Accessibility links

Тәжікстандық жастар әскери борышын өтеуден неге жалтарады?


Өткен аптада Тәжікстанда жастарды әскери борышын өтеу үшін армия қатарына шақыру науқаны басталды. Тәжікстан армиясы өкілдерінің әскери борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгерлердің тұрмыс жағдайы “күрт жақсарды” деп мәлімдеуіне қарамастан, тәжік жастары оған онша сенбей, армия қатарына шақырылуға асықпайды. Олар көбіне түрлі сылтау-желеумен армия қатарында қызмет атқарудан жалтаруға тырысады.

Осы күні Тәжікстанда жастарды армия қатарына шақырудың күзгі науқаны басталып, нағыз қайнап тұрған кезі. Соған байланысты 18-27 жас арасындағы жастар өздерінің қайда жүргендерін жергілікті әскери комиссариатқа хабарлауға міндетті. Алайда, Душанбенің 22 жастағы тұрғыны Комил Раджабов әскери комиссариаттан келген бірнеше шақыруға қарамастан, оқуын жалғастыру үшін Мәскеуге кетуге әзірленіп жатыр. Армия қатарына шақырылған жауынгерлердің тұрмыс-тіршілігі “түбегейлі жақсарды” деген мемлекеттік баспасөз құралдарының хабарына Комил онша сенбейді.

К.РАДЖАБОВ: “Мен ұлттық армияның қатарында қызмет етуге қарсы емеспін. Бірақ мен өзімінің денсаулығыма қауіп-қатер төнбейтініне кепілдік болғанда ғана армия қатарына баратын едім”.

К.Раджабовтың атап көрсетуінше, тәжік жастарының басым көпшілігі армия қатарында адам айтқысыз ауыр жағдайда қызмет етуге тура келеді деп есептейді. Азық-түліктің, киім-кешек пен қажетті құрал-жабдықтың жетіспеуі салдарынан және нашар жабдықталған әскери казармалардың жылынбауынан тәжік жауынгерлерінің “тар жол - тайғақ кешуге” мәжбүр болатынын халықтың басым көпшілігі де жақсы біледі.

Үстіне әбден тозған униформа киген тәжік жауынгерлерінің тамақ іздеп жергілікті тұрғындардың табалдырығын тоздыратын күндер келмеске кеткен сияқты. Тәжікстанның қорғаныс министрлігі әбден қадірі кеткен қарулы күштердің абыройын қайта көтеруге тырысып көрді. Бірақ “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында күні кеше ғана армия қатарында қызмет атқарған жастар өзіне деген осындай көзқарасты түпкілікті өзгерту үшін ұлттық армияға ұзақ уақыт керек деп мәлімдейді. Солардың бірі – осыдан 2 жыл бұрын ғана 24 айлық әскери борышын өтеп болған Душанбенің төңірегіндегі Хисор облысының тұрғыны – 25 жастағы Рахматулло Сафаров.

Р.САФАРОВ: “Қажетті ешқандай киім-кешек немесе азық-түлік болған жоқ. Қазір армиядағы ахуалдың қалай екенін мен білмеймін, бұрын жағдай адам айтқысыз болатын. Біз негізінен сұлы жармасының ботқасын ғана жейтінбіз, оны да аз беретін. Біз әбден тозығы жеткен униформа киетінбіз. Олар басқа униформаны бізге тек 6 айдан кейін ғана берді. Униформа жылы емес-ті – кешкі күзетке шыққанда Сіз ол формамен өлгенше тоңасыз”.

Рахматуллоның сөзіне қарағанда, түнгі күзетке шыққан бір жолы сырқаттанып, қарулы күштердің Душанбедегі госпиталіне жатқызылып, сол жерде өзінің туберкулезге шалдыққаны анықталды. Өзге талай тәжік баласы сияқты Рахматулло да әскери комиссариаттың өзін күштеп ұстап алып, өз ықтиярынсыз армия қатарына аттандырғанын жасырмайды.

Жастарды көшелерде немесе базарларда ұстап алып, әскери борышын өтеуге айдау - Тәжікстанда ұзақ жылдар бойы жалғасып келген келеңсіз тәжірибе болды. Бұл шара “облава” деп аталады. 2007-нші жылдың көктеміндегі әскерге шақыру науқаны барысында қорғаныс министрлігі осы “облава” шарасын заңсыз деп жариялап, жастарды әскери борышын өтеуге өзге жолмен тартуға міндеттенді. Сонымен қатар министрлік жас тәжіктерді әскерге шақырған үгіт-насихат науқанын бастады.

Мемлекеттің меншігіне қарайтын телекомпания үстіне су жаңа униформа киіп, етіктері күнге жалтыраған және жаңадан салынған казармаларда тұрып жатқан жауынгерлердің тұрмыс-тіршілігі туралы бағдарламаны күнде көрсете бастады. Бағдарламада жауынгерлер отаншыл әндерін айтып, сап түзеп жүреді және керемет тұрмыс жағдайын талдап жатады немесе бай асханада дәмді ас ішіп отырады. Көрермендер “Азаттық” Радиосына ол бағдарламадан әскери қызметпен немесе армияның шынайы тұрмыс жағдайымен тиіп-қашты болса да байланысы бар ештеңені көрмегендерін айтады. Жастарға арналған бағдарламада армия өкілдері, шенеуніктер және әскери борышын өтеп келген жауынгерлер армиядағы қызметтің жастар үшін, әсіресе жастардың дене бітімі мен ой-санасының дамуы үшін өте пайдалы екенін айтумен болады.

Фаридун Махмадәлиев – қорғаныс министрлігінің баспасөз-қызметін басқарады. Оның мәлімдеуінше, тәжік армиясындағы тұрмыс жағдайы адам танымастай жақсарған.

Ф.МАХМАДӘЛИЕВ: “Тап-таза әрі ауасы да таза ұйықтайтын бөлмелер бар және әскери бөлімдерге биыл шақырылған жауынгерлер үшін су жаңа керуеттер мен көрпелер қойылды. Әскери бөлімге келген алғашқы күнінен-ақ әрбір жаңа жауынгер мемлекет басшысы мен үкіметтің қамқорлығын сезіне алады”.

Фируз Саидов – Душанбеде тұратын әлеуметтанушы. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында ол атап көрсеткендей, армиядағы адам айтқысыз ауыр жағдай туралы ұзақ жылдан берік берік қалыптасқан көзқарастан кейін, жастар ол ахуалдың тез өзгере қойғаны туралы телехабарларға онша сенбейді.

Ф.САИДОВ: “Ашық күн” бағдарламасы болуы керек. Менің жобалауымша, осындай “ашық күндердің” барысында жастар мен олардың ата-аналары жауынгерлердің тұрмыс-тіршілігін өз көздерімен көріп таныса алуға тиіс”.

Армияда “ашық күндердің” өткізілуі жастарды әскери борышын өтеуге көндіре қоя ма, ол әлі белгісіз. Бірақ 22 жастағы Комил Раджабов тәжік армиясына қызметке шақырылмау үшін 28-ге жеткенше Ресейден елге қайтпайтынын мәлімдейді. Тәжікстанда 28-ден кейін армия қатарына шақырылмайды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG