Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.10.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдар веналық соттың бұрынғы елші Рахат Әлиевті Қазақстанға қайтармау туралы шешім шығарғандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер Алматыдағы мүгедек әйелдердің қоғамына қысым жасалып жатқандығына тоқталса, тағы бір басылым экология салдарынан кемтар болған жандар туралы мақала тізбегін жариялай бастады.

Австрия сот орындарының бұрынғы елші Рахат Әлиевті экстрадициялауға қатысты шығарған шешіміне Қазақстанның билік орындары риза еместігі «Литер» газетінде баяндалыпты. «Алайда қазақстандық полиция веналық соттың шешіміне келісе салғысы жоқ – Рахат Әлиевті экстрадициялау мәселесін аяғына дейін жеткізбек ниетте» делінген мақалада. «Қазақстан жағы бұрынғы елшіні экстрадициялау туралы өтінішті австрия билігіне осы жылғы мамырдың 26-күні тапсырған болатын. Енді Вена сотының өтінішті қанағаттандырмау туралы шешіміне Қазақстанның ішкі істер министрлігінің көңілі толмай отыр. – Біздің министрлік осындай шешімді үлкен таңқалыспен қабылдады», - депті аталған министрліктің баспасөз хатшысы Бағдат Қожақметов «Литер» газетіне берген сұхбатында.

Осы тақырып төңірегінде «Республика» газеті былай деп жазды: «Қазақстанның ішкі істер министрлігі, сондай-ақ елдің басрлық басшылығы австрия тарапының қатты соққысына ұрынды. Вена соты Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы – Рахат Әлиевті экстрадициялаудан бас тартты. Осындай шешімін веналық сот Әлиев мырзаны Қазақстанда әділ сот күтіп тұрған жоқ деген уәжбен дәйектеп отыр». Сонымен қатар, мақала авторы Астананың Австрия билігінен кері қайтаруды сұрап отырған Қазақстанның тағы алты азаматына да осындай шешім шығарылуы мүмкін екендігін жазып отыр. «Жалпы алғанда, қазіргі күні Рахат Әлиев еркіндікке жетті. Яғни оған қатысты Қазақстан билігінің барлық айыптаулары алып тасталынды» делінген «Республика» газетінің мақаласында.

Сонымен қатар, газеттер Қазақстандағы сайлау науқанын да жіті қадағалап отыр. Мәселен, «Панорама» газеті қазіргі күні тамыздың 18-де өтетін сайлауды бақылауға ниет білдірушілердің саны 922-ге жеткендігіне тоқталып өтіпті. «Соңғы жетінің ішінде ғана Орталық сайлау комиссиясы 400 халықаралық бақылаушыны тіркеді» делінген мақалада. «Сайлау күніне таман бақылаушылар саны бұдан да арта түспек. Сайлауды қадағалауға үш халықаралық ұйым ниет танытып отыр: ОБСЕ, ТМД елдерінің бақылаушылары және Шанхай ынтымақтастық ұйымының өкілдері» деп жазды «Панорама» газеті.

«Айқын» газеті болса Қазақстанда экологияның салдарынан кемтар болған азаматтар туралы мақалалар тізбегін жариялай бастады. «Бір кездері Атырау облысынан аномалиялық өзгеріске ұшырап, бір түнде қарияға айналып шыға келген жас сәби Нұржан Өркешбаев туралы сұмдық жаңалықтан еліміздің ғана емес, шетелдік ғалымдардың өздері естерінен танып қала жаздаған еді...» деп бастайды мақала авторы. «Нұржан Өркешбаев Атырау облысындағы «Тайсойған» әскери сынақ алаңы орналасқан Қызылқоға ауданының Мұқыр елдімекенінде туып-өскен. Қазақтың өзге де қарадомалақ баласы секілді ол да қырда, әкесіне мал бағуға көмектесіп, асыр салып ойнап жүрген ойын баласы еді. Сондай бір күндері таңертеңгілік ұйқыдан оянған Нұржанның бетін терең әжім торлағанын көрген отбасы мүшелері бір сәт ессіз күй кешеді. Барлық дәрігерлік сараптамадан өткізген дәрігер мамандар оның бет-әлпетінің қартаюы терінің босаңсуынан деген диагноз қояды. Оны германиялық ғалым-дәрігерлер де қарады. Алайда оған ешкім де көмектесе алмады...Бүгіндері Нұржан өзінің ауылы Мұқырда тұрып жатыр. Биыл 9-сыныпқа көшті. Сабағы жақсы. Өткен оқу жылы көркем сөз оқу сайысынан жүлдегер атаныпты. Бұл – Атыраудағы аномалиялық жағдайға ұшыраған бір баланың тағдыры. Ал облыстағы «Тайсойған» мен «Азғыр» сынақ алаңдарынан зардап шегіп, аномалиялық күйге ұшыраған өзге балалардың тағдыры туралы газетіміздің келесі сандарында толығырақ жазатын боламыз...» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

Бұл уақытта Алматыдағы мүгедек әйелдердің «Бибі-ана» қоғамдық қорына қысым жасалып жатқандығы «Zonakz» тәуелсіз интернет сайтында баяндалыпты. «Аталған ұйым осыдан 15 жыл бұрын құрылыпты. Бірақ соңғы уақытта «ықпалды адамдар» қоғамның жұмысына бөгет жасап жатыр» делінген мақалада. «Тамыздың 1-нен бастап ғимаратқа су мен жарық берілмей тасталған. Осыған орай аталған қоғамның төрағасы Бибігүл Иманғазина мемлекет басшысына 16 хат жазыпты. Бірақ олардың барлығына жауап берілмеген» деп жазды «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.
XS
SM
MD
LG