Accessibility links

Қазақстанда көппәтерлі үйлердегі меншік иелерінің жауапкершілігін арттыру көзделіп отыр


«Қазақстандағы көп пәтерлі тұрғын үйлердегі шатыр, лифт, баспалдақ, кіре беріс және жертөлені жөндеуге кететін шығынның бір бөлігін пәтер иелері төлеуге тиіс». Астанада қыркүйектің 25 күні өткен тұрғын - коммуналдық шаруашылық мәселесіне арналған үкімет отырысында Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов осындай ұсыныс жасады. Тұрғындардың өкілдері болса пәтер иелері кооперативтерінің тарифтерін көтеруге қарсы, тіпті тұрғындар көтеріліске шығыуы мүмкін дейді олар.

Қазақстанның Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов көп пәтерлі тұрғын үйлердегі пәтер иелерімен жасалған құжаттарды өзгертіп шатыр, лифт, баспалдақ, кіре беріс және жертөлеге сол үйдегі тұрғындарға ортақ меншік жасап қайта тіркеуді ұсынды. Оразбақовтың айтуынша, содан кейін пәтер иелері кооперативтерінде тұрғындардан жиналатын ақшаны екі есеп шотқа жинау керек. Біреуінен қаржы күнделікті жөндеуге жұмсалса, екіншісіндегі ақша күрделі жөндеу жұмыстарына көзделеді. Ал осы жаңа енгізулер жөнінде тұрғындардың пікірі сұралды ма деген сұраққа Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов сұрамадық, бірақ, меншікке меншік қосылған тиімді деген көзқарасын білдірді:

- Тұрғындардың өздерінен сұраған жоқпыз. Біраз әкімдермен, пәтер иелері кооперативтері төрағаларымен, депутаттармен сөйлестік. Қазір кейбір пәтер иелері кооперативтері жертөлелерді жалға береді. Ал жаңа енгізулерді енгізсек, олар азаматтардан сұрау керек болады, жалға беруге бола ма қанша ақша түседі, ол ақшаны қайда жібереміз деп. Сол сұрақтар азаматтармен келісімде болады.

Ал, пәтер иелері кооперативтеріне төлем бермей қарыз болып қалған адамдармен соттасып тіпті пәтерін тартып алу керек, дейді Индустрия және сауда министрі. Оразбақовтың айтуынша ол үшін заңдарды қаталдату керек. Әділет министрі Зағипа Балиеваның айтуынша осы ұсыныстар енгізілген 3 заңға өзгеріс енгізу жөніндегі заңжобалары қазір парламент қарауына беріліп қойған. Бұл тұрғын қатынастары, табиғи монополия жөніндегі заңдармен әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне қатысты. Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақовтың айтуынша заң қаталданғанымен пәтерінен айырылып қалған тұрмысы мүшкіл адамдар далада қалмайды:

- Бүкіл адамдар олай кетпейтін шығар далаға. Түсіну керек. Ертең мен төлемесем келіп біріншіден менің заттарымды алып кетуі мүмкін. Одан әрі қарай төлемесе менің пәтерімді алып алуы мүмкін. Ал тегі бишара азамат болса оны әлеуметтік тұрғын үй дейді соған жібереміз. Коммуналды үй салып соған жібереміз. Ол өзі тек жалға кететін төлемді төлейді.

Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақовтың айтуынша мемлекет атынан жергілікті әкімшіліктер тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарына кететін шығынның 70 пайызын төлесе қалған 30 пайызы тұрғындарға жүктеледі. Ал тұрмысы мүшкіл тұрғындар үшін мемлекет атынан тұрғын-жәрдемақысы ескеріледі деп хабарланып отыр. Астана тұрғыны Мәрзия Жексенбинаның айтуынша ол «Билд Инвестмент Сервис» пәтер иелері кооперативіне пәтенінің әр шаршы метрі үшін 30 теңгеден жинап ай сайын 2 мың теңге төлейді, бірақ нәтиже жоқ, дейді ол:

- Біздің өмір сүруіміз онсызда оңай болып жатқанжоққой. Күнде қымбаттап жатыр азық-түліктің бәрі. Ал пәтер иелері кооперативтері тарифтері көтерсе жылуда көтеріледі деген сөзғой. Істеп жатқан жұмысына қанағаттанбаймын. Екі күннің бірінде жарық өшеді лифтінің ішінде. Лифте жүру құқын беретін карточкаға бір айға деп ақша саламыз жетпейді. 10 күн сайын толтырамызда отырамыз. Оның үстіне тағы көтерсе тұрғындар көтеріліске шығады менімше.

Қарағанды қаласының пәтер иелері кооперативтері қауымдастығының төрайымы Татьяна Араканцеваның айтуынша көп қабатты тұрғын үй баспалдақсыз шатырсыз болмайды. «Бір пәтер төртінші қабатта ілініп тұрмайды. Сондықтан ортақ меншік керек. Егерде тариф көтерілсе, онда тұрғын жәрдемақысын алатын тұрғындарда көбееді», дейді ол.

Астана тұрғыны Мәрзия Жексенбинаның айтуынша көп қабатты тұрғын үйлерді жөндеу тұрғындардың мойнына ілінбеу керек:

- Ол өздерінің проблемары. Үйді қымбатқа берді, жәй салғанжоққой. Үйдің қымбаттығының есебіне солардың бәрін ұстап отыру керек. Халыққа ешуақытта үстемақы қосып жатқан жоқ. Мұның бәрі қарапайым халықты құрту деген сөз, халық қайда барады.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов болса дамыған елдердегі тұрғын үй қатынастарынының тәжірибесін мысалға келтіріп сауда министрлігінің ұсынысын қолдады. Және шатыр, лифт, баспалдақ, кіре беріс және жертөлеге сол үйдегі тұрғындарға ортақ меншік жасамайынша пәтерді сатып алуға немесе сатуға тыйым салыну керек, дейді премьер.
XS
SM
MD
LG