соңғы екі аптада доллар бағасының сәл де болса өскені байқалады» делінген мақалада. « Ұлттық банк қор биржасынан әрбір долларын шамамен 123 теңгеге 600 миллион долларға жетеқабыл валюта сатып алды. Бұл – Ұлттық банктің сақтық қорындағы сандыққа салынып қойылатын қаражат. Оны жұмыс істетіп, пайда табу ісіне қосатын тетік әлі өмірге келе қойған жоқ. Сондықтан да ол өлі капитал күйін¬де сандықта жата беруге тиіс. Демек, жыл аяғында доллар бағасы шамамен 117 теңгеге түскен кезде Ұлттық банкі әр доллардан алты теңге зиян көрген болып шығады. Егер осы алты теңгені 600 миллион долларға көбейтетін болсақ, 3 миллиард 600 миллион теңге жоғалтқан болып шығамыз. Бұл – бірінші ұтылыс. Екінші ұтылыс – айналымға қыруар басы артық теңгенің шығып кетуіне байланысты туындайды. Ақшаның айналымда көп екенін білетін бұл топтағылар, сөйтіп, тиындап та болса тауар мен қызмет бағасын өсіреді. Бұл теңгенің өзін қоршаған ортасына байланысты құнсыздануын, экономика тілімен айтсақ, инфляцияны өмірге әкеледі. Қазіргі қаржы басқару жұмысында тәуекелшілдік тым басым. Ал қаржы сауатты басқарылмайынша, экономиканың, соған сәйкесті әлеуметтік жағдайдың тұрақты дамуы екіталай» деп түйіндейді «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG