Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.18.2007 жыл


Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің екі оққағарының өз еріктерімен Венадан елге қайтып оралуы сейсенбі күнгі жарық көрген басылымдардың барлығында дерлік сөз болады. Сонымен бірге Қазақстан президенті отбасының тағы бір сәбимен кеңеюі де қазақстандық басылымдардың назарын аударады.

Сейсенбі күні жарық көрген республикалық басылымдардың барлығы дерлік «Нұр банк» ісі бойынша күдіктілер Рахат Әлиевтің оққағарлары – Айдар Бектібаев пен Сергей Кошлайдың қазақстандық құқыққорғаушыларға өз еріктерімен беріліп, тергеу ісіне көмектесуге әзір екендіктерін айтқанын хабарлайды. Алайда, халықаралық іздеуде жүрген азаматтардың қалайша шекарадан кедергісіз өтіп, Қазақстанға қашан, қандай жолмен келгендігі туралы қазақстандық газеттер әр түрлі ақпарат береді.

Мысалы, «Экспресс К» газетінің айтуынша, «қалыптасқан жағдайды таразыға салып, мұқият сараптаған Әлиевтің оққағарлары Қазақстанға келуге өздері шешім қабылдаған. Жеке мүмкіндіктері мен жедел әрекет жасау тәжірибелерін пайдалана отырып, олар Австриядан шығып кеткен».

«Жас алаш» газеті болса, Рахат Әлиевте де және оның жанындағы басқа күдіктілерде де бірнеше жалған құжаттан болғандығын естігендерін жазады. «Бектібаев пен Кошлай да Алматыға сондай жалған құжатпен келуі әбден мүмкін. Алматы қалалық ішкі істер басқармасына олар кеше келіпті», - деп хабарлайды «Жас алаш» газеті. Ал «Время» газеті екі оққағардың демалыс күндері Рахат Әлиевтің жіті бақылауынан сытылып шығып, Венадағы қорғалатын үй-жайдан қашып, құпия түрде Қазақстанға жеткендігін жазады.

«Время» газетінің жасырын ақпарат көзінің мәліметтеріне қарағанда, бұл адамдардың күәгерлік етуі Темірәлиев пен Хасеновтің ұрлануынан бөлек тележүргізуші Анастасия Новикованың тапсырыспен өлтірілуі және бақа да Қылмыстық істер кодексінің 8-ші бабы бойынша қылмыстың бетін ашпақ. «Рахат Әлиевтің қашан, қалай және неліктен Рахат Әлиев қылмыстық топтың лидері болғаны, қалай қаржылық алаяқтық жасағаны, Темірәлиев пен Хасеновті қашан, қайда және қанша уақытқа апарғаны, олармен содан кейін не болғаны белгілі болыпты», - дейді «Время» газеті.

«Айқын» газеті «Венадан қашқан қазақтар» деген мақалада «олардың мұнда жүргенін президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев білмеуі мүмкін» деп болжам жасайды.

«Литер» газеті болса, олардың Анастасия Новикованың өліміне еш қатысы жоқ екендігін айта отырып, екі оққағардың мәлімдемесінде бұлыңғыр тұстардың көп екендігіне тоқталады. «Кошлай мен Бектібаевтың мәлімдемесіндегі өлім жазасы туралы айтылуы таңданыс тудырады», - дейді газет тілшісі. «Қазақстанда бірнеше жыл бойы бұл жазаның түріне қатысты мораторий жарияланғаны белгілі. Бірақ Қазақстан ішкі істер министрлігінің өкілі Бағдат Қожахметовтің сөзіне қарағанда, Рахат Әлиев бізде жағдайдың басқаша екендігіне австрия өкіметінің көзін жеткізе алған» деп жазады «Литер» газеті. Бұл уақытта Рахат Әлиевтің бұрынғы әйелі, Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның Алматыда қуанышқа бөленіп жатқандығы баяндалады «Президент бірнеше мәрте ата атанды» деген мақалада. «Жексенбі күні Алматыдағы 3-ші перзентхан ада босанған Президенттің кіші қызы Әлияны алғашқы болып Дариға Назарбаева мен Динара Құлыбаева құттықтады», - деп хабарлайды «Литер» газеті. «Әлия Нұрсұлтанқызының босануы қазақстан элитасына патриоттықтың үлгісіне айналуы тиіс», - деп есептейді газет тілшісі. Өйткені, «соңғы уақытта біздің шенеуніктердің әйелдері мен қыздарының республикад босануды жаман әдепке балайтын болды. Олар біздің емханадардан гөрі еуропалық және израильдік емдеу орындарын жөн көреді», - дейді «Литер» газетінің тілшісі.

«Айқын» газеті Әлия Нұрсұлтанқызының қалалық 3-ші перзентаханасының VIP палатасында босанғанын және ондай палатар тәулігіне 17-50 мың теңге алатынын анықтапты. «27 жастағы Әлияның Данияр Хасеновпен отасқанына биыл маусым айында бес жыл толады, ерлі-зайыптылар оны арнайы атап өткен болатын. Әлі аты қойылмаған сәби – президенттің кенже қызының отбасындағы тұңғыш бала», - дейді «Айқын» газетінің тілшісі. Сонымен бірге «Айқын» газеті алғашқы бетінде демалыс күні тағы бір белгілі әулет - Төтенше жағдайлар министрі Виктор Храпуновтың үйінде де айтулы оқиға болғанын хабарлайды. Газеттің хабарлауынша, министр Виктор Храпунов ірі банк басшыларының бірі, бұрынғы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен құда болған. Храпуновтың ұлы басына оюланған қазақы тақия киіп, жұбайымен некесін молдаға қидырғанына ерекше атап өтеді «Айқын» газеті. «Неке суын ішіп, Құранды қолдарына ұстаған Ілияс пен Мәдина мәңгі жұптарын жазбауға уәде етті», - деп аяқталады «Айқын» газетіндегі мақала.
XS
SM
MD
LG