Accessibility links

Иран президенті Ауғаныстаннан кейін сапарын Орта Азияда жалғастырады


Бүгін Иран президенті Махмуд Ахмединежад Қабулда Ауғанстанның орталық үкіметі өкілдерімен келіссөздер өткізді. Иран жетекшісі Орта Азияға болатын сапарының алдында бірінші Ауған астанасына аялдады. Ахмединежад Түркіменстан мен Қырғызстанға да барып, кейін Бішкекте тамыздың 16-сында өтетін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне бақылаушы ретінде қатысады.

Бүгін президент Махмуд Ахмединежад жоғары деңгейдегі делегациясымен Қабул қаласына келді. Яғни, онымен бірге Иранның сыртқы істер министрі Манучир Моттаки, Иранның Жоғарғы Ұлттық Кеңесінің басшысы Али Ларижани және бірқатар үкімет мүшелері Ауғаныстанға бір күндік ресми сапар жасады.

Ахмединежад Ауғаныстандық әріптесі Хамид Қарзаймен келіссөздер өткізді. Кездесуде екі елдің қарым-қатынасы, аймақтық экономика мен қауіпсіздік мәселелер сөз болды. Бұл АҚШ-тың Иран Ауғаныстандағы тұрақсыздыққа үлес қосып отыр деп мәлімдеп отырған тұста, Ахмежинежадтың Қабулға екі жыл ішінде Иран президенті ретіндегі алғашқы сапары.

Өткен аптада АҚШ президенті Джордж Буш өзінің Ауғаныстандағы күштерге Иранның ықпалы бар ма жоқ па дегенге абай қарайтынын айтқан. Бірақ, Ауған президенті Хамид Қарзай өз еліндегі Иранның ролін мадақтап, оны “көмекші және шешім тәсілі” ретінде түсіндірді.

Техраннан шығар алдында Иранның ресми ақпарат агенттігіне берген сұхбатында, Ахмединежад Иран мен Ауғаныстан -тарихы мен мәдениеті және мүддесі ортақ көрші әрі бауырлас ел деп айтқан.

Қабулда Иран президенті ирандық қарулар үкіметке қарсы талибандарға жеткізіліп жатыр дегенді жоққа шығарды деп Францс пресс агентігі жазып отыр. Сонымен қатар, Ахмединежад Иран Ауғаныстандағы саяси процестерді қолдайды деген. Иран мен Ауғаныстан 2001 жылы талибандар билігі құлағаннан бері байланыстарын дамытып келеді. Бірақ, осы жылдың басында Техранның он мыңдаған ауған босқындарын күштеп еліне жібергенде, екі жақты қарым-қатынас аздап салқындап қалған.

Техрандағы Ауғаныстан елшілігінің ауған босқындары ісіне жауапты өкіл Мохаммад Акрамның Фарда радиосына берген сұхбатында, Иран президентімен кездесуде Ауғаныстанның көтеретін басты тақырыптарының бірі босқын мәселесі деген:

“Иран президенті Махмуд Ахмединежадтың Қабулға сапары біздің пікірімізше, жарып өту сияқты, олай дейтініміз оның бірі Иран Ислам Респубикасында Ауған босқындары тап болып отырған проблемалар. Сол себепті, Қабулда Ахмединежадпен талқыланатын мәселелердің бірі- босқындар проблемасын реттеу және егер онда еліне қайтару процесі болса, ол Ауғаныстанның мүмкіндігі негізінде босқындарға баспана берілу керек”.

Ауғаныстаннан кейін президент Ахмединежад Түркіменстанға сапар шегіп, бұл елдің жаңа президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездеседі деп жоспарланған.

«Азаттық» радиосы Түркімен қызметінің директоры Оғулжамал Язлиеваның айтуынша, бұл сапар барысында екі ел президенті мұнай-газ мәселесіндегі ынтымақтастық пен Каспий теңізінің мәртебесі турасында талқылануы мүмкін:

“Онда энергия мен Каспий теңізінің биологиялық мүмкіндігін бірге пайдалану және сол сияқты трансшекаралық жол жобасын жүзеге асыру мәселелері күн тәртібіндегі басты тақырыптар болады. Энергия көздерін экспортқа шығару мен табиғи газды шетелге шығаратын көп бағытты жолды пайдалану Түркіменстан үшін өте маңызды әрі Иран Түркіменстанның табиғи газын экспортқа шығарып отырған екінші елі”.

Түркіменстаннан кейін Иран президенті Ахмединежад Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға барады. Иран ол саммитке бақылаушы ретінде қатысады. Бүгін ертерек сапарға шығар алдында Иран президенті өзінің бұл басқосуды аймақтық міндеттемелер үшін қозғаушы күш ретінде пайдаланатынын айтқан.

“Біз Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммитіне бара жатырмыз. Онда біз саммитке қатысатын ел жетекшілерімен аймақтық міндеттемелерді күшейтуді талқылайтын боламыз”.

Хабарларға қарағанда, Техран Шанхай Ынтымақтастық Ұйымындағы ролін кеңейткісі келеді, және бақылаушы мәртебесінен мүшелікке өтуді көздейді. Бірақ, жақында Ресей мен Қытай ресмилері бұл тұрғыда Иранға шыдамдылық танытуға кеңес беріп, Шанхай Ынтымақтастық ұйымының дәл қазір жаңа мүше қабылдау ниеті жоқ деп айтқан.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG