Accessibility links

Өзбекстандық босқын әйел шетелден баспана сұрамақшы


Кеңес Одағы ыдырағалы он алты жыл өтсе де, не өзінің тарихи отанына орала алмай, не бұрынғы республикада мекендей алмай, тағдыр тәлкегімен өз тұғырын таппаған адамдар әлі баршылық. Солардың бірі Өзбекстанның Ферғана облысының ұлты орыс азаматшасы Елена Карбушева шет елден баспана сұрамақ ниетпен Қазақстанға келіпті.

Өзбекстанның Ферғана облысында орыс, украин, армян, татар, бәрін қосқанда 100 мыңдай орыстілді ұлттар мекендейді екен. Бірақ «қазір онда қалғандар негізінен зейнетке шыққандар, не зейнет алды жасқа келгендер» дейді, Өзбекстаннан Қазақстанға келіп, шет елден баспана сұрамақшы боп жүрген ферғаналық азаматша.

«Бізде негізінен қалғандар зейнеткерлер мен баратын жері жоқ қаңғыбастар ғана. Біздің қауымдастық азып-тозған, әркім өз күн көрісімен әуре. Бір-бірлерімізді де танымаймыз. Интеллигенттерден қалғаны отыз шақты мұғалім ғана. Ол жерде орыс ұлт өкілдерінен бір де бір заңгер жоқ, жақтаушы не судьямыз жоқ. Дәрігер де жоқ. Мысалы, мені мен Пронин деген дәрігер болушы едік, бізді заңсыз жұмыстан қуып жіберді», - дейді Елена.

Жасы қырықтан асқан, жұпыны ғана кинген осы бір әйел сөмкесіне жасырған құжаттар мен компьютерлік дискеттердегі құжаттарын көрсетіп жатыр.

«Мен Карбушева Елена Борисқызы, Өзбекстанның Ферғанасынан Қазақстанға келіп баспана сұрамақшымын», - дейді ол.

Дискеттердегі құжаттарда қаражатының тапшылығынан келе алмай сонда қалған қандастарының арыз-шағымдары мен өлең арқылы жеткізбек болған өтініштері. Оларды шет елден баспана сұрауға мәжбүрлеген не жағдай деген сауалға Елена:

«Ол жерде менің Конституциялық құқықтарымды қорғау мүмкін болмай қалды, сот арқылы ізденбек болып едім, мені қудалау басталды. Мен онда берілетін зейнетақыға күн көре алмаймын. Оның көлемі елу доллардай ғана. Маған қарсы сараптамаға мені қатыстырмай-ақ сыртымнан жұмысқа қабілетсіз деген анықтама жасапты», - деген жауап айтты.

Елена Карбушева Ферғанадағы орыс ұлт өкілдерінің көрген күні мүшкіл деп отыр.

«Әділдік іздеп прокуратураға шағымдансаң, олар шағымыңды жоқ қып жібереді, ал одан жоғарғы жаққа шағымдана бастасаң, осындай қуғынға ұшырайсың, қорқытып-үркіту басталады. Жындыханаға жатқызамыз дейді. Бұл олардың белсенділермен күресу тәсіліне айналды, себебі, менен кейін де онда мен сияқты бірқатар адамдар жәбір көрді».

Сонда да ол Өзбекстанда тіл бойынша ешқандай қағажу көрмегенін айтады. Осындай қиындық көрсе де Елена өзінің тарихи Отаны - Ресейге барғысы келмейді.

«Менің Ресейге оралғым жоқ, себебі олар қанша келіңдер деп шақырғанымен оралмандарына ешқандай жағдай жасай алмайтындықтарын айтады. Соған қарамай келіңдер дейді. Мен Ресей президентіне жазған үш хатыма осындай жауап алдым. Не баспана жоқ, не жұмыс жоқ және олар зейнеткерлердің оралуына мүдделі емес», - дейді ферғаналық әйел.

Міне осындай мұңмен Қазақстанға келген Елена Карбушева Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі комиссариатының Алматыдағы кеңсесіне арызданып, өзіне шет елден баспана беруді өтініп отыр. Алайда ондағылардан бұл мәселе бойынша әзірге ешқандай жауап ала алмағанын айтқан Елена Өзбекстаннан Алматыға соңғы қаражатын жұмсап келгенін, қазір ішер тамақ пен жатын орынға, демікпе дертінен зардап шегетін өзінің дәрі-дәрмекке зәру боп қалғанына шағымданды. Ресми мекемелерден қайыр болмаған соң ол енді Алматыдағы Никольский шіркеуіне қайырымдық көмек сұрауға кетті.
XS
SM
MD
LG