Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.04.2007 жыл


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасының жағдайы бейсенбі күні жарық көрген газет беттеріне сөз болады. Егер басылымдардың бірінде президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің туысқаны, Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы әкімі Өмірзақ Әметұлының «қастандықпен өлтірілген» деп күдік келтірілген Анастасия Новикованың ісіне қатысты тергеуге алынғандығы жазылса, енді бір газеттерде аспанжағы жұлдыздардың біріне президенттің ортаншы қызынан туған немересінің аты қойылғандығы баяндалады.

Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің аты-жөні бейсенбі күні жарық көрген бірнеше мақалада аталады. Мәселен, «тележүргізуші Анастасия Новикованың өліміне байланысты істе жаңа кейіпкер пайда болды. Яғни, тергеушілер Анастасияны Оңтүстік Қазақстан облысында құпия жерлеуге қатысқан тағы бір адамды анықтады», - деп жазады «Время» газеті. Газет мәліметтеріне қарағанда, ол – Рахат Әлиевтің әке жағынан туысқаны, 2003 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының әкімі болған Өмірзақ Әметұлы. Ол әуежайда жүкті қарсы алып, жергілікті тұрғындарды жалдап, көр қазғызып, мәйітті көмдірген. Ал бұл уақытта жоғалып кеткен банкир Жолдас Темірәлиевтің әкесі Гапар Темірәлиев Венаға ұшып барып, Рахат Әлиевпен кездеспекші болған. «Ол күніне бірнеше мәртеден Рахат Әлиевтің үй-жайына барғанымен, онымен кездесуге ешкім шықпаған. Күзетшілер үйде қожайынның жоқ екендігін айтқан», - дейді «Время» газеті.

«Свобода слова» газеті «Рахаттың манифесті мен Ләйләнің хаты дағадарыстың көрінісі» атты мақалада Рахат Әлиевтің соңғы мәлімдемелеріне тоқталады. «Экс-күйеу баланың бүкіл ғұмырын мемлекеттік қызметпен қатар өзінің отбасының өсіп-өркендеуіне арнаған егде тартқан президентті аяусыз әшкерелеуі мен айыптауы көп нәрседен хабардар етеді», - дейді мақала авторы Гүлжан Ерғалиева. Оның пікірінше, «бұл біріншіден, егер жақын туысқандары оның рақымсыз жауларына айналса, онда бұл президенттің айналысында қандай жағымсыз моральдық ахуалдың қалыптасқанын аңғартса керек. Екіншіден, күәгер Рахат билікте қандай қауіпті әрі жалған жағдайдың салтанат құрғанын, содан қоғамның қалай зардап тартып отырғанын сипаттап берді. Үшіншіден, бұрынғы күйеу бала мен бұрынғы қайыната арасындағы соғыс тек жеке қарым-қатынастық және криминалдық сипатқа ғана емес, саяси мазмұнға ие», - дейді Гүлжан Ерғалиева «Свобода слова» газетінде. Әрі қарай мақала авторы: «Рахат Әлиев жартылай адам, жартылай аң болса да, Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасында 25 жыл ғұмыр кешіп, саяси құйтырқы әрекеттерді бойына терең сіңірді», - дейді. Гүлжан Ерғалиеваның айтуынша, «Рахат Әлиевтің соңғы мәлімдемелері Назарбаевқа «маған құрған торды алып таста, әйтпесе, мен бәрін айтам» деген сыңайдағы ескертпе жасау әрі онымен саудаласуға тырысу әрекеттері». «Егер олар келісімге келмесе, күйеу бала, басқа елдерден саяси баспана алғанға дейін президентке қатысты шатақ жағдайларды баяндау үшін аузын кеңінен ашады. Өйткені, бұл оның ең құрығанда бастапқы кезеңде жазадан құтылуы үшін берілетін жалғыз жол», - дейді «Свобода слова» газетінің бас редакторы.

Ал бұл уақытта «ресми түрде миллиардер атанған, Назарбаевтың айтуынша, кездейсоқ Қазақстанның халық банкіне қожалалық етіп отырған президенттің қызы мен күйеу баласы ғарышқа жол салды» деп жазады «Свобода слова» газеті «Жұлдызды бала» деген мақалада. Газетте келтірілген деректерге қарағанда, «Тимур Құлыбаев пен Динара Назарбаева өз ұлдарына аспандағы жұлдызды әперіп, оның атын кішкентай қожайынның атымен – «Алтай» деп атаған». «Енді Қазақстанда шынымен жұлдызды атасының жолын жалғайтын жұлдызды бала бар. Бірақ уақыт өте ол өзінің жаңа астанасын Жетіқарақшы шоқжұлдызында салады деп үміттенеміз», - деп қалжыңмен аяқтайды мақаласын «Свобода слова» газетінің тілшісі.

«Айқын» газеті де «Ел басшыларының еркетотайлары мұрагер бола ма?» деген мақалада президенттердің балалары тақырыбын қозғайды. Газет тілшісі АҚШ президентінің қыздарының «еркеліктерін» тіл тиек етуден бастап, ТМД басшыларының басым бөлігінің балаларына қатысты әр түрлі деректерді тізіп шығады. Мақала соңын автор «Ырым» деген атпен Қазақстан президентіне де арнайды. «Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та аяулы балаларының ақылман әкесі, алтын асықтай немере-шөберелерінің атасы», - деп сөзін бастаған мақала авторы неге екенін белгісіз әрі қарай Қазақстан президентінің қыздары мен күйеу балалары, немерелерін сипаттаудан бас тартады. Оның есесіне: «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін ырым еткен еліміздің түкпір-түкпірінде мыңдаған «болашақ Нұрсұлтандар» желкілдеп өсіп келеді. Олар – Елбасымыздың өз отбасынан кем көрмейтін сүйікті балалары. Ел ертеңі келешек «Нұрсұлтандардың» қолында болса керек» - деп мақаласын аяқтайды «Айқын» газетінің тілшісі.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG