Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.15.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі Қазақстан президентінің сапары қарсаңында терракт ұйымдастырғысы келген топ ұсталғандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер мәслихат депутаттығына үміткер атып өлтірілгендігіне тоқталса, тағы бір басылым келесі жылдан бастап Қарағандыда медициналық жедел жәрдем ақылы болатындығына мән беріп өтіпті.

Қазақстанда мәслихат депутаттығына үміткер бір азаматты атып кеткені туралы «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде баяндалыпты. «Шығыс Қазақстан облысының Зыряновск қаласының тұрғыны Юрий Дроздовты дүйсенбіге қараған түні атып кетті» делінген мақалада. «Сайлау жақындаған уақытта мәслихат депутаттығынан үміткердің өлтірілуі қоғамның алаңдаушылығын туғызды. Алайда, Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бұл өлім саясатпен емес, Дроздовтың кәсіпкерлік қызметімен байланысты болуы мүмкін деп отыр. Қазіргі таңда осы өлімге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Облыстық департаменттің баспасөз хатшысы Лариса Поломошнованың айтуынша, тамыздың 14-күні осы өлімге қатысы бар деген күдікпен бір азамат ұсталды» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Бұл уақытта Қазақстандағы сайлауға қытайлық бақылаушылар да қатысатындығына «Айқын» газеті мән беріп өтіпті. «Қытай Халық Республикасының үкіметі бір топ өкілін Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына бақылаушы ретінде аттандырыпты. Тамыздың 14-күні мәртебелі қонақтар тізімделісімен Орталық сайлау комиссиясында болды» делінген мақалада. «Оларды бастап келген Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Чжао Сиди мен ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов кездесіп, сайлау тақырыбында ой бөлісті. Үш күннен кейін өтетін партиялар бәсекесін шетелдерден, сан алуан ұйымдардан келген 1129 бақылаушы қадағалайды. Бұның сыртында 6 мыңдай қазақстандық байқаушылар болады» деп жазды «Айқын» газеті.

Қазақстан президентінің Оңтүстік Қазақстан облысына сапары қарсаңында Шымкентте террорлық акт ұйымдастырғысы келген топ ұсталғандығы туралы мақала «Экспресс К» газетінде жарық көріпті. «Олар ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті ғимаратын жармақ болған» делінген мақалада. «Облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры Геннадий Журавлевтің айтуынша, террорлық топтың өкілдері мемлекет басшысының облысқа сапары барысында бірнеше жерде террорлық актілер ұйымдастырғысы келгендігі туралы мәлімет бар. Биылғы сәуірдің 25-күні осы іске қатысы бар деген күдіктілер ұсталды. Содан бері үш ай өтсе де бұл іске қатысты ақпарат, тергеу жүріп жатқандықтан қоғамға таратылмаған» деп жазды «Экспресс К» газеті.

«Литер» газеті болса Қарағандыда келесі жылдан бастап медициналық жедел жәрдем қызметі ақылы болатындығына тоқталып өтіпті. «Ақыны жедел жәрдем шақырған азаматтар емес, сол ауданға қарасты емханалар төлейтін болады» делінген мақалада. «Ақылы қызметті енгізу – мәжбүрлі түрде жасалынған қадам. Жедел жәрдемге жүгінген науқастардың үштен бірін жергілікті дәрігерлер қарауы керек. Алайда тәжірибе жүзінде бәрі керісінше шығып отыр. Соған байланысты жедел жәрдем дәрігерлері жергілікті емхананы осылайша тәртіпке келтіруді қолға алды. Жаңа бастама жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмысын шектемейді, олар бұрынғысынша тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетуін жалғастыра бермек. Ал айыппұл мәселесі жедел жәрдемге жүгінген науқастың қатысуынсыз жүргізілетін болады» деп жазды «Литер» газеті.

Ішкі істер министрлігіне қарасты жол полициясы комитетінің төрағасы Өмірзақ Түсімов Автомобильдердің тәуелсіз одағымен бейбіт келесімге отырудан бас тартқандығы туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Бұл туралы тамыздың 14-күні адвокат Сергей Уткин хабарлады» делінген мақалада. «Комитет төрағасымен соттасып жатқан Уткин мырзаның айтуынша, бұған дейін ол сотқа екі жақтың бейбіт келісімінің жобасын жолдаған. Ол бойынша Өмірзақ Түсімов оң жағынан басқарылатын көліктердің қауіпсіздігін мойындауы керек. Алайда комитет төрағасы осындай келесім жасасқысы жоқ. Одан қалды Ө.Түсімов сөз болып отырған көліктердің қоғамға қауіптігін арнайы сараптамамен дәлелдемек» деп жазды «Время» газеті.
XS
SM
MD
LG