Accessibility links

Қазақстан оппозициясы сайлаудың алғашқы нәтижелерін мойындамайды


Қазақстанның оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ҚР Орталық сайлау комиссиясының Парламент Мәжілісі сайлауына орай алдын ала шығарған дауыс беру нәтижелерін мойындамайды. Бұл туралы олар Алматыда тамыздың 20-сы күні мәлімдеді. Сайлаудың алғашқы жарияланған қорытындысы «станлиндік жүйені қайтарудың көрінісі» болды деген оппозиция өкілдері, «көшеге шығып халықты арандатуға бармаймыз, сайлаудағы заңсыздықтарды тек заң шеңберінде дәлелдемекпіз» дейді. Сондай-ақ олар, бұрмалаушылыққа жол берген сайлау учаскесінің өкілдерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етпек. Ал оппозициялық партияға дауыс берген қатардағы сайлаушы азаматтар болса: «көшеге шығып әділдікті талап ететін уақыт жетті. Оппозицияны қолдаған халықтың даусы жерде қалмау керек», дегенді айтады.

Орталық сайлау комиссиясының алдын ала жариялаған дауыс беру нәтижелерін мойындамай отырған оппозиция өкілдері: «Нұрсұлтан Назарбаевтың өзгермейтін режимі Конституцияны, ел заңдарын айналдырып, кезекті рет халықтың дауыс беру қорытындысын жаппай бұрмалады», дейді.

«Сондықтан біздің саяси мәлімдемеміз сол - бұл сайлаудың нәтижесін мойындамаймыз. Біздің ендігі жұмысымыз – тиісті жерлерге жүгіну. Болашақта учаскелік сайлау комиссиясы өкілдері мен олардың заңсыздықтарға жол берген бастықтарын қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етпекпіз», - деді Жалпыұлттық социал-демокартиялық партияның белсендісі Әміржан Қосанов.

Оппозиция өкілдерінің айтуына қарағанда, Орталық сайлау комиссиясының сайлауға 64 пайыз сайлаушылар қатысты деген ресми мәліметі дауыс беруге заңды қатысқан азаматтардың нақты санымен мүлде сәйкес келмейді.

«Сайланған бұл парламент Қазақстан қоғамын екі қадам артқа шегіндірмесе алға апара қоймайды. Өйткені, біз кезіндегі КПСС деген Совет одағының орталық бюросы басқарған монополиялы парламентке келдік», - деген Әміржан Қосанов саяси партия ретінде жұмысты жалғастыра беретіндерін айтып отыр.

Соңғы үш жыл ішінде өткен үш сайлауда жеңіліс тапқан оппозиция өкілдеріне: «Ендігі қадамдарыңыз қандай болады? Халықты көшеге шығарып, әділдік талап ету жоспарларыңыз жоқ па?» деген сауалға оппозициялық партия жетекшісі Жармахан Тұяқбай былай деп жауап берді:

-Мұндай арандатушы сұрақтарға жауабымыз – бұл партия тек бір сайлау үшін ғана құрылған жоқ. Біздің мақсатымыз - жеңіліс тапқан соң улап-шулап көшеге шығып, біреудің тұмсығын бұзу емес. Халықтың көзін ашу, олардың саяси белсенділігін көтеру. Соған жету үшін біз жүйелі жұмыс істеуіміз керек. Ал халықты көшеге шығарсақ біреудің мұрны қанайды, біреудің басы жарылады. Сол бізге керек пе? Ондай радикалды жол арқылы біз халықты өзімізден үркітіп аламыз.

Ал осы оппозициялық партияны жақтап дауыс берген Серік есімді азамат өзгеше пікір айтады.

«5 пайыз деген масқара ғой! Реакция болуы керек деп санаймын. Халықты анау «Сарыарқа» бағына жинасын. ОСДП-ға дауыс берген азаматтардың барлығы жиналады. Мен өзім де бердім, оны жасырмаймын. Халыққа әділдік керек. Енді әділдік үшін күреседі деп отырған оппозициядан, шынымды айтқанда, көңілім қалды. Қару жина, тас жина деп жатқан ешкім жоқ. Шығып, өзінің айтатынын айтсын!» - дейді қатардағы сайлаушы Серік.

Серіктің бұл пікіріне қосылатын Айтақын есімді азамат:

«Оппозициялық партия жеңіске жете алмаса да, өздерін қолдаған халық алдындағы жауапкершілігін сезінулері керек. Жауапкершілікті сезіне алмайды екен, онда партия құрмасын! Масқара қылып жатыр, жүріңдер, жігіттер, мына жерге барып, өзіміздің көзқарасымызды айтайық десе болады ғой» - дейді.

Дүйсенбі күні Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы жария еткен дауыс берудің алдын ала қорытындысын «Ақ жол» демократиялық партиясы мойындамайтындарын мәлімдеген болатын. Осы партияныің жетекшісі Әлихан Бәйменов:

«Бас прокуратура мен Орталық сайлау комиссиясына қолымызда бар фактілерді жіберіп, әділдікті талап етеміз. Сайлау заңнамаларын өрескел бұзуға қатысты көптеген фактілер дауыс беру нәтижесінің барлық деңгейде бұрмаланғандығын айғақтайды. Осыған байланысты «Ақ Жол» партиясы дауыс берудің алдын ала шығарылған ресми нәтижесі халықтың шынайы таңдауына сай емес деп есептейді. «Ақ жол» партиясы дауыстың қайта саналуын талап етеді және Мемлекет басшысынан барлық саяси партиялардың қатысуымен сайлау дауыстарын тексеретін және бағалайтын арнайы комиссия құруын сұрайды», - дейді.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов облыстық, сондай-ақ, Алматы және Астана қалалық сайлау комиссияларынан алынған алдын-ала мәліметке сәйкес, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия - 4,62%, Қазақстанның "Ақжол" демократиялық партиясы 3,27% дауыс жинады деп хабарлаған болатын.
XS
SM
MD
LG