Accessibility links

Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған жердегі суда гептил табылмады


Бұл туралы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ал, бұған дейін Қазақстан ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев зымыран ұшар кезде оның ішінде уытты отынға жататын 649 тонна гептил болғандығын және құлаған соң оның ішінде тек 218 тонна қалғандығын хабарлаған еді. Демек, зиянды заттың едәуір бөлігі не жерде, не аспанда тарады деді ол.

6-қыркүйек күні түнде Байқоңырдан ұшырылған «Протон-М» зымыран тасығышы Жезқазғаннан өте алыс емес жерде құлады. Алдын ала берілген мәліметтерге сүйенсек, «Протон-М» зымыран тасығышының құлауына тарту күші векторын басқаратын тізгіндік машиналардың істен шығуы себеп болған. 12-қыркүйекте Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі апат болған жердегі гептил мөлшері шектеулі шамадан 1-ден 7 есеге артық, деп хабарлады. Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, апаттың экологиялық шығыны бұған дейінгі «Днепр» апатынан әлдеқайда артық болады.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметінше, соңғы 11 жылда болған бұл алтыншы апат. Сондықтан Қазақстан заңдарына және ресейліктермен жасалған халықаралық келісімдерге сәйкес, Қазақстандағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алып отырған Ресей тарабына қатысты экологиялық талаптар күшейтіледі деп хабарланды. Ал үкімет отырысында апат болған жердегі адамдардың денсаулығы туралы сөз қозғалмады. Премьер Мәсімов болса орынбасарына тапсырма беріп, «президенттің күзет қызметімен, ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу керек, қалайша біз президент сапарымен жүрген кезде «Протонның» Жезқазғаннан 80 шақырым жерде құлауына жеткіздік», деді.

Бертін келе қыркүйектің 12-күні Парламент мәжілісінің депутаттары Қазақстан аумағында "Протон" зымыран тасығышының құлауы салдарынан ауа мен топыраққа сіңген гептилдің адам денсаулығына қандай әсер ететіндігін білгіміз келеді деген мәлімдеме жасады. Мәжіліс депутаты Ерлан Нығматуллин елдің премьер-министріне жолдаған депутаттық сауалында айтып өткендей «1999 жылдың қазаны мен маусымдағы екі апаттан кейін Денсаулық сақтау министрлігі гептилдің тұрғындардың денсаулығына тигізетін әсерін зерттеуге шешім қабылдаған. Бірақ ол өз нәтижесін бермеді»,- деді депутат. Ерлан Нығматулин «осы зерттеуді аяқтау қажет деп санаймыз»,- деді.

13-қыркүйекте біріккен Қазақстан-Ресей штабы «Протонның» құлауынан келген шығын көлемін анықтауға кірісті. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Наталья Кимнің айтуынша апат болған аймақтан алынған суды экологиялық мониторинг зертханалары зерттеген. «Талдау нәтижесінде суда гептилдің жоқ екендігі анықталып, екіжақты хаттама рәсімделді», дейді ол.

Саясаткер Зәуреш Батталованың пікірінше, бұл ақпарат қаржыны үнемдеу үшін таратылып отыр:

- Ол суды халық ішпеу керек, сондай жағдай жасаса, онда барлық халықты сумен қамтамасыз ете алмайды. Оған бюджеттен көп шығын шығу керек. Онда сол жерден халықтың бәрін көшру керек. Сондықтан гептилдің ауада бар, топырақта бар, ал суда жоқ дегені қаржыны бөлмес үшін жасалып отыр.

Апат болған аймақта суды ішуге болады ма деген сұраққа Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Наталья Ким, «бұл шарушылық іс, қалай болғандада ресми комиссия осындай тұжырым шығарды», деді.

Саясаткер Зәуреш Батталованың айтуынша, жергілікті билік апаттың экономикалық және экологиялық шығыннан гөрі екі ел арасындағы қарым-қатынасқа көбірек көңіл бөледі:

- Біздің биліктегілер халықтың, өз жерінің, елінің ойын емес басқа елдегі өз имиджін ойлайтын іс әрекетпен шұғылданып отыр деп тура айтуға келеді.

Ресми мәлімет бойынша «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған жерде диаметрі 45 метр тереңдігі 10 метрден артық шұңқыр пайда болды, соңғы мәлімет бойынша мұндай 4 шұңқыр бар. Және «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған жерде зымыранның 22 сынығы табылды.
XS
SM
MD
LG