Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.24.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдардың бірі Қазақстандағы оппозициялық партиялар бірігуі мүмкін бе деген сұраққа жауап іздепті. Сонымен қатар, газеттер бұрынғы елші Рахат Әлиевтің тағы бір жақтасына іздеу жарияланғандығына мән берсе, басылымдардың бірі Қазақстан көршілес Ресейден қару алатындығына тоқталып өтіпті.

«ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты Қазақстандағы оппозициялық партиялар - «Ақ Жол» мен ЖСДП біріге ме деген сұраққа жауап іздепті. «Тамыздың 23-күні «Ақ Жол» лидерлері Әлихан Байменов пен Людмила Жуланова Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп, дүрсін-дүрсін мәлімдемелер жасады» делінген мақалада. «Біріншіден, «Ақ Жол» партиясы сайлаудың нәтижелері қайта қаралуын талап ету үшін Парламенттен шет қалған саяси партиялардың бірігуін қалайды. Сонымен қатар, «Ақ Жол» басшылары басқа да партиялардың өкілдерімен, тіпті ЖСДП-мен де, қажет болған жағдайда қарсылық шарасын өткізуді ақылдасу жағын ұсынып отыр. Егер билік демократиялық күштердің талабына құлақ аспаса, онда «Ақ Жол» Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалық ету мәселесінде ұстанымын өзгерпек» деп жазды «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.

«Республика» газеті болса Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің мәлімдемесін жариялап, Рахаттың әкесі Мұхтар Әлиев неге Лондонға жіберілмеді деген сұраққа жауап іздепті. Рахат Әлиевтің тамыздың 21-күні жазылған хатында былай делінген: «Кеше менің әкем, академик Мұхтар Әлиевтің үйінде тінту жүргізілді. Оған жиырмадан астам құқық қорғау өкілдері қатысқан. Тінту жұмыстары процессуалдық ережелерге қайша жүргізілген. Нәтижесінде полицейлер менің әкемнің үйіне екі тапанша және мылтық тастап, артынша оны өздері тауып алған. Енді әкемнің үстінен қылмыстық іс қозғау қаупі туып тұр». Сонымен қатар, Рахат Әлиев академиктің Лондонға ұша алмағандығын атап көрсеткен. Осыған орай, «Республика» газеті осыдан 8 жыл бұрынғы Әкежан Қажыгелдинге қатысты оқиғаны еске түсіріп отыр. «1999 жылғы президент сайлауына қатыстырылмаған соң, Қажыгелдин шетелге кетті. Артынша оған он жылға бас бостандығынан айыру туралы айып тағылып, террорлық акті ұйымдастырып жатыр екен деген желеумен қорғаушыларын түрмеге жапты. Тәркіленген қаруларды, сол кезде күшінде түрған Рахат Әлиев ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы департаментіне өткізуді сұраған. Өтініш бір күннің ішінде орындалды. Осыған орай газет редакциясы осындай әрекеттің қаншалықты заңды екендігі туралы ішкі істер министрлігіне хат жолдаған болатын. Біз әлі шындықты білгеніміз жоқ» деп жазды «Республика» газеті.

«Айқын» газеті болса Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаевқа, «Нұрбанктің» қызметкерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті ұрлауға қатысы бар деген айыппен, халықаралық іздеу жарияланғандығы туралы жазыпты. «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы қазір республикадан тыс жерде жүрген көрінеді. Ә.Мұсаев – осы жылдың басында «Нұрбанк» қызметкерлерінің із-түзсіз жоғалып кетуіне байланысты шулы іске қатысы бар бесінші генерал. Бұған дейін қаржы полициясының генералдары Кузьменко, Курбатов, Ибраимов және қауіпсіздік қызметінің отставкадағы генералы Рахат Әлиевтерге адам ұрлау қылмысы бойынша айып тағылған болатын. Алдыңғы үш генерал қазір қамауға алынған, ҰҚК Алматы қалалық тергеу изоляторында отыр. Әлнұр Мұсаев соңғы кездерде КТК телеарнасында қадағалау кеңесінің мүшесі болды. Осы тұрғыдан ол өзінің досы Рахат Әлиевке ара түсіп, мамыр айының басында академик Мұхтар Әлиев, баспагер Андрей Шухов үшеуі кісі өліміне байланысты күнәлардың бәрін құқық қорғау органдарының мойнына жүктеген, республикада үлкен шу көтерген үндеуді жариялаған болатын» деп жазды «Айқын» газеті.

Бұл уақытта «Комсомольская правда: Казахстан» газеті Қазақстан қаруды Ресейден сатып алғалы жатқандығына мән беріп өтіпті. «Қорғаныс министрінің орынбасары Мұхтар Алтынбаев әскерге қажетті қаруды көрші елден сатып алатындығы туралы мәлімдеді» делінген мақалада. «Жақын күндері қазақстандық 10 атқылау ұшағы Ресейде жөндеуден өткізіледі, ал келесі жылы тағы 10 ұшақ көрші елге жетілдірілуге жіберілмек. Тамыздың 22-күні ресейдің «МАКС-2007» салонында екі жақты келісімге қол қойылды. Құжаттың құны - 60 миллион доллар. Сонымен қатар, Мұхтар Алтынбаев Қазақстанның әуе қорғанысы жүйесі де ресейлік «Фаворит» және «Триумф» зымыран жүйелері негізінде жасақталатындығын мәлімдеді» деп түйіндейді «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.
XS
SM
MD
LG