Accessibility links

Рахат Әлиевтің иелігінде болған ақпарат агенттігі жаңа меншік иесінің қоластына берілді


Қазақстанда Рахат Әлиевтің меншілігнде болып келген «Kazakhstan Today» ақпарат агенттігі мен «Gazeta.kz» интернет парақшасы тамыздың 6-сында тоқтаған жұмысын, тамыздың 15-інен бастап, жаңа форматта қайтадан жалғастырды. Агенттіктің сайтында сол күні жарияланған ақпаратта, бұрын «Алма-Медиа» холдингінің құрамында болған олар, енді жаңа меншік иесінің – «Kazakhstan Today» агенттігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоластында жұмыс бастап отырғанын хабарлады. Бұл серіктестіктің жаңа басшысы боп, Қазақстан президентінің бұрынғы баспасөз хатшысы тағайындалды.

Тамыздың 6-сынан бері жұмысы тоқтап қалған «Kazakhstan Today» ақпарат агенттігінің сайты мен «Gazeta.kz» интернет парақшасы тамыздың 15-інде қайтадан жанданып, жұмыс істей бастады. Аталған сайтарда сәрсенбі күні жарияланған ақпаратта, бұрын «Алма-Медиа» холдингінің құрамында болған бұл агенттік енді жаңа меншік иесінің – «Kazakhstan Today» агенттігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоластында жұмыс бастап отырғаны жазылған. Бұрын тек қана «Kazakhstan Today» агенттігі» деп ағылшын тілінде жазылып келген агенттіктің атауы енді үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің әрқайсында өз мағынасымен қолданылатын болды.

Жаңадан құрылған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жетекшісі болып осыған дейін мемлекеттік ақпарат агенттігін басқарған, ал оның алдында Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы болған Жанай Омаров жаңадан отырды. Тамыздың 15-күні сайт басшылығын орнынан табу мүмкін болмады. Ал редакция қызметкерлері қандай да түсініктеме беруден қашқақтады.

Сарапшылар «Алма-Медиа» холдингінің құрамында болып келген ақпарат құралдарын жаңа меншік иесінің қоластына беру - заң талабына қайшы екенін айтып отыр.

«Жалпы, заң бойынша, адам сот процесінен өтпейінше, оның ісіне үкім шығарылмайынша, ол кінәлі деп табылмайынша, оның дүние-мүлкінде ешкімнің шаруасы болмауы керек қой», - дейді Қазақстандағы сөз бостандығына бақйлау жасайтын «Әділ сөз» қоғамдық қорының қызметкері Ғалия Әженова.

Қазірде шетелде жүрген Рахат Әлиев биылғы маусым айында Қазақстан билігі оның келісімінсіз өзін меншігінен айырып жатқаны туралы мәлімдеме жасаған болатын. Ал, Әлиевтің иелігіндегі медиа-холдинг құрамында болып келген ақпарат құралдарының басын біріктіріп, жаңадан ашылған «Kazakhstan Today» агенттігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншік иесі кім екені айтылмайды. Расталмаған кейбір деректерде, бұлардың жаңа иесі, Рахат Әлиевтің бұрынғы әйелі, ел президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева деп аталады.

Жаңа серіктестіктің, сондай-ақ, «Караван» газетінің жетекшісі боп Жанай Омаров тағайындалды. Ол өзінің жаңадан шыға бастаған «Караван» газетіне берген алғашқы сұхбатында «бұл жерде бәрі заңды, тек мұрагерліктің жаңа түрі» дегендей ой айтты. Алайда, «Әділ сөз» қорының өкілі Ғалия Әженова бұл істе Қазақстанның заң талаптарына қайшы келетін тұстар барын айтады.

- Омаровтың «біз жай ғана жаңа газет боп шығып отырмыз, ал оларды ешкім жапқан жоқ, шыққысы келсе шыға берсін» деп айтуында негіз жоқ. Өйткені ол - заңға қайшы. Тура осындай жағдай мына «Казахстан тудей» агенттігіне де байланысты. Қазақстанның «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңының оныншы бабына сәйкес, екі бұқаралық ақпарат құралы бір атпен бірдей таралым аумағында шыға алмайды, - дейді Ғалия Әженова.

Осы жағдайдың мән-жайына тереңірек бару үшін Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігіне хабарласқан «Азаттық» тілшісіне өзін таныстырғысы келмеген министрлік шенеунігі былай деп жауап берді:

- Мұндай мәселені білу үшін, сіздер біздің министрліктің атына ресми хат жолдауларыңыз керек. Бұл «бюрократтық волокита» емес, қабылданған тәртіп. Тек сонда өзіңізге керекті жауапты және менің аты-жөнімді біле аласыз.

Бұған дейін Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде Рахат Әлиевтің иелігіндегі «Алма-Медиа» холдингінің құрамында болып келген бірқатар ақпарат құралдарының түгелге дерлігі аз уақыттың ішінде жаңа меншік иесінің қоластына өтті. Әлиевтің меншігіндегі медиа-холдингте тіркелген атпен жаңа «Караван» газеті өткен аптаның соңынан жарыққа шыға бастады. Ал КТК телеарнасының басшылығына бұған дейін Қазақстан президенті әкімшілігінде әлеуметтік-саяси бөлім инспекторы боп қызмет атқарған Арман Шораев тағайындалды.

Қазақстан заң орындары қозғаған қылмыстық іс бойынша, Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке биылғы жылдың қаңтар айында өзінің меншігіндегі «Нұрбанктің» бұрынғы қызметкерлері Әбілмәжін Ғылымов, Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті ұрлады деген айып тағылып отыр. Темірәлиев пен Хасеновтың қайда екені әлі күнге белгісіз.

Мамыр айында Қазақстан заң орындары өзіне қарсы қылмыстық іс қозғаған соң, мемлекеттік қызметтен алынған Рахат Әлиев Қазақстанды ұзақ жылдар бойы басқарып отырған қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын сынап мәлімдеме жасады. Ал маусым айының басында, Қазақстанның сұрауы бойынша, Австрияның заң орындары Әлиевті Вена қаласында ұстады. Арада 1 күн өткенде, Р.Әлиев 1 млн еуро кепіл ақша төлеп және өзін Қазақстанға беру мәселесі Вена сотында шешілгенше өзінің ешқайда кетпейтіні туралы қолхат берген соң, полиция оны босатқан болатын. Ал Рахат Әлиевке халықаралық іздеу жариялаған Қазақстанның сұрауы бойынша тамыздың 8-күні оның ісін қараған Вена соты Қазақстанның өтінішін қанағаттандырмай тастады.
XS
SM
MD
LG