Accessibility links

2007 жылғы физика саласындағы Нобель сыйлығы француз бен неміс ғалымдарының еншісінде


Әр жыл сайын ғылымның түрлі саласында қол жеткен жетістіктер үшін берілетін мәртебелі Нобель сыйлығына биыл физика саласында француз ғалымы Альберт Ферт пен неміс ғалымы Петер Грюнберг лайықты деп табылды.

Мұндай әлемдік дәрежедегі сыйлыққа олардың компьютерде қатты дискіге басылатын жазуды әлдеқайда тығыздай түсуге мүмкіндік беретін магнетизм саласындағы тың ізденістері үшін берілетін болды. Бұл дегеніңіз енді жақын жылдарда қатты дискінің көлемін мүлде кішірейтіп, оны неғұрлым шағын етіп шығаруға мүмкіндік болады деген сөз.

Физика саласы бойынша Нобель жеңімпаздары турасында Стокгольмде Швеция патшалық ғылым академиясы сейсенбі күні жариялады. Швеция патшалық ғылым академиясының төрағасы Гуннар Оқуист Стокгольмде журналистер алдында былай деді.

- Биылғы жылғы физика саласындағы Нобель сыйлығы электрлі магниттік өрістегі жазуларды тығыздай түсу бағытындағы аса маңызды жаңалықтары үшін беріліп отыр.

Нобель сыйлығы жалпы алты сала бойынша әлем ғалымдарына жыл бойына ашқан жаңалықтары үшін берілсе, бұл осы жыл үшін анықталып отырған екіншісі. Ең біріншісіне - медицина саласындағы жаңалықтары үшін американдық және британдық ғалымдар лайықты деп табылған еді. Биылғы Нобель сыйлығының жалпы сомасы шамамен 1,5 миллиондай АҚШ доллары көлемінде.

Өткен жылы физика саласындағы Нобель сыйлығының жеңімпаздары американдық ғалымдар Джон Матью мен Джорж Смут болған еді. Биылғы жылы Нобель сыйлығы бойынша жеңімпаздардың есімдерін жариялау 8-қазанда медицина саласынан басталды, олар британдық-американдық ғалымдар командасы эмбриондық клеткаларды зерттеу арқылы тышқандар гендерінде қандай өзгерістерді бақылауға болады деген тұрғыда ашқан маңызды жаңалықтары үшін ие болды.

Қазанның 10-ы, сәрсенбі күні химия саласындағы Нобель сыйлығының иегерлері анықталса, бейсенбі күні әдебиет саласындағы Нобель жеңімпаздарының есімдері белгілі болды.

Ал аса маңызды болып табылатын Бейбітшілік - Нобель сыйылығына биыл кімнің лайықты болатындығы жұма күні Ослода белгілі болуы тиіс. Ең соңында экономика саласындағы Нобель сыйлығы иегерінің есімін 15 қазанда, дүйсенбі күні білетін боламыз.

Енді әлемдік Нобель сыйлығының тарихына аз-кем тоқтала кетсек, аталған сыйлықты 1901 жылы швециялық химик-кәсіпкер Альфред Нобель тағайындап, негізін қалаған болатын. Ол сөйтіп жыл бойына өзінің қажырлы еңбегі және ізденісі арқылы адамзат өмірінің дамуына өлшеусіз үлес қосатын ғалымдар еңбегін бағалауды мақсат еткен еді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG