Accessibility links

Қазақстан «Теңіз Шевройл» біріккен кәсіпорнын сотқа берді


Қазақстан күкіртті ашық аспан астында сақтағаны үшін американдық «Chevron» компаниясы басқаратын «Теңіз Шевройл» біріккен кәсіпорнына 609 миллион доллар көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы журналистерге Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов хабарлады. Бірақ, тәуелсіз экологтар дәл осы компания үшін айыппұл көлемі былтырдағыдай азайып кетуі мүмкін деп отыр.

Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың қазанның 3 күні журналистерге берген ақпаратына сәйкес американдық «Chevron» компаниясы басқаратын «Теңіз Шевройл» біріккен кәсіпорнына 609 миллион доллар көлемінде айыппұл салынды. «Бұл кәсіпорында 98 рет апат болып жүйеге айналып кеткен. Оның ішінде 15 апат жасырылған», дейді ол. Атыраудың табиғат прокуроры Балтабай Халықовтың айтуынша «Тенгиз Шевройл» біріккен кәсіпорыны жиналып қалған күкіртті тым баяу залалсыздандырып жатқаны үшін айыпталып отыр:

- Негізгі айып тазартылмаған күкіртті ашық ауада сақтау, сосын ауаға жердің астына келтірген залалдар жөнінде. Мұнайды көптеп шығарған сайын жаңағы күкіртте көбейе береді, сондықтан ол залал міндетті түрде болады адамның денсаулығына.

Шетелдік инвесторлар кеңесінің Қазақстан үкіметімен байланысына жауапты маманы Ерлік Қаражанның айтуынша ол және қауымдастық өкілдері корпоративті этикаға байланысты бұл мәселеге ақпарат беруге құзыреті жоқ.

Осы себепке байланысты «Chevron» компаниясынан ақпарат алу мүмкін болмай отыр, бірақ бұған дейін компания елдің экологиялық талаптарын бұзбадық және күкіртті залалсыздандыруды елдің заңына сәйкес қауіпсіз жолмен жүргізіп жатырмыз деген. Министр Ысқақовтың айтуынша, 2003 жылы «Тенгиз Шевройл» біріккен кәсіпорнына күкіртті ашық аспан астында сақтағаны үшін 71 млн доллар көлемінде айыппұл салынған, бірақ компания жоғарғы сотқа апеляция жазған соң 2006 жылы бұл айып 7 млн долларға дейін азайтылды. Қазіргі шағымымыз Атыраудың облыстық сотында қаралып жатыр, дейді министр Ысқақов.

Бірақ министрдің айтуынша, ірі «Қашаған» мұнай кен орнын игеріп жатқан италяндық «Eni» компаниясы жетекшілік етіп отырған «Agip KCO» халықаралық консорциумына қатысты позиция өзгеше. Министр Ысқақовтың айтуынша, бұл жағдайда табиғатты қорғау заңдарының талаптары орындалмайынша табиғатты пайдалануға берілетін рұқсат 3 айға тоқтатылған. «Осы уақыт өткен соң, қазан айының соңында, егерде шағымдар қанағаттандырылса, яғни ілеспе газ, күкіртті залалсыздандыру, қауіпсіз мұнай тасымалы сияқты мәселелер шешілсе, онда жұмыс қайта жалғасады», деді министр. Министр Ысқақовтың айтуынша, «Қашаған» мұнай кен орнын игеріп жатқан италяндық «Eni» компаниясы жетекшілік етіп отырған «Agip KCO» халықаралық консорциумы бүгінгі таңда министрліктің барлық шағымдарын мойындап кемшіліктерді жоюға кірісті.

Министр экологиялық кодексте табиғат заңдарын бұзған компанияларға бұдан қатаң шаралар ескерілгенін айтады. «Жұмысты уақытша тоқтату - бұл ескерту, ал жұмысты мүлдем тоқтатуға болады», дейді министр. Қыркүйектің 26-күні «Жер қойнуын пайдалану туралы» заңға өзгеріс енгізетін заң жобасы Қазақстан парламентінің кіші палатасымен мақұлданған. Қазақстан парламентінің жоғарғы палатасыда мемлекеттің шетелдік инвесторлармен жасалған келісім-шарттарды өзгертуге немесе бұзуға рұқсат беретін заң түзетулерін қабылдады.

Алматыдағы үкіметтік емес ұйым «Табиғат» қозғалысы төрағасының орынбасары тәуелсіз эколог Бахтияр Албанидің айтуынша, заңға енгізіліп жатқан соңғы өзгерістерден кейін жағдай жақсаруы мүмкін, бірақ, шетелдік инвесторлармен жасалған келісім шарттарға қол қойған Қазақстан үкіметінің өзі, сондықтан экологиялық айыппұл көлемі кезекті рет азайып кетуі мүмкін, дейді эколог Албани:

- Менің үмітім бар. Бірақ, қайтадан оны азайтып көзбояп айыппұлды азайтады деп қорқамын. Оны азайтып жатқан Қазақстан жағы кінәлі. Осындай келісім шарт жасаған кімнің кінәсі?

«Рейтер» агенттігінің көптеген сарапшыларға сілтеме жасап хабарлауынша, Қашаған мұнай Кен орнындағы келісім талаптары толығымен өзгерістерге ұшырайтыны екіталай. Өйткені, елге шетелдік техникалық көмек керек деп жазады бұқаралық ақпарат құралы.
XS
SM
MD
LG