Accessibility links

Өзбек президенті билік басында қалғысы келетінін байқатты


1-інші қыркүйек күні Өзбекстан тәуелсіздігінің 16-жылдығын күнін тойлады. Бірақ өзбек президенті И.Кәрімовтің өзі атап көрсеткендей, биылғы жылдың ең маңызды мәселесі – президент сайлауы. И.Кәрімов сайлауға не түсетіні, не түспейтіні жөнінде әлі тіс жарған жоқ, бірақ өзбек конституциясы бойынша, президент сайлауы алдағы желтоқсан айында өтуге тиіс болса да, И.Кәрімов өзінің кейбір астарлы сөзімен президент билігінен кетуді жоспарламайтынын аңғартқандай болды.

Тәуелсіздіктің 16-жылдығына арналған сенбі күнгі мерекелік салтанатта сөйлеген сөзінде Өзбекстан президенті И.Кәрімов елдің “қысқа мерзімнің ішінде” талай айтулы жетістікке жете алғанын мақтан етті. Әйтсе де, И.Кәрімов баяндамасының негізгі бөлігін келешекке - Өзбекстан конституциясына сәйкес, азамат И.Кәрімов зейнетке шығып, елді Өзбекстан тарихындағы екінші президенті билейтін болашаққа арнады. Алайда, И.Кәрімов – бірнеше айдан кейін зейнетке шығуға дайындалып жатқан адамға ұқсамады.

И.КӘРІМОВ: “Алдымызда тұрған маңызды да кезек күттірмейтін міндеттердің жиынтығы бізден барлық күш-жігерімізді талап етеді. Алға қойып отырған ізгілікті де биік мақсаттарымызға жету үшін біз бар күш-қуатымызды тиімді пайдалануға міндеттіміз. Менің айтайын дегенім – мынадай нәрселерге назар аудару қажет: біріншіден, жетістіктеріміз бен алға басқан қадамдарымызға сын көзбен қарай отырып және тоқмейілсіп отырмай, біз алдымызға билік әрі ұзақ мерзімге бағытталған ізгі мақсаттар қоюымыз керек. Қашан да болсын біздің басты назарымызда болатын міндеттердің ішіндегі бірінші мақсат – ол халқымыздың тұрмысы деңгейін көтеру болып келді және солай болып қала береді”.

Баяндаманың келесі тарауы халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған осы міндеттерді жүзеге асыратын жаңа лидер жөнінде бола ма деген үміт күттірген еді. Алайда И.Кәрімов өз баяндамасының жалғасында желтоқсан айына жоспарланған президент сайлауына қарамастан, билік басында қалу ниетін айқын аңғартқандай болды.

И.КӘРІМОВ: “Бұл үшін – тұрмыс деңгейін жақсарту үшін – экономика қарқынды әрі тұрақты дамуға тиіс, жас отбасыларын қолдау үшін және алдағы 3 жылдың ішінде айлық жалақының, зейнетақының, әлеуметтік өтемақылар мен төлемдердің және стипендияның көлемін 2-ден 2.5 есеге дейін көтеру үшін ауқымды әлеуметтік саясат жүргізу – біздің басты міндетіміз болып қалуы шарт”.

Міне осылайша президент И.Кәрімов билік басында кем дегенде әлі 3 жыл отыратынын анық байқатты.

И.Кәрімов президент тағына екі рет сайланды, ал өзбек конституциясына сәйкес, ол үшінші рет қатарынан сайлауға түсе алмайды. И.Кәрімов билік басындағы мерзімін 1995 және 2002-нші жылдары референдум өткізу арқылы 2 рет ұзартып алды.

Өзбек шенеуніктері, әрине, президенттің қарсылығы болмаған соң, осы жылдың қаңтарынан кейін де И.Кәрімовтің билік басында отыра беруі үшін, президент сайлауы конституция бойынша желтоқсан айының үшінші жексенбісінде, яғни желтоқсанның 23-інде өтуге тиіс деп тапты. Алайда, Өзбекстанда осындай маңызды сайлауға деген пәлендей дайындықтың жүріп жатқаны байқалмайды. Ал тағы да конституция бойынша, президент сайлауының өтетін күні одан тура 3 ай бұрын, яғни 23-інші қыркүйек күні жариялануға тиіс. Биыл әзірше И.Кәрімовтің желтоқсандағы президент сайлауына не түсетін, не түспейтіні жөнінде әлі ешкім тіс жарған емес. 1-інші қыркүйекте сөйлеген сөзінің соңында И.Кәрімовтің өзі болса саяси қайраткерлердің әлденеше рет көтерген қауіпсіздік тақырыбын “елдің тұтастығы мен тыныштығын қорғай алған қазіргі саяси жүйені нығайта беру керек” деп жанама түрде болса да қозғап өтті.

И.КӘРІМОВ: “Үшіншіден, күрделі де түрлі сынға толы қазіргі заманның өзі бізден адамзат баласына төнген түр-түрлі қауіп-қатердің барлығын ұмытпай, еліміздегі тыныштықты, бірлікті және тұрақтылықты нығайтуымызды талап етеді. Біздің назарымыз бен сезімталдығымызды жоғалтпай, шекарамызды қырағылықпен күзетіп, кез-келген қауіп-қатерге тойтарыс бере алатын күш-қуатымызды асыра беруге міндеттіміз”.

Тәуелсіздік күні мерекесіндегі баяндамасында И.Кәрімов билік басында қалуға тырысатыны немесе президент сайлауына түсетіні жөнінде бір ауыз сөз айтпады. Өзбекстандағы соңғы президент сайлауы 2000-ыншы жылдың 9-ыншы қаңтарында болып өтті. Ал сайлаудың сол күні өтетіні 1999-ыншы жылдың 19-ыншы тамызында жарияланды.

AzattyqTV

Қырғыз суретшісі

Лаймен салынған портрет

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG