Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.25.2007 жыл


Парламент сайлауынан кейінгі Қазақстан оппозициясының жағдайы сейсенбі күні жарық көрген қазақстандық басылымдарда талқыланады. Мысалы, кейбір басылымдарда парламентке барған билік партиясының оппозициялық партиялармен байланысы нығая түсетіндігі айтылса, енді бір газеттерде қазақстандық оппозицияның соңғы жылдары пәрменінен айырылғандығы сөз болады. Сонымен бірге Қазақстанның 2009 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық ету мүмкіндігіне байланысты Варшавада пикет ұйымдастырылуы да газеттердің назарын аудартқан.

Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің отырысына қатысып, Қазақстанның осы ұйымға 2009 жылы төрағалық етуі жөнінде баяндама жасағандығын айтады. Кездесулер барысында «ЕҚЫҰ мүшесі болып табылатын көптеген елдердің Қазақстанның төрағалығы жөніндегі ұстанымдары тұрақты екендігін, олардың бізді қолдап отырғандығын айқын сезіндім», - дейді Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев «Егемен Қазақстан» газетінде. Ол өз сұқбатында Қазақстанның 2009 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі бойынша нақты шешімнің қараша айында Мадридте қабылданатынын еске салады.

Ал «Варшавада ашылған ЕҚЫҰ-ның адам өлшемі бойынша жыл сайынғы конференциясы шатақ жағдайдан басталды. Конференция өтетін қонақ үйдің алдында Польшадағы қазақтар пикет ұйымдастырып, өздерінің тарихи отандарын ЕҚЫҰ төрағалығына демократиялық талаптарды орындамайынша жібермеуді талап етті» деп жазылған «Время» газетіндегі «Польшадағы есеңгіреу» атты мақалада. Пикетті ұйымдастырған Польшадағы қазақ қауымдастығының төрайымы Бәлия Мажецтің айтуынша, жиынға қатысушылар конференция алдында петиция таратқан. Ғимаратқа кіре берістегі үстелдің үстінде жатқан конференцияға қатысушыларға арналған петиция көшірлемелерін тартып алуға тырысқан Қазақстанның Польшадағы елшілік қызметкерлерінің әрекеттері қонақтардың алдында Қазақстанның абыройын арттырған жоқ деп есептейді пикет ұйымдастырушы Польшадағы қазақ қауымдастығы. Петицияда олар конференцияға қатысушылар назарын, қазақстандық БАҚ-ның қиын жағдайы мен парламентке бір ғана партияны әкелген Қазақстандағы соңғы парламент сайлауына аудартқан.

Парламенттегі қазіргі жалғыз партия – «Нұр Отан» партиясының төрағасың бірінші орынбасары Бақытжан Жұмағұлов «Жас алаш» газетінде оппозициялық партиялармен байланыс үзілмегендігін алға тартады. «Біз олармен дөңгелек үстелдерде, конференцияларда кездесіп жүрміз. Қазан айының басында осындай саяси партиялардың барлығының басын қосатын бір дөңгелек үстел ұйымдастырып, өзекті мәселелерді талқыласақ деп жоспарлап отырмыз. Егер тиімді ұсыныстар болса, оларды қарауға дайынбыз», - дейді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Жұмағұлов «Жас алаш» газетінде. Сонымен бірге ол алдағы уақытта барлық партиялардың басын қосатын арнайы жиыластар ұйымдастырылатындығын айтқан.

Осы партияның тағы бір орынбасары, «Қазына» тұрақты даму қорының төрағасы Қайрат Келімбетов те «Айқын» газетінде «Ауыл» мен «Ақ жол» партияларының кейбір ұсыныстары назар аударуға тұрарлық деп есептейтіндігін жеткізіпті. «Егер олар тек сайлау науқаны кезінде айтқан әңгімелерімен шектелмей, өз ұстанымдарына беріктік танытып жатса, ол ұсыныстарды бірлесіп талқылауға болады», - дейді Қайрат Келімбетов «Айқын» газетінде.

«Экспресс К» басылымы да сейсенбілік санында қазақстандық оппозицияның қазіргі жағдайына назар салады. «Қазақстандық оппозиция парламент сайлауында сенімді түрде жеңіліп, енді есесін басқа жақтан алуға шешім қабылдапты: оппозиционер Болат Әбіловтің 50 жылдық мерей тойы өзінің сән-салтанаты жағынан Алматы мен Сарыөзектегі барлық тойлардан асып түсті» деп басталады «Экспресс К» газетіндегі «Оппозицияның тоқшылығы мен жоқшылығы» атты мақала. Саясаткердің туған күнінің қандай жағдайда өткендігін тәптіштей отырып, мақала авторы тойда оппозицяның «өткен сайлауда сөзсіз жеңіске жеткендігін, бірақ оны биліктің ұрлап алғандығы» айтылғандығын жазады. «Сайлау науқаны кезінде өзінің толық дәрменсіздігін көрсеткен Жалпыұлттық социал-демократиялық партия әдеттегідей бәрін билікке жабады», - дейді «Экспресс К» газеті. «Бірақ ЕҚЫҰ-ның өзі күмән келтіре алмаған сайлау қорытындысы биліктің емес, оппозицияның соңғы жылдардағы қалпында өзін-өзі толық құртып біткенін айғақтап берді», - дейді газет тілшісі. Қазақстанға елдің дамуы бойынша балама бағдарламалар жасай алатын, жаңа идеялар ұсынатын конструктивті оппозицияның қажеттігін айта отырып, «мұндай оппозиция болашақта пайда болатын шығар» деп, мақаласын қорытындылайды «Экспресс К» газетінің тілшісі.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG