Accessibility links

Сайлауға үш күн қалғанда Шымкентте биыл көктемде террорлық акт жасалмақ болған деген ақпарат жарияланды


Тамыздың 15-күні Қазақстандағы бірқатар ақпарат құралдарында жарияланған Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының хабарламасында, осы жылы сәуір айында, Шымкентке ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев келер алдында, лаңкестік әрекеттің алды кесілгені айтылған. Алайда, бірқатар сарапшылар, 3 ай бұрын анықталған ақпараттың дәл парламент және мәслихат сайлауы алдында жариялануы секем туғызатынын айтады.

Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы таратқан баспасөз хабарламасында, лаңкесші деп күдіктеліп отырған адамдар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстағы департаменті ғимаратын жарып, ондағы қызметкерлерді өлтірмек болғаны жазылға. Осындай тұжырым жасаған тергеушілердің айтуынша, күдіктілердің бұл ниетіне айғақтар табылыпты.

- Олардан тінту кезінде діни мазмұндағы түрлі әдебиет, бейнедискілер, дискілік жинақтаушылар, ішінде түйіршіктелген сары түсті зат бар бояу ыдысы жарылғыш зат деген болжам жасалды, белгісіз жасанды жарылғыш зат табылды. Одан өзге 12 калибрлі екі аңшы мылтығы, оқтардың бос қорабы, ақша табылды. Сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздік комитетінің 3 басқарма қызметкерлерінің аты-жөні, қызмет телефондары, лауазымдары жазылған тізім, олардың көзін жоюға рұқсат, яғни фатха, комитет департаменті ғимаратының сызбасы, мекен-жайы жазылған қағаз табылды, - деді Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметкері Ботагөз Ибраева.

Алайда бұл ақпараттың күмән туғызатын жақтары бар екенін айтады, оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия белсендісі Серікбай Әлібаев. Ол 3 ай бұрын анықталған ақпаратты тура парламент және мәслихат сайлаулары алдында жариялау - белгілі бір мақсатпен істелуі мүмкін деген өз болжамын жасап отыр.

- Әрине, мұның бәрі және жақында оппозицияны қаралаған экс-депутат Ерасыл Әбілқасымовтың көтеріп отырған мәселесі тегін емеске ұқсайды. Осы мәселе және сайлау қарсаңында құқық органдарын күшейтіп отырғаны - мұның бәрі биліктің жұртты үрейлендіру үшін істеліп отырған іс-әрекет деп есептеймін.

Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі Асқар Бектеновтың айтуынша, бұл ақпарат осыдан бірнеше ай бұрын «Хизб ут-Тахрир» экстремистік тобына қарсы күрес туралы мәліметпен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілген. «Азаттық» тілшісінің ендеше бұл ақпарат неге 3 айдан кейін ғана баспасөзде жарияланып отыр деген сұрағына Бектенов былай деп жауап берді:

- Ол біздің материал емес. Бізде куратор бар комитеттің, ол 2 ай бұрын пресс-релиз берген. Өткен аптада облыста құқық органдарының үйлестіру кеңесінде «Хизб ут-Тахрир» экстремистік тобына қарсы күрес туралы жылт еткізіп айтылып кетті. Сол фактіні еске түсіріп, әдемі болған соң жариялай салған болуы керек.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметкері Ботагөз Ибраева болса көктемде Шымкентте ұсталған күдіктілер туралы ақпараттың қазір жариялануын тергеу ісін жүругізу тәртібімен түсіндірді:

- Биыл 21-сәуірде комитет департаментіне облыста мүшелері салафиттердің джихаттық қанатының мүшелері болып табылатын лаңкестік топтың іс-қимыл жасап жатқандығы туралы мәлімет түскен. 25-сәуірде күдіктілер ұсталды. Олардың барлығы облыста туған және осы жердің тұрғындары. Ал бұл ақпараттың неліктен кеш жарияланып отырғанына келсек, мұндай деректерді бірден жариялап жіберуге болмайды, тергеу мүддесін сақтау керек.

Қазақстанда, соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында, елде экстремистік деп танылған топ белсенділері 2000 жылдан бері пайда бола бастады. Жалпы, қазір ел аумағында бір экстремистік және халықаралық лаңкестік деп табылған 13 ұйымның қызметіне тыйым салынған. Олардың барлығы исламдық ұйымдар. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, биылғы жылғы сәуір, мамыр айларында тағы да күдіктілер қолға түскен. Оларға 9 қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу ісі жүріп жатқаны хабарланып отыр.

Қазақстан заңдарына сәйкес, лаңкестікпен айналысқан деп танылған адам сот үкімімен 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG