Accessibility links

Бішкекте Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының кезекті саммиті өтті


Тамыздың 16-сы күні Қырғызстан астанасы Бішкекте Шанхай ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттер: Қазақстан, Қырғызстан,Тәжікстан, Ресей,Қытай және Өзбекстан басшылары және осы ұйымға бақылаушы мәртебесіндегі Иран және Моңғолия басшылары мен Үндістан және Пәкістан елінің ресми өкілдері сондай ақ саммиттің арнайы қонағы ретінде шақырылған Түркіменстан президенті мен Ауғанстан президенті және БҰҰ-ның бас хатшысының орынбасары қатысқан жоғары дәрежелі кездесу болып өтті.

Қырғызстан президентінің «Ала-арша» резиденциясының конгресс холлында, ШЫҰ-на мүше елдердің басшылары Орта Азия аймағындағы қауіпсіздік және тұрақтылық мәселелерін сөйлесті. Әсіресе, Ауғанстан жағдайы, ондағы тұрақтылық жағдайдың орнауы Орта Азия елдері үшін аса маңызды болып отырғандығы атап өтілді. Саммитке арнайы қонақ ретінде шақырылған Ауғанстан президенті Хамид Карзай ШЫҰ, аймақтағы есірткі бизнесі, терроризм және екстремизмге қарсы күресті өзінің басты бағыт-бағдары болдырса деген тілек айтты.

Ал Өзбекстан президенті Ислам Каримов осы Орта Азия аймағының көптеген ірі державалық мемлекеттердің геосаяси мүдделі аймағына айналып отырғандығын атады. Ауғанстандағы қазіргі тұрақсыздық жағдай аймаққа тікелей өзінің теріс әсерін тигізіп отыр деп атап көрсетті Өзбекстан басшысы.

Осы мәселеге байланысты Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келер жылдың көктемінде ШЫҰ аясында Ауғанстанға арналған арнайы халықаралық конференцияны өткізу туралы ұсыныс жасады. Ал Ресей президенті Владимир Путин ШЫҰ-ың Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауда салмақты құрылымға айналғанын атады.

Бішкек саммитінде Қазақстан президенті Н.Назарбаев ШЫҰ жанынан энергетика клубын ашуды ұсыныс етті. Ұйымға мүше мемлекеттер кеңістігінде Ресей, Қазақстан, Орта Азия және Қытай елін бір-бірімен байланыстыратын құбыр жүйелері бар екендігі, бұл ШЫҰ аясында ортақ энергия нарығын құруға негіз бола алмақ деді Қазақстан басшысы.

Қазақстандық сарапшы, Қазіргі заман саясаты институтының директоры Бектас Мұқамеджанов ШЫҰ әуелгі баста осы ұйымға мүше елдердің экономикалық байланыстарын нығайтуды көздегенін айта келе, осы мақсатпен энергетика саласындағы ынтымақтастықтың ұштасып жатқанын атады.

«Қазірдің өзінде қазақ мұнайы «Атасу-Алашаңқай» мұнай құбыры арқылы Қытайға тасымалданып жатыр, ал кешікпей Қытай Түркіменстаннан жылына 30 млрд текше метр табиғи газды сатып алмақшы, яғни алдағы уақытта түркімен газы да осы құбырлар арқылы Қытайға тасымалданатын болады», - дейді қазақстандық сарапшы.

Осы жолғы Бішкек саммитінде ШЫҰ-ын кеңейту мәселесі де кейбір жиынға қатысушы елдердің өкілдері тарапынан көтерілді. Мысалы, Пәкістанның сыртқы істер министрі Куршид Махмуд Пәкістан елі ШЫҰ-на мүше болуға аса ынталы болып отыр десе, Иран президенті Махмуд Ахмадинежад өз елі осы Ұйымға мүше елдермен өзінің ынтымақтастығын күшейтуге дайын деген мәлімдеме жасады. Моңғолия президенті Намбарын Энхбаяр да өз елінің ШЫҰ-ына мүше елдермен қарым-қатынасын бұдан да белсенді жүргізгісі келетіндігін жеткізді.

Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Константин Сыроежкин ШЫҰ Хартиясында ұймының басқа мемекеттер үшін ашық ұйым екендігі айтылса да, дәл қазір ұйымды кеңейту мәселесін кейінге қоя тұру жөн деген пікір айтады. Оның айтуынша, осы ұйымға мүше елдер арасында әлі күнге дейін өз шешімін таппай отырған проблемалық мәселелер жеткілікті. Сондықтан, әуелі осы мәселелерді шешіп алу қажет, тек содан кейін барып ұйымды үлкейту мәселесін сөйлескен жөн дейді ол.

Бішкек саммиті қортындысында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, ШЫҰ-на мүше мемлекеттер арасында ұзақ мерзімді, тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. Сондай-ақ, Бішкек декларациясы мен 2002 жылы Санкт-Петерборда қабылданған ШЫҰ-ның аймақтық лаңкесікке қарсы құрылымы жөніндегі келісімге өзгертулер енгізу туралы хаттама қабылданды.
XS
SM
MD
LG