Accessibility links

Швециялық хакер Қазақстан елшілігінің электрондық поштасына кіріп кетіпті


Дан Егерстад деген 21-жасар компьютер бұзақысы бірнеше мемлекет елшіліктерінің және бірнеше жеке компанияның электрондық пошталарын ашып қойған. Ол барлығы жүзден аса электрондық парольді бұза білген. Бұл жас азамат парольдерді кездесойық жағдайда бұздым, қастандық ойластырған емеспін, қоғам назарын қауіпсіздіктің қамтылмағанына аудармақ едім дейді.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, швециялық хакер жауапқа тартылып жатқан жоқ. Дан Егерстадтың өзі электрондық парольдердің кілттерін таба алдым, бірақ бөтен электрондық хаттардың өздерін оқыған емеспін, сондықтан заң бұзған жоқпын дейді. Дан Егерстад осы пайдаланушылардың электрондық парольдері оңай оқылып қалады екен деген мәселені ғана көтердім, парольдері ашылып қалған елшіліктер мен компаниялардың әр қайсысымен жеке-жеке хабарластым, мәселені алдарына қойдым дейді. Жалпы, Дан Егерстад 26 елшіліктің электрондық пошталарына кірген, олардың сыртында Өзбекстанның алты консулдығының парольдерін бұзған. Ресейдегі мамандардың айтуына қарағанда, Дан Егерстад электрондық пошталар тіркелген ортақ веб-сайтқа кіре білген, оның хакерлік тәсілі негізінен осындай. Құпиялалары ашылып қалған елшіліктердің арасында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Пәкістан, Үндістан және Иран елшіліктері бар. Ол, сол сияқты, Қытайда орналасқан қоғамдық ұйымдар мен Тибеттің рухани жетекшісі Далай Ламаның қоғамдық кеңселерінің электрондық пошталарын бұзған. Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің он электрондық адресі ашылып қалған екен.

Бұл іс бойынша қылмыс тергеуі ашыла ма, жоқ па анық емес. "Азаттық" радиосының Өзбек редакциясына сипаттама берген Швеция ұлттық қауіпсіздік мекемесінің офицері Өзбекстан елшілігі шағым түсірсе, тергеу жүргізіледі дейді. Есімін жарияламауды сұраған бұл қызметкер біреудің құпия мәліметін ашқан азамат жауапқа тартылуы мүмкін дейді:

- Өзбек елшілігі бұл жайында шағым түсірсе, нақты полиция орындары мәселені тергейтін болады.

Швециялық жас хакер шетел елшіліктері мен ұйымдарының электрондық пошталарын ашқаны былай тұрсын, оңай құрастырылған парольдердің тізімдерін интернет-блогінде жариялады. Дан Егерстад парольдері ашылып қалған барлық мекемелермен хабарластым, жағдайды түсіндірдім, тек ғана Иранның Швециядағы елшілігі мәселе көтергеніме рахмет айтты, өзіме жауап қатты дейді. Дан Егерстад олардың хаттарын оқыған емеспін, тек ғана электрондық парольдері қарабайыр екендерін айтқым келді, мәселені шешуге оларға көмектескім келді дейді:

- Біраз тынышталып, алғашқы шоктан өткен соң, олар жүйелерін әдейі бұзып кірмегеніме не болмаса хакерлік қимылға ұқсас қимыл жасамағаныма көз жеткізетін болады. Олардың үлкен проблемасы бар, мен мұны сондықтан жасадым.

Дан Егерстад, жалпы, Швеция оңтүстігінде, Малмо қаласында тұрады. Ол Дания мен Швеция компанияларында жұмыс істеймін, қауіпсіздік саласының маманымын дейді. Дан Егерстад электрондық қауіпсіздіктің қамтылмай жатқаны үлкен мәселе, электрондық парольдерді ашуға кез-келген адамды екі минуттың ішінде үйретуге болады дейді.

Компьютер бағдарламаларын шығаратын "Семантик Эй-Би" компаниясында істейтін қауіпсіздік маманы Пер Хеллквифт бұл расында да нақты проблема дейді. Зұлым хакерлердің құпия ақпаратты ашулары бір басқа, ал егерде олар құпия ақпаратты жариялап жіберсе тіпті жаман, бұл өте үлкен нұқсан келтіруі мүмкін дейді. Сондықтан Дан Егерстад жөнсіз тәсілді пайдалана берсе басына пәле тілеп алуы мүмкін дейді компьютер қауіпсіздігінің маманы.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG