«Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалық етуге деген ұмтылысын менің тобым қолдайтынын айтқым келеді. Бұл бір жағынан Қазақстан үшін әлемге танымал бола түсу болса, екінші жағынан Қазақстандағы демократияның ілгерлей түсуіне, азаматтық қоғам іргесінің нығая түсуіне жол ашып, ол процестерге бүкіл қоғам ат салысып, сөз бостандығы, шерулер бостандығы және басқа да негізгі құқықтардың нығайуына септігін тигізген болар еді», - деді Еуропарламент өкілі.
Тілші қауымды алдағы желтоқсан айында өтетін Өзбекстандағы презиенттік сайлау мәселесі де қызықтырды. Оған Оздемир мырза Еуропарламент бақылаушыларын жіберу туралы шешімін әзірге қабылдамағанын айтты.
Сонымен қатар ол «Өзбекстандағы проблемаларға Ислам Каримов өзін прзезиденттікке үшінші рет ұсынылып отырғаны тұрғысынан қарамау керек» деген ой айтты.
«Ондағы мәселе – мемлекеттің қай бағытта дамып бара жатқандығында, олар қаншалықты өздерін әлемнің бір бөлшегі ретінде қабылдай алатындығында, жалпы, қоғамның даму бағытына сәйкестігінде, қоғамның ашықтығында, демократияның дамуында. Ондағы басшылық келешекті ойлап, келер буын қай бағытта дамитындығына көңіл бөлгені жөн. Мен тағы да айтқым келетіні – біз үшін ондағы тұрақтылық өте маңызды, бірақ демократия мен қоғамның ашықтығы да маңызды боп табылады».
Сонымен ол аймақпен танысу сапарын Қырғызстанмен жалғастырмақшы. Ал аймақ туралы қорытынды баяндама алдағы бір-екі айда жариялануы керек. Десе де ол Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым қатынас тек энергетика саласын ғана қамтымай, мәдениет, білім беру саласымен де жалғасын табады деп сендірді.