Accessibility links

Кәсіподақтар ұйымы үкіметтен бағаларды тұрақтандыруды талап етіп отыр


«Егерде Қазақстан үкіметі бағалар мен тарифтерді тұрақтындырмаса 2 миллион мүшесі бар Қазақстан кәсіподақтары үкіметтің отставкаға кетуін талап етеді». Астанада қыркүйектің 27 күні биліктің «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған бағаларға арналған отырыста республикалық кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Амандықов осындай мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, бағалардың шарықтауынан инфляцияның жылдық пайызы 15-20 пайызға жеткен. Ал үкімет өкілдері болса статистика мәліметіне сілтеме жасап инфляция пайызы 8,2 деп отыр.

Қазақстанның табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша 3 күннен кейін Қазақстанның 5 аймағында электр қуатының тарифтері көтеріледі:

- Жамбылдың суэлектр стансасында осы уақытқа дейін тариф бір киловат сағатқа 2,10 теңге болып келсе, қазір ол 6,19 теңге. Ол халыққа беріп отырған электр қуаты тарифі өседі, Алматы, Талдықорған, Жамбыл, Шымкент, Қызылордада бірінші қазаннан бастап.

Жиынға шақырылған кәсіподақ федерациясы және «Поколение» қозғалысы өкілдерінің айтуынша парламентпен мәслихат сайылуы өткеннен кейін елде азық-түлік, қоғамдық көліктегі жолақы, коммуналдық қызмет тарифтері, банк несиелерінің пайыздар көтерілді. Астана тұрғыны зейнеткер Қатираш Есіркепованың пікірінше жері бай Қазақстанда бағаны тұрақтандыруға болады:

- Нанғана емес қымбаттап жатқан, бүкіл май, бәрі қымбаттап жатыр. Ол не нәрсе, өзіміздікі емес пе? Бізге ұят болу керек кішкене. Мал өзімізде Қазақстанда, нан Қазақстанда, жеріміз май.

Ауыл шаруашылық министрлігінің мәліметінше нан бағасының қымбаттауына астық бағасының әлемдік құны әсер етіп отыр. Мамандығы экономист парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сәбильяновтың ойынша үкімет мүшелері «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» арқылы астықтың тұрақтандыру қорын құрудың орнына монополистерді ойлап отыр:

- Ірі монополистер деп отырғанымыз астықты сатып алып шет елге сатып өздеріне пайда түсіруді ойлап жүргендер. Ал оған демеу беріп отырған бірақ министрлік: ауыл шаруашылық министрлігі.

Ауыл шаруашылық вице-министрі Дулат Айтжановтың мәліметінше «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» биыл аймақтарда астықтың тұрақтандыру қорын құру аясында 3 миллион тоннаға жуық астық сатып алады.

Республикалық кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Амандықовтың пайымдауынша бағалардың шарықтауынан ақша тез құнсызданып барады:

- Біздің санауымыз бойынша және экономика саласындағы тәуелсіз сарапшылардың санауы бойынша бүгін инфляция Қазақстанда 15-20 пайыз. Үкіметтің статистикалық органдарының 8 пайыз деп айтып жатқаны көңілге толмайтын нәрсе.

Амандықовтың айтуынша 2005 жылыда Қазақстан президентінің сайлуынан кейін іле-шала бағалармен тарифтер көтерілген. Биылда дәл сол жағдай, дейді ол. Ресми мәлімет бойынша инфляция көрсеткіштерінің өсуіне азық-түлік бағасының көтерілуі әсер еткен. Индустрия және сауда министрінің орынбасары Қуандық Бешимбаевтың есебінше Қазақстанда жеміспен көкөністі тұтыну көрсеткіштері ұлғайды. «Бірақ, оның 80 пайызы импорт арқылы қанағаттандырылады. Сондықтан сұраныс өсіп, ол жергілікті күшпен қанағаттандырылмағандықтан баға өсті», дейді ол.

Республикалық кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Амандықовтың мәліметінше баға тұрақтамаса кәсіподақтар шара қолдануға дайын:

- Бірінші қазанға дейін парламент үкіметке мерзім берді, осы баға өскенге не жасайсыңдар деп есебін беруге. Берген есебіне біздің көңіліміз толмаса, біз екінші қазанда бүкілреспубликалық жиынымызды селектор арқылы телефон арқылы өткізуді жоспарлап отырмыз. Біз 2 миллион мүшемізден сұраймыз, не істейміз деп. Егер еш нәтиже бермесе, бірінші шарамыз үкіметтің кетуін талап етеміз.

Индустрия және сауда министрінің орынбасары Қуандық Бешимбаевтың пайымдауынша баға өсуін қазір мүлде тоқтату мүмкін емес, тек тежеуге болады. «Өйткені басқалары сияқты Қазақстан азаматтары саналатын кәсіпкерлерге нарық заманында әкімшілік шараны қолдануға болмайды», дейді ол. Ал Қазақстанның табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың есептеуінше алда тағы бірнеше тариф көтерілуі мүмкін:

- Әрине электр қуаты өскеннен кейін оның бәрі суға алып келеді. Су өз тарифінде 30 пайызы сол электр қуаты жатыр. Өйткені суды жердің астынан көтеру керек қой.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG