Accessibility links

АҚШ Иранға қатаң шаралар қолданбақшы


Иран Исламдық төңкерісі сақшыларының корпусын шетелдік лаңкестік ұйым деп жариялауды Буш әкімшілігі ойластыруда. Бұл жөнінде аталған әкімшіліктің белгісіз боп қалуды қалаған жоғары лауазымды тұлғасының сөзін келтіре отырып, Құрама Штаттары газеттері жазған болатын. Мұның өзі егеменді шетелдік үкіметтің қарулы күшін АҚШ-тың лаңкестік ұйымдар тізіміне алғаш рет енгізуі болмақшы.

Ирақ пен Ауғанстандағы жауынгерлерді қарумен қамтамасыз етуде және құпия түрде ядролық қару бағдарламасын әзірлеуде, деп Иран елін АҚШ айыптап келеді. АҚШ президенті Джордж Буш өткен аптада Уашингтонда сөйлеген сөзінде:

“Ирақ ішіндегі Иран өкілдерімен кездесуді АҚШ-тың Ирақтағы елшісі Риан Крокерден сұрауымның басты себебі - жарылғыш заттарды және жоғарғы технологиямен әзірленген қолдан жасалған жарылғыш заттарды Ираққа тасымалдап, жеткізіп жүрген адамдар әрекетінің нәтижесі болады деген хабарды Иранға жеткізу еді. Ол жарылғыштардан Ирақтағы америкалықтар қаза болуда”, - деді Буш.

Енді міне АҚШ одан да қатаң шараларды Иранға қолданбақшы. Иран Исламдық төңкерісі сақшыларының корпусын шетелдік лаңкестік ұйым деп жариялауды Буш әкімшілігінің ойластыруда екендігін, аталған әкімшіліктің белгісіз боп қалуды қалаған жоғары лауазымды тұлғасының сөзін келтіре отырып, Құрама Штаттары газеттері жариялады. Бұл шара Құрама Штаттарға аталған корпустың қаржылық есептерін жабуға мүмкіндік береді. Ал егер АҚШ билігі аясында Иран корпусының ешқандай есеп шотының болмауы мүмкін екендігін ескерсек, демек лаңкестік топқа ол корпусты тізімдеудегі басты мақсат - Иранға қарсы саяси және психологиялық қысымды күшейте түсу болмақшы, дейді хабарлар.

Иран Исламдық төңкерісі сақшыларының корпусы 1979-шы жылы құрылған болатын. Оның бөлімшелері Иранның аскери жүйесі бойынша кеңінен таралған. Кейбір есептерге қарағанда, бұл құрама күштерінің саны шамамен 125 мыңға жетіп қалды. Бұл корпус Иран президенті Махмуд Ахмадинежадтың сүйенетін негізгі күші десе болғандай. Ахмадинежадтың өзі - осы элиталық әскери құраманың бұрынғы мүшесі.

Иран Исламдық төңкерісі сақшылары корпусының Иранның өз ішінде кең тұрғыдағы бизнес қызметі мен инвестициясы бар екені белгілі. Олардың шетелде иеліктері бар, жоқтығы айқын емес. Иранда туылған, Лондонда тұратын Алиреза Нуризаде атты журналистің Фарда радиосына айтуынша, Иран Исламдық төңкерісі сақшыларының корпусының есімін лаңкестік тізімге енгізу оның халықаралық деңгейде проблемаларға кезігуіне алып келеді. Мысалы, Иран Исламдық төңкерісі сақшыларының корпусының Еуропа мен Дубайдағы компаниялары бұдан былай өзінің экономикалық және басқа да жұмыстарын оңай жүргізе алмайтын болады, деді Нуризаде. Ол корпусты лаңкестік тізімге енгізу ісін АҚШ ең ерте дегенде осы айда жүзеге асыруы мүмкін. Тіпті ол істің күн тәртібінен алынып тасталуы да ықтимал.
XS
SM
MD
LG