Accessibility links

Қазақстанда электр қуатының бағасы қымбаттайды


Қазақстанда электр қуаты тарифтері 2015 жылға дейін біртіндеп көтеріліп бір киловатт сағат құны орта есеппен 10 теңге болады. Бұл туралы Астанада қыркүйектің 7 күні үкімет отырысында Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев хабарлады.

Сауат Мыңбаевтың айтуынша, Қазақстанда барлық электр станциялары жеке меншік қолда. «Сондықтан егерде шығын өтеліп пайда түспесе жабдық жаңартуға инвестиция салынбайды. Ал шығын өтелу үшін тариф жоғары болу керек», дейді Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша энергетиктер әдейі шығынымыз көп деп жазып оны тарифке енгізеді. «Неге электр қуатының ұрлану көрсеткіштерінің тарифтегі үлесі үлкен және ол көршілес облыстарда әр түрлі, мысалы «Оңтүстік жарық» компаниясында үлес 29 пайыз болса, Қызылорда облысында 41 пайыз», дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі бердібек Сапарбаев.

Бұған дейін электр қуатын таратушы «Кегок» компаниясын басқарған «Самруқ» холдингісінің төрағасы Қанат Бозымбаевтың айтуынша электржелілерінің 60-80 пайызы тозған. «Қызылордада электр қуатының 40 пайызы жоғалып кететін себебі ол өлкенің электр желілерінің 90 пайызы тозған», дейді ол. Электр қуаты тарифтері жөнінде сөз алған адамдардың айтуынша Қазақстанның Оңтүстігінде тариф көтерілсе Солтүстіктеде қымбат тариф болады. Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша тариф бірінші кезекте Оңтүстікте көтеріледі.

Қазақстанның индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақовтың айтуынша электр қуатының тарифтері көтерілсе химия және мұнайхимия кәсіпорындары өз өнімінің құнын өзгертуі мүмкін. «Себебі оларда өнімнің өзіндік құнының 40 пайызын электр шығыны құрайды», дейді ол. «Неліктен бұған дейін бағасын көтермеген энергетиктер енді бағасын көтермек», дейді Қазақстанның индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов.

Қазақстанның индустрия және сауда министрінің мәліметінше Шығыс Қазақстан облысында электр қуатымен жұмыс істейтін компания өзінің еншілес компаниясы саналатын саудагер компания құрып алған. Қазақстанның Монополияға қарсы агенттік төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың айтуыншада салада делдал көп:

- Бір мысал, «Астанаэнергия» компаниясы, өткенде өздеріңіз білесіздер, 55 пайызға көтереміз тарифті деп шыққан. Ал, олар көмірді делдалдардан 161 теңгеге қымбат алады.

Ал, Қазақстан тұрғындарының айтуынша энергетика саласындағы монополистер халықты емес тек өзінің қалтасын ойлайды:

- Тозған дегенімен жаңалауға мүмкіншілік барғой. Бірақ, олар оны істемей отыр. Ал халықтың 50 пайызы кедей.

- Бізде әлі монополистер көп. Пайдамыз жоқ деп, пайдасын көрсетпейді.

Ал Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың айтуынша электр қуатының құны арзандамайды. «Ешбір кәсіпорын үшін бағаны әдейі төмендетпейміз. Баға базардағыдай болады. Біз жалпы әлемдік бағаға қозғалып келеміз», деді Мәсімов.

Энергетика министрлігінің мәліметінше АҚШ-та бір киловат сағат құны 15 цент тұрады. Теңгеге шаққанда 18 теңге. Қазір Астанадағы тариф 5 теңге шамасында.
XS
SM
MD
LG