Accessibility links

Қазақстан президенті Н.Назарбаев Ресей президенті В.Путиннің үшінші мәрте президент мерзімге сайлануын қалайды


Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың пікірінше, Ресей президенті В.Путин тағы бір мәрте президент болып сайлануы тиісті болмақ. Бейсенбі күні Ресейдің «Россия» телеарнасына берген сұқбатында Қазақстан басшысы осындай ой-пікір айтқан.

«Маған бір нәрсе түсініксіз: бүгінгі күні Ресей халқының 70 проценттен астамы оны қолдап отырғанда неге ол осы президенттік орынды тастап кетуі керек? Сондықтан, Ресей халқы бар, Ресей басшылығы, Ресейдің мемлекеттік думасы және үкіметі бар - бәрі В.Путиннің президенттік мерзімін тағы да созу мәселесін қолдап, оны шешулері керек. Мен осыған шақырар едім», - деді Қазақстан президенті.

Сондай-ақ, Қазақстан президенті өз сөзінде: «егер де халық қолдауына ие болып отырған президент билік басында қанша отырамын десе, оны сол елдің халқы ғана шешуі керек, бұған мұхиттың ар жағындағы қайсібір мемлекеттер немесе Еуропа елдері араласпаулары тиіс» деген.

Ресейде президент сайлауы 2008 жылдың наурыз айында өткелі отыр. Ал бұған дейін екі мәрте президент болып сайланған В.Путин үшінші мәрте президенттік сайлауға түспейтіндігін, оның ел конституциясына қайшы келетіндігін әлденеше рет айтып, мәлімдеген болатын.

Қазақстандық сарапшы, Тәуекелдікті бағалау тобының жетекшісі Досым Сатпаев Қазақстан президентінің бұл айтқаны оның ТМД елдері басшылары арасында билік басында ең көп отырған «ақсақал» ретінде айтқан жеке басының ой-пікірі, көзқарасы дейді.

«Орталық Азия елдерінің жетекшілері арасында Қырғызстан президентінен басқалары қалайда билік басында көбірек отыруға дәмелі, сол үшін жұмыс істеп, сол үшін мүдделі болып отыр. Бұл бұрынғы Кеңес одағы құрамында болған осы елдердің басшыларына ғана тән жағдай, сондықтан биліктің ауыспалы болатындығы туралы батыстық демократиялық басқару жүйесіне олар онша құлықты емес», - дейді Д.Сатпаев.

Саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім бір жағынан, расында В.Путиннің өзінің Ресейінде, халық арасында абырой-беделінің жоғары екендігін айтады.

«Ол кісі бәрібір Конституциядан аттап ешқайда кете алмайды, ол туралы өзі әлденеше рет мәлімдеген. Ал екінші жағынан, шынында, Қазақстан президенті ұсыныс еткендей, В.Путин қандай бір жолмен тағы да үшінші мәрте президент тағына отырса, онда бұл Орта Азия басшылары үшін өте ыңғайлы, жақсы жағдай болған болар еді», - дейді Д.Көшім.

Қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаев болса, Қазақстан президенті Н.Назарбаев пен Ресей президенті В.Путин екеуінің шын дос адамдар болғанын ескерсек, оның екі ел халықтары үшін қандай бір пайдасы барлығын сезінсек, онда бұл қолдауды қуаттауға болады деген пікір айтады. Ал журналист Сейдахмет Құттықадам, Ресей президенті кім болатындығын сырттан ешкім қолдап, қуаттап шеше алмайды, оны тек Ресей халқы ғана шешеді дейді.
XS
SM
MD
LG