Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.06.2007 жыл


ТМД елдері басшыларының саммиті сенбі күні жарық көрген газеттердің назарын аударыпты. Онда ТМД ұйымының болашағы туралы қарама-қайшы пікірлер берілген. Бірқатар газеттер саммиттің маңыздылығын атап өтсе, кейбір сарапшылар саммиттің нәтижесіз болатындығын сөз етеді. Оған қоса жоғалған банкирлер мен "Нұрбанк" ісі бойынша жаңа материалдар жарық көрді.

ТМД елдері басшыларының Душанбедегі саммиті туралы репортаж «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газетінің сенбілік санында басты мақалалар ретінде берілген.

«Құрылғанына биыл 15 жыл толып отырған ТМД-ның мемлекеттер басшыларының жыл сайын кездесіп, түрлі көкейкесті мәселелерді талқылап тұруына байланысты посткеңестік кеңістік елдері арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың жандана түсуіне елеулі септігін тигізіп отырғанын атап көрсету қажет»,- деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі. Оның айтуынша, кезінде Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы тәрізді құрылымдар оларға мүше елдер арасындағы достық пен ынтымақтастық одан әрі нығайып, іскерлік байланыстардың уақыт өткен сайын тың серпін алуына айтарлықтай ықпал етіп отыр.

Десек де, «Казахстанская правда» газеті: «ТМД-ның жуық арада «жан тәсілімін» беріп, жойлатындығы туралы қауесет ТМД елдері басшылары Кеңесі отырысы қарсаңында бірнеше жыл қатарынан айтылып келеді», - дейді. «Бірақ соған қарамастан бұл ынтымақтастық жұмыс істеп келеді. Тіпті соңғы уақытта бұл ұйымнан шығу идеясын талқылап жүргендер де оған қайта қызушылық таныта бастады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Оған айғақ ретіде Душанбе саммитіне Украина басшысынан өзге президенттердің бәрі келгендігін хабарлайды газет тілшісі.

Алайда, «ТМД-ның өліара жағдайы жайлы сөз қозғамаған саясаткер, қалам тербетпеген журналист кемде-кем шығар. ТМД ұйымын реформалау қажеттігін алғашқылардың бірі болып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көтергенін жалпақ жұрт жақсы біледі», - деп жазады «Айқын» газеті. Әрі қарай мақала авторы былай дейді: «Бұл орайда білікті саясаткер Алексей Власов алқалы жиында «ТМД аумағында еркін сауда аймағының қалыптасуын көздейтін ТМД-ны ары қарай дамыту концепциясының» жарыққа шығатынын айта келе: «Қазақ Президентінің өткен жылғы идеялары осы концепцияның негізіне айналуы мүмкін. Өз кезегінде мемлекет басшысы құжаттың базалық жақтарымен таныса келе, оның негізгі тұстарына келісімін берді. Президенттер әр жылы ТМД-ның дамуы бойынша бір мәселені алға қойып, «консенсустық шешімдерді» қабылдауды мақсат етіп отыр» дейді. «Осылайша, ТМД-ның алдағы даму жолы Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен алға жылжуы тиіс», - деп қорытындылайды ойын «Айқын» газетінің тілшісі.

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев болса, «Литер» газетінде «Қазақстан ТМД төрағалығын алған кезде бұл ұйымды реформалау бағдарламасын ұсынған. Бірақ, өкінішке қарай, Ынтымақтастықтың кейбір мүшелері Қазақстанды қолдамай, салқындық танытты», - дейді. Ал Қазақстан болса, «ынтымақтастықты бастапқы орнынан жылжыта алмай отырғанына аздап қапалы. Ал көптеген қайшылықтары, келіспеушіліктері бар үлкен құрылымға бір мемлекеттің әлі келмейді», - деп есептейді Досым Сәтпаев «Литер» газетінде. Саясаттанушы ТМД басшыларының саммиті туралы да сын пікір білдіреді. «ТМД саммиттері енді нақты ешнәрсе де бермейді деп ойлаймын. Өйткені, Ынтымақтастық президенттер клубына, әлі де көптеген мемлекет басшылары бас қосатын пікірталас алаңына айналды», - деп топшылайды сарапшы. Оның ойынша, қазір ешкім де ТМД-нан жүзеге асуы мүмкін нақты шешімдер күтпейді. Сондықтан, одан гөрі ЕврАзЭҚ, ұжымдық қауіпсіздік уағдаластығы ұйымы әлдеқайда қызықты дейді «Литер» газетінде Досым Сәтпаев.

«Время» газеті әдеттегідей Рахат Әлиев пен «Нұрбанктің» жоғалып кеткен банкирлер ісіне бірнеше мақала арнапты. «Әлиевке сенбеңдер» деген мақалада сот шешімімен ақталып шыққан жедел жасақ сарбаздарының туған-туысқандары Рахат Әлиевтің «Менімен есеп айырысу – бағынбайтын күйеу баланы жазалау ғана емес» деген мәлімдемесіне жұртты сенбеуге шақырады. Өйткені, «ол осы арқылы елге қайтарылып, сот алдындағы жауаптан қашқысы келеді. Ол өзінің қашқын қылмыскер емес, саяси қуғындалушы екендігіне өзі қазір тығылып отырған Австрияның прокуратурасы мен сотының көзін жеткізгісі келеді», - дейді мақала авторлары. Сонымен бірге олар өз туысқандарының бостандыққа шыққанына қуана отырып, полиция басшыларының әділетсіз түрде жазаға кесілгендерін тілге тиек етеді. «Біздің жақындарымыз бен олардың командирлері Рахат Әлиев пен оған бағынышты Алматы қаржы полициясының құрбандарына айналғаны біз үшін анық. Сондықтан да, қаржы полицейлері жедел жасақ сарбаздарының «Нұрбанкке» шабуыл жасау ісін қолдан жасады», - дейді ақталып шыққан полицейлердің туыстары. Сондықтан да, олар бас бостандығынан айыру жазасына кесілген екі офицердің де ақталуын қалайтындықтарын мәлімдейді. «Жақында жаңа соттар басталып, онда басты айыпкер Рахат Әлиев болатындығына біз сенеміз», - деді мақала авторлары «Время» газетінде. Ал «Мұхтар Австрияға барғысы келеді» деген мақалада Рахат Әлиевтің әкесі Мұхтар Әлиевтің Австрияға барып, ұлына қолдау көрсеткісі келетіндігі, бірақ қаладан шықпауға тергеу орындарына қолхат бергендігі айтылған.
XS
SM
MD
LG