Accessibility links

Нахчиванда мемлекеттік қызметкерлер демалыс күндері өзге жұмыстарға жегіледі


Әзірбайжанның Нахчиван аймағында дәрігерлер мен мұғалімдердің, тағы басқа да мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің демалыс күндері егістікте жұмыс істеп жүргендерін көру - үйреншікті тірлікке айналған. Жергілікті билік өкілдері ол қызметкерлер өз еріктерімен жұмыс істеуде, дейді. Алайда өз қызметтерін сақтап қалу үшін осындай қосымша жұмыс атқаруға мәжбүр екендерін ол қызметкерлер айтып отыр.

Нахчиван Аутономиялық республикасының мұғалімдері мен дәрігерлері, басқа да қызметкерлерінен демалыс күндері жұмыс істеу сұралған болатын. Олар бақша баптау, егістікке қарау немесе көше тазалау сияқты қара жұмыстарды атқаруға міндетті. Совет үкіметі кезінде Лениннің туған күні сияқты мерекелерде ғана сенбіліктер өткізілетін. Ал, Нахчиванда болса қазір әрбір демалыс күндерінде сенбілік өткізіліп тұрады. Осындағы “Иени Мусават” атты оппозициялық газет тілшісі Хакиемлдосту Мехдиевтің «Азаттық» радиосына айтуынша, мұғалімдер сияқты мемлекеттік бюджетте жұмыс істейтіндердің барлығы үшін егістікте жұмыс істеу – міндет. «Әрбір мұғалім 80 килодай бидай өсіруі тиіс. Оның бағасы 200 доллар тұрады. Алайда айлық жалақы 60 доллар шамасында. Егер ол қосымша жұмысты істемесең қызметіңнен айрыласың», деді журналист.

Осы сұхбатынан кейін Мехдиев өз үйінің алдында соққыға жығылып, қауіпсіздік күштері оны тұтқындаған. Тұтқындауға қарсылық көрсетті деген айыппен ол 15 күнге жабылған болатын. Үш күннен кейін ол босатылған екен. Нахчиванды Ұлттық ассамблея басшысы Васиф Талибов басқарып отыр. Ол - президент Ильхам Әлиевтің жақын туысы және жақтасы.

Әйгілі Майдан атты партияның жергілікті кеңсесі жабылды. Өткен жылдарда жергілікті үкімет сондай-ақ шайханалардың жұмысына тиым салған болатын. Әдетте ондай орындарға тұрғындар жиналып, саяси әңгіме-дүкен құратын еді.

Әйгілі Майдан атты партияның белгілі мүшесі, 70 жасар Алескер Исмайлов өз көршісі, жергілікті полиция басшысының үстінен ресми түрде шағым жасағаны үшін қыркүйектің 20-сы күні тұтқындалып, жындыханаға жатқызылды. Осылайша өзі дәрігер Исмайлов полиция басшысының қойған диагнозымен аталған ауруханада жатыр. Қазір оппозицияда болу - өте қауіпті, дейді белсенділер. Иран, Армения, Түркия елдерімен шектесетін бұл аймақ үнемі тәуелсіз кейіп ұстанатын. Совет үкіметі құлағанда алғашқы боп тәуелсіздігін жариялаған да осы Нахчиван болатын. Тәуелсіздік жылдарындағы Әзірбайжанның алғашқы қос президенті Абулфаз Елчибей мен Гейдар Әлиев осы аймақтан шыққан болатын.

Хұқық қорғаушылардың пікірінше, Нахчиван барған сайын жабық қоғамға айналып отыр. Елдің өзге жерлеріндегі әзірбайжандықтардың әзіл-пікірінше, Нахчиван Солтүстік Кореяға ұқсап бара жатқандай. Сондай-ақ аталған сенбіліктерден фермерлер пайда тауып отыр, дейді билікті сынаушылар. Бұл аймақта жұмыссыздық деңгейі - өте жоғары. Сондықтан халықтың көбісі Түркияға жұмысқа кетуде. Ал, мемлекет кеңсесі жұмысындағылар демалыстарында осылайша қара жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр.
XS
SM
MD
LG