Accessibility links

АҚШ әскерлерінің бас қолбасшысы Конгресті Ираққа қатысты берілмеуге шақырды


Ирақтағы АҚШ әскерлерінің бас қолбасшысы Дэвид Петреус пен АҚШ-тың Бағдадтағы елшісі Райан Крокер Конгресті Ираққа қатысты берілмеуге шақырды. Олардың айтуынша, Ирақта саны көбейтілген АҚШ күштері алдына қойған мақсаттарына айтарлықтай жеткен, бірақ Ирақ үкіметі ұлттық татуласу мәселесінде алғабасушылық жасамаған. Бұл туралы Петреус пен Крокер АҚШ Конгресінде Ирақтағы ахуал бойынша есеп берген кездерінде айтты. Олардың баяндамасы Ирақ соғысының одан әрі қаржыландырылуы үшін маңызды деп есептеледі. Сондай-ақ ол АҚШ саясатына ықпал етуі әбден мүмкін, себебі келесі жылы қараша айында өтетін президент сайлауына қатысты науқандар күшейе түседі.

АҚШ әскерлері қашан өз үйлеріне қайтады? Осы сауал көптеген американдықты мазалайды.

Бұл тұрғыда генерал Петреус мынадай жауап қайтарды:

“Меніңше, қол жеткізуімізге өте қиын болған қауіпсіздікке қатысты жетістіктерімізге қауіп төндірместен, біз өз күштеріміздің санын келесі жылдың жазына дейін бұрынғы деңгейіне азайта алатын шығармыз”.

Ал енді сандарға тоқталып өтейік. Қаңтар айында, президент Буш Ирақтағы АҚШ күштерінің саны 21 мыңға көбейетін болады деп жариялаған тұғын. Осы жылдың жазында олардың саны 30 мыңға асырылды. Осы айдан бастап келесі жылдың шілдесіне дейін АҚШ әскерлері Ирақтан біртіндеп шығарылса, онда Ирақта шамамен 130 мың АҚШ сарбазы қалады.

Петреустың айтуынша, жаздан кейін АҚШ әскерлерінің қандай кесте арқылы шығарылатындығы туралы айту әлі тым ерте.

Петреус пен Крокердің мәлімдемелерінің алдында, Ирақ соғысында елеулі тіпті айтарлықтай алғажылжушылықтар бар делінген бірнеше баяндама шыққан болатын. Бірақ ол баяндамаларда сондай-ақ Ирақ премьер-министрі Нури Әл-Маликидің үкіметі елдің мұнайынан түскен табысты бөлісу және ұлттық татуласу мәселесінде алға басушылық жасамады делінген еді.

Ал енді Петреустың айтқандарына қайта оралайық. Оның мәлімдеуінше, Ирақтағы АҚШ әскері күшейтілген сәттен бері өте қауіпті деп есептелетін Бағдадтың батысындағы Анбар өлкесінде қауіпсіздік жағдайы жақсарған. Бұдан бұрын Ирақтағы Әл-Қаиданы қолдаған жергілікті суннит шейхтері қазір енді американдықтарға ниеттестік танытуда, деді Петреус.

“Анбар провинциясында тайпалар Әл-Қаидадан бас тартып, ол аймақта айтарлықтай өзгерістер орын алуда. Мұндай әрекеттер басқа жерлерге де таралып жатыр”, - деді Петреус.

Оның алдында ол өз ұстанымы туралы АҚШ күштеріне жазған хатында айтқан болатын. Петреус АҚШ әскерлерін соңғы 8 айда қол жеткізген жетістіктері үшін мадақтаған, ал Ирақ үкіметін бұл тұрғыда алға басушылық жасамады деп сынаған. Райан Крокердің дүйсенбі күнгі тақырыбы осы мәселелерге арналды.

Ал Ираққа қатысты тыңдауларда төрағалық атқарған Демократтар партиясының өкілі Айке Скелтон аталған мәселеге қатысты Крокердің айтқандарына күдікшілдік танытты.

“АҚШ әскерлерін көбейту жөнінде қаңтарда кейін ақпан айында жарияланды. Қазір қыркүйек айы өтіп жатыр. Әскерлердің саны көбейеді делінгеннен бері Ирақ басшылары ұлттық татуласуға байланысты елеулі алға-жылжушылық жасамады. Неге енді біз, Конгрестегіле, алдағы 6 ай бұрынғы айларға қарағанда өзгеше болады деп ойлауымыз керек?” – деді Скелтон.

Бұған жауап ретінде Крокер мырза Ирақ үкіметінің шыныменде баяу алғабасушылық жасап жатқанын мойындады бірақ ол бұл мәселеде когрестегілерді шыдамдылыққа шақырды. Сонымен қатар Крокер АҚШ күштері тезарада шығарылса, Ирақ пен Таяу Шығысқа үлкен проблема туғызады деді.

“Бұл сценарийде Иран сөзсіз жеңіске жетіп, Ирақ ресурстарына бәлки оның жеріне ықпалын күшейтуі мүмкін. Иран президенті Ирақтағы кез келген босқуысты Иран толтырады деп айтқан болатын. Мұндай жағдайда Әл-Қаида мен басқа да экстремисттік топтарға қарсы жасалған іс-қимылдардағы жетістіктер оңай жойылуы мүмкін”, - деді Крокер.

Дүйсенбі күні өткен және сейсенбіде жалғасатын тыңдаулар Ирақ соғысының одан әрі қаржыландырылуы үшін өте маңызды деп есептеледі. Сондай-ақ ол АҚШ саясатына ықпал етуі әбден мүмкін, себебі келесі жылы қараша айында өтетін президент сайлауына қатысты науқандар күшейе түседі.

Жалпы енді Конгрестің нұсқауы бойынша президент Буштың өзі сенбіге дейін Ирақтағы ахуалға байланысты баяндама жасауға тиіс. Оның баяндамасы Петреус пен Крокердің есептеріне негізделетін болады, бірақ ол баяндаманың нақты қашан жариялатындығы әзірше белгісіз.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG