Accessibility links

Германия ресмилері елде жоспарланған шабуылға Өзбекстанда орналасқан исламшыл топтың қатысы бар дейді


Германия ресмилері елде жоспарланған шабуылдардың артында Ислам Жихады Одағы деп аталатын басында Өзбекстанда орналасқан исламшыл соғысушы топ тұр деп мәлімдеді. Бұл лаңкесттік топ Өзбекстан Ислам Қозағылысынан бөлініп шыққан ұйым делінеді. Аталған екі топ АҚШ мемлекеттік департаментінің террористтік топтар жөніндегі тізіміне енгізілген.

Германия ішкі істер министрі Волфганг Шойбле сәрсенбі күні Берлинде журналистердің алдында сөйлеген сөзінде Ислам Жихады Одағының мүшелері Германияда “өте үлкен” шабуыл жасамақшы болды деп мәлімдеді.

“Әл-Қаидамен өте тығыз жұмыс істейтін Ислам Жихады Одағы Ауғанстандағы германиялықтарға ғана емес сондай-ақ біздің елімізде өте үлкен шабуыл жасамақшы болған. Қауіпсіздік қызметтерімізден білгеніміздей, егер күдіктілер шынымен де ол жоспарларын іске асырғанда, онда шабуылдардың ауқымы әжептәуір үлкен болар еді”, - деді Шойбле.

Ал оның алдында Германия полициясы Германияның әуежайлары мен мейрамханалары және дискотекаларына шабуыл жасамақшы болды деген күдікпен сейсенбі күні 3 адамды қамауға алған болатын.

Шойбленің айтуынша, әлгі үш күдікті ол шабуылдарды халықаралық лаңкесттік желісінің бұйрығымен жоспарлаған. Ұсталған екі кісінің Германия төлқұжаты, ал үшіншісінің Түркия азаматтығы болған.

Германия бас прокуроры Моника Хармстың мәлімдеуінше, Ислам Жихады Одағы суннит мұсылмандардан құрылған және бұл топ негізінде Орталық Азияда белсенділік танытады бірақ оның әрекеттері әлемнің басқа аймақтарына да кеңейген, оның ішінде Еуропаға да.

Кейде Ислам Жихады тобы деп аталатын Ислам Жихады Одағы 2004 жылы Өзбекстанның Ташкент және Бухара қалаларында орын алған бомба шабуылдарынан кейін алғаш рет аталған болатын. 2004 жылдың наурыз бен сәуір айларында болған ол шабуылдардан 47 адам құрбан болған тұғын.

Өзбекстан билігі кейін осы шабуылдарға байланысты басқа да тиым салынған топтарды, оның ішінде Өзбекстан Ислам Қозғалысы мен Хизбут-Тахрир ұйымын айыптаған болатын.

Бірақ шабуылдарға байланысты жауапкершілікті Ислам Жихады Одағы өз мойнына алды.

Сосын осы Ислам Жихады Одағының аты 2004 жылы шілде айында Ташкенттегі АҚШ және Израиль елшіліктерінде болған жарылыстардан кейін тағы да аталды. Ол шабуылдардан 2 адам қаза тауып, бірнеше кісі жараланды.

Содан кейін АҚШ Мемлекеттік Департаменті Ислам Жихады Одағын арнайы тапсырылған ғаламдық лаңкесттік тобы деп атады.

Германия бас прокуроры Хармс Ислам Жихады Одағын Өзбекстан Ислам Қозғалысынан бөлініп шыққан топ деп атады.

Өзбекстан Ислам Қозғалысы Орталық Азияның авторитарлық режімдеріне бағытталады. Ол бұл аймақта Ислам мемлекетін құрғысы келетінін айтқан.

Өзбекстан мен Орталық Азияның тағы басқа елдерінен шыққан соғысушылар өз елдеріндегі қудалану әрекеттерінен аман қалу үшін Ауғанстанға кейінірек 1990-шы жылдары Пәкістанға қашып кеткен.

Өзбекстан Ислам Қозғалысының базасы Ауғанстанда АҚШ жетекшілігіндегі шабуылдарда қиратылған сияқты еді.

Бұл қозғалыстың қалған мүшелері Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы аймақтарда жасырынып жүр делінеді.

Өзбекстан Ислам Қозғалысы өзінің мақсаттары мен философиясы жайында жарияламаған және 2004-ші жылғы шабуылдарға немесе Германияда жоспарланған шабуылға байланысты жауапкершілікті өз мойнына алмаған.

Бірақ Германияда жоспарланған лаңкесттік шабуылдарға Ислам Жихады Одағының болуы мүмкін қатысуы күтпеген жағдай болмады дейді кей талдаушылар.

Солардың бірі Орталық Барлау Агенттігінің ветераны әрі Германиядағы қауіпсіздік зерттеулері бойынша Джордж Маршал Еуропа Орталығындағы тероризм мен қауіпсіздік бағдарламасының басшысы полковник Ник Прэтт.

“Ең алдымен, бұл - күтпеген жағдай емес. Бұл адамдар Әл-Қаидаға қатысты қозғалыстардың бөлігі болып табылады және олар Голландия мен Испания және Лондондағы топтар сияқты дәл сондай іс-қимылдар жасайды. Германияда олар өз әрекеттерін іске асыра алады. Олар бұл жерді жақсы біледі”, - дейді Прэтт.

Оның айтуынша, Ислам Жихады Одағы Германиядағы адамдарды жұмысқа алып оларды Ислам Орталығында радикацияландырады.

Германия ресмилері тұтқындалған 3 кісінің біреуінің елдің оңтүстігіндегі бір мешітпен байланысы бар дейді. Германия полициясы осы уақытқа дейін ол мешітке байланысты күмәнданып келген. Осы мешітті экстремистер шабуылдарды жоспарлау үшін пайдалануы мүмкін, дейді полиция қызметкерлері.

Германия бас прокуроры Хармстың айтуынша, қамауға алынған кісілер Пәкістандағы 2006 жылы жаттықтандыру лагерінде болған.

Алайда кей сарапшылар Германияда жоспарланған шабуылға Ислам Жихадының қатысы бар екеніне күмән келтіреді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG