Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.26.2007 жыл


Алматы маңындағы жасыл желекті жерлерге салынған құрылыс нысандарының заңдылығын тексеретін үкіметтік комиссия құрылғалы бері республикалық басылымдар осы тақырыпқа жиі тоқталады. Мәселен, сәрсенбі күнгі газеттерде тау етегінде қандай тұлғалардың үй-жайлары салынғандығы және ол жерлерді заңсыз салынған құрылыс нысандарынан қалай тазартуға болатындығы талқыланыпты.Оған қоса Рахат Әлиев пен жоғалған қазақстандық банкирлер ісін де республикалық басылымдар жіті бақылап отырғаны байқалады.

Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтен Вена қылмыстық соты жоғалып кеткен қазақстандық банкирлер ісі бойынша жауап алғаны жайында сәрсенбі күні «Время» газеті хабарлады. Газет тілшісіне ақпаратты айтқан адвокаты Вольфганг Морингер Рахат Әлиевтің сотта не айтқанын тек қазақстандық тараптың рұқсатынан кейін ғана жариялайтындығын жеткізіпті.

Рахат Әлиевтің мәселесі Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың Венаға сапары барысында да қозғалғанын баяндайды «Айқын» газеті. Қанат Саудабаев журналистерімен кездесуінде «бұл іспен Қазақстанның және Австрияның құзырлы орындары айналысып жатқандығын» айтып, «бұл мәселе мемлекет үшін аса күрделі болып табылмайтындығын» тілге тиек еткен. Оның есесіне Мемлекеттік хатшы Венадан Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығын біршама елдердің «соншалықты күшті қолдайтындығына» көз жеткізіп қайтыпты.

Сәрсенбі күні жарық көрген газеттердің барлығы дерлік Алматы қаласы маңындағы жасыл желекті жерлерге құрылыс нысандарының салынуы тақырыбын да қозғапты. «Тау астындағы тоғайдан түтін шықты» атты «Экспресс К» газетіндегі мақала: «Көктөбе тауының әр жағындағы айрықша жаңғақ ағашының тоғайы жойылу алдында» деп басталады. Мақала авторының сөзіне қарағанда, кезінде бұл тоғайды өз бетінше оқып-үйренген алматылық селекционер Вячаслав Шайдуров деген азамат өсірген. Бірақ кейінгі жылдары тоғай қараусыз қалған. «Жаңғақ ағашының жеміс беруін 20 жылдап күткен бұл азамат пен оның жүздеген түрлі жаңғақ ағаштары қаулап өскен тоғайы жайлы «Экспресс К» газеті 40 жыл бұрын жазыпты. Газет тілшісі енді осы сейсенбі күні сол тоғайға барған кезінде бөтен күзетшілерді кездестіреді. Олар «бұл жеке меншік жер» деп журналистерді қақпадан өткізбей, аумақтан шығарып жібергендерін баяндайды «Экспресс К» газеті. Құрылыс нысандарының заңдылығын тексеретін «комиссияның бар назары Медеу, Шымбұлақ, Іле-Алатау мемлекеттік табиғи саябағына аударылған. Ал Көк-төбенің әр жағында не болып жатқанымен ешкімнің шаруасы жоқ», - дейді «Экспресс К» газетінің тілшісі.

Алматы маңындағы айрықша қорғалатын аймақта үйлердің заңсыз салынғандығын анықтайтын үкіметтік комиссияның жұмысына «Аргументы и факты Казахстан» басылымы да тоқталады. «Бүгін заңсыз шешімдердің күшін жойып, кемшіліктерді түзетуге негіз бар. Бірақ қазіргі жылжымайтын мүліктің базар бағасын есепке алғанда, жеке меншік иелерінің шығындарын өтеу үшін миллиардтаған ақша керек болады» дейді «Аргументы и Факты Казахстан» газеті. Бұл ретте мақала авторы Алматы қаласы әкімінің Алматы өзені бойындағы заңсыз құрылыс нысандарын алып тастау үшін 4 миллиард доллар кетті деген сөзін келтіреді.

Ал «Время» газетінде Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы Матаев «Медеу, Шымбұлақ, Бұтақтыдағы виллалар мен коттеджер иелерін жылжымайтын мүліктерінен өз еріктерімен бас тартып, олардың негізінде санаторийлер мен балалар лагерьлерін салуға» шақырады.Оның айтуынша, жасыл желекті аймақтарда сарайлары бар азаматтар қатарында бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Николай Радоствоец, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрдің әйелі Лейла Храпунова, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев, президенттің істерін жүргізуші Болат Өтемұратов пен ірі бизнесмен Сергей Кан бар. Сонымен бірге Сейтқазы Матаев өз сұқбатында комиссияның отырысы алдында дәл сол үкіметтік комиссияның мүшесі, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов телефон шалып, «өзінің кінәсі жоқтығын» айтып, «ақталғысы келгенін» тілге тиек етіпті.

«Тәуелсіздік басталғаннан кейін «бұйдасын үзіп кеткен» байларымыз бір-бірімен жарысып, Алатаудың етегін басып ала бастады. Таудың жиегін қарапайым адамдар басып алған жоқ, байлардың басып алу әрекеті Храпунов кеткенше созылды», - дейді жазушы Смағұл Елубай «Айқын» газетіне берген сұқбатында. «Бір мезгіл тау етегіне барып демалатын құқығымыздан айырылдық. Аяғыңды аттап бассаң, әйтеуір біреудің территориясы. Тау етегіне тас қорған тұрғызып, мемлекеттік шекара сызығын тартқандай бөліп-бөліп алған», - дейді жазушы «Айқын» газетінде.

Ал «Литер» газеті Алматы қаласының ең бір көрікті жері – Есентай өзені бойында жаңа құрылыстың негізі қаланғанын жазады. Ұлыбританияның озық оқу орындарының бірі болып есептелетін Хэйлибэри мектебі Алматыда келесі жылы ашылатын болады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG