Accessibility links

Рахат Әлиев бұрынғы қайын атасының басқаруындағы партияны жасырын қордан ақша пайдаланып отыр деп айыптады


Қазақстанда парламенттік сайлауға бір күн қалғанда бірқатар интернет сайттарда Рахат Әлиевтің Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың атына жазған мәлімдемесі жарияланды. Көшірмесін Қазақстанның Бас прокуроры Рәшид Түсіпбеков пен ОБСЕ ұйымының Қазақстандағы сайлауды бақылаушылар тобының басшысына жолдаған бұл мәлімдемеде Әлиев ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясы сайлау алды үгіт-насихат мақсатында 100 миллион доллар көлеміндегі жасырын қаржы қорын пайдаланды, ол қаржы қорын президенттің іс басқарушысы Болат Өтемұратов кәсіпкерлерді міндеттеу арқылы жинаған деп жазылған. Рахат Әлиев мұны «Сайлау туралы заңға» қайшы іс ретінде бағалап, «Нұр Отан» партиясын сайлаудан алып тастау туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасына хат жолдап отыр. Ол өз айтқандарын тиісті дерек-дәйектермен дәлелдей алатынын айтқан.

Қазақстан президентінің бұрынғы үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев тамыздың 17-күні бірқатар интернет сайттарында жарияланған соңғы мәлімдемесінде Қазақстан президентінің іс басқарушысы Болат Өтемұратов «Нұр Отан» партиясының жасырын қорына «Казкоммерцбанк», «БанкЦентрКредит», «Кэпитал Партнерз» сынды т.б. бизнес құрылымдардан 5-10 миллион доллардан ақша аударуды талап ету арқылы жинады деп жазыпты. Сонымен қатар ол өзінің бұл айтқандарын, қажет болса, сот орындары алданында бұлтартпас айғақ-дәйектермен дәлелдеуге әзір екенін айтып отыр.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасының атына жолданған бұл мәлімдемеге байланысты «Азаттық» радиосы осы сайлау коммиссиясы төрағасының орынбасары Ләззат Сүлейменқызынан түсініктеме беруді сұраған еді.

- Ондай интернеттегі барлық елдің мәлімдемелеріне біз баға бермейміз. Оның құқықтық шеңбері, мән-мағынасына қазір сайлауға бір күн қалғанда біз баға бере алмаймыз. Біз өз шаруамызды атқарып жатырмыз, - деп қысқа жауап берді.

Бұл мәселеге байланысты «Нұр Отан» партиясының баспасөз хатшысы Әділ Ибраевтан да толыққанды жауап ала алмадық:

- Бүгін-ертең «Нұр Отан» ешқандай эфирге шықпауы керек. Мейлі, Рахат Әлиев айтса да, өзіңіз түсініп тұрсыз ғой, не айтып жатыр, кім айтып жатыр, не үшін айтып жатыр? Оны түсіндірудің де еш қажеті жоқ, ол әдейі істеп отыр.

Бірқатар саяси сарапшылар Рахаттың бұл мәлімдемесіне ешкімнің құлақ аспайтынын айтады. Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов өзінің «Рахат Әлиевтің бір де-бір сөзіне сенбейтіндігін» айта келіп, оның соңғы мәлімдемесін де «кезекті қитұрқылық» деп бағалады. Тасмағамбетов Әлиевтің бұл мәлімдемесіндегі айыптаулар «теріске шығарылуы керек және тиісті деңгейде тексерілуі қажет» деген ой білдірді.

Ал оппозиция басшыларынң бірі Әміржан Қосанов «бұл мәлімдеме назар аударарлық мәнді болғанымен билік оны елемеуге тырысады» дейді.

- Әлиев мырзаның жоғарғы билікке тығыз жақын болғаны белгілі, сондықтан дәл осындай мәлімдеме жасауының жөні бар деп білеміз. Өйткені ол биліктің ішкі бау-жібін білетін адам ғой. Меніңше, Бас прокуратура осы мәлімдеменің анық-қанығына жетіп, тиісті шара қолдануы керек. Бірақ, бұған менің үлкен күмәнім бар, өйткені Қазақстанның саяси жүйесінде құқық органдарының орны белгілі, олар атқарушы биліктің айтқанынан шыға алмайды, «Нұр Отанның» сөзін сөйлейтіні белгілі. Сондықтан бұл мәлімдеме зерттеледі деп айта алмаймын. Бұл жерде бір нәрсе анық, «жабулы қазан - жабулы күйінде қалады», бірақ қазақ айтқандай – «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», әлі талай сырлар ашылады, - дейді Қосанов.

Қазір президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке қарсы Қазақстанда оның меншігінде болған «Нұрбанктың» бұрынғы басшылары Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың із-түзсіз жоғалып кетуіне және басқа да қылмыстарға қатысы бар деген айып бойынша бірнеше қылмыстық іс ашылып, оған Интерпол арқылы халықаралық іздеу жарияланған. Маусымның бас кезінде Әлиевті Венада ұстап, артынан оны Отанына беру туралы Қазақстан жағының сұранысын қараған Австрия соты, бұл істі Қазақстан соты қарайтын болса әділ өтеді дегенге сенім жоқ деген негізбен, Әлиевті оның қасындағы серіктерімен Қазақстанға қайтарып беруді жөн санамай, босатып жіберген болатын. Содан бері Рахат Әлиев шетелде жүріп оқтын-оқтын шулы мәлімдемелер жасап жүр. Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Ішкі істер министрлігі Австрия сотының мұндай шешіміне келіспейтіндігін білдіріп, «қайткенде де Рахат Әлиевті Қазақстанға алдыруға күш саламыз» деп мәлімдеп отыр.
XS
SM
MD
LG