Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.17.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдардың бірі Қазақстан басшысы Н.Назарбаев сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге құқылы ма деген сұраққа жауап іздепті. Сонымен қатар, газеттер Қазақстанда ипотекалық дағдарыс иектеп келетіндігіне мән берсе, тағы бір басылым қысқы Азия ойындарын Алматыда өткізу үшін 750 миллион доллар керектігіне тоқталып өтіпті.

Тамыздың 18-күні Қазақстанға Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтао мемлекеттік сапармен келетіндігі туралы «Айқын» газетінде баяндалыпты. «Оның Бішкектегі ШЫҰ саммитінен кейін ұйымдастырылып отырғанын ескерсек, сапар қырғыз астанасында қол жеткен уағдаластықты баянды етудегі алғашқы қадам болмақ» делінген мақалада. «Бұл сапардың аймақ деңгейіндегі маңызын көрсетеді. Сонымен қатар төрағаның Астанадағы кездесулерінде халықаралық тұрғыдағы жайлар қарастырылып, екіжақты ынтымақтастық мәселесі де талқыланбақ. Анықтай айтқанда, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, Шығыс Түркістандағы «ұйғыр факторына» орай терроризм, экстремизм, сепаратизм тәрізді «үш жұттың» мәселесі, сауда-экономикалық қатынасты дамыту, энергетика, мәдениет және көлік қатынасына қатысты жайлар талқыға тартылмақ. Пекиннің сыңайына қарағанда, қытайлар Қазақстанды Орталық Азиядағы Ресей ықпалында отырған жері үлкен, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ел ретінде қарастырады» деп жазды «Айқын» газеті.

Сонымен қатар, газеттер тамыздың 18-күнгі сайлауға да ерекше мән беріп өтіпті. Мәселен, «Республика» газеті ОБСЕ ұйымының сайлау науқанына қатысты есебін келтіріпті. «Аталған ұйым өзінің есебінде республика президенті Нұрсұлтан Назарбаев аймақтарға жасаған сапарында халықты «Нұр Отан» партиясына дауыс беруге шақырғандығын атап көрсетті» делінген мақалада. «Заңгер Амангелді Шорманбаевтің айтуынша, Н.Назарбаевтың бұл әрекетін жанама түрде үгіт-насихат деп қарастыруға болады. Ал «Сайлау туралы» заңда мемлекет органдарына үгіт-насихат жүргізуге тиым салынған. Адам құқығы жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтистің пікірінше, бұл жағдайды үгіт-насихатқа жатқызуға болады. Алайда негізгі заңға соңғы өзгертулерден кейін біздегі заңдарды қалай илесең солай илене беретін болған» депті Евгений Жовтис «Республика» газетіне берген сұхбатында.

Бұл уақытта «Панорама» газеті «Сайлау» электрондық жүйесі ішкі факторлардың әсерінен сақтанбағандығына тоқталып өтіпті. «Техника ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт Қайрақбаев осындай пікір білдіріп отыр» делінген мақалада. «Ақпараттық технологияның тілін білетін маман ішкі және сыртқы қауіпсіздікті бөле қарау керектігін айтып отыр. Мәселен, «Сайлау» жүйесі сыртқы әсерден жақсы сақтандырылғандығына дау жоқ. Бірақ ол ішкі қауіптен сақтандырылмаған. Мәселен, дауысты санау барысында бір партияның жинаған дауысы көрсетілген деңгейден асып кететін болса, онда оған берілген дауыстар басқаларына есептеліп кетуі мүмкін. Электрондық жүйені осылайша өзгерту оңай шаруа. Оның үстіне, «Сайлау» жүйесі 2004 жылдан бері халықаралық тексеруге түскен жоқ» депті Бақыт Қайрақбаев «Панорама» газетіне берген сұхбатында.

«Айқын» газеті болса Қазақстанда ипотекалық дағдарыс иектеп келетіндігіне мән беріп өтіпті. «Таяуда бүкіләлемдік қаржы дағдарысы тағы басталды. АҚШ ипотекалық компаниялары бір саудада 60 миллиард доллар жоғалтты. Осынау дүрбелеңге орай Қазақстан Ұлттық банкінің өкілдері мәлімдеме жасады» делінген мақалада. «Қазақстанға сырттан ағылуы мүмкін валюта тасқынына мейлінше берік тосқауыл қою шарасы қолға алынған. Сондай-ақ ұлттық валютаны үстеп қоректендіру мөлшері өсірілген. Мұның қаншалықты әсерлі болатынын уақыт көрсете жатар. Десек те бір мәселенің беті ашық, валюта тасқыны Қазақстанның ішкі қаржы рыногына қауіп төндіруін ешқашан бәсеңдетпейді. Қазақстанда ипотекалық баға неге түспей тұр? Біріншіден, бағаның түспеуіне кінәлілердің бірі – Ұлттық банкінің өзі. Өйткені ипотекалық компанияны ұстап отырған басты қожайын осы Бас банк. Міне, баға түссе, ипотека тізбегіндегі екінші тұлға – екінші деңгейдегі банктердің де тығырыққа тірелері сөзсіз. Бұл дегеніңіз, жалпы мемлекеттік қаржы дағдарысы басталды деген сөз» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

Бұл уақытта Қазақстанда 7-ші Азия ойындарын өткізуге 750 миллион доллар қажет екендігі туралы «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде баяндалыпты. «Бұл туралы туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов мәлімдеді» делінген мақалада. «Жетінші қысқы Азия ойындары 2011 жылы Алматы қаласында өтеді. Бұл бәсекеге құрлықтың 30 елінен спортшылар жиналады деп жоспарланған» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG