Accessibility links

Мемлекеттік бағдарлама бойынша екі жылдан астам пәтер алу тізімінде тұрған астаналықтар ел президентіне шағым жолдады


Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер алуға тиіс болған Астанадағы 336 отбасының мүшелері үйлердің тапсырылуын 2 жарым жылға кешіктіргені үшін Астананың құрылыс департаментін сотқа береміз деп президент Назарбаевқа жолдау жазды. Бұл туралы Астанада қазанның 9 күні тұрғындардың өздері баспасөз мәжілісінде хабарлады. Ал Астананың құрылыс департаментінің басшылығы болса үй салынады деп уәде берілгенімен ақша төлемеген тұрғындардың соттасуына негіз жоқ, сондықтан тұрғындарға үстемақы берілмейді деп отыр.

2005 жылы наурыз айында Астанада мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша іріктелген 336 азамат және олардың отбастары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және премьер-министр Кәрім Мәсімовке мәселені шешуге көмектесіңдер деген жолдау жазды. Жолдауда жазылғандай енді тұрғындар ұлттық қауіпсіздік комитеті мен қаржы полициясынан Астана әкімшілігіндегі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы мерзімінің бұзулы фактілерін тексеруді сұрайды және Астананың құрылыс департаментіне сотқа шағымданбақшы. Бағдарламаға іліккен болашақ тұрғындардың айтуынша, Астананың тұрғын үй департаментімен жасалған пәтерді сату-сатып алу шарттарына қол қойылған кезде, «№3 және №4 градкомплекс» аталған тұрғын үй кешендері 2005 жылдың желтоқсан айында тапсырылуға тиіс болған. Бірақ, бұл мерзім сақталмады. 2006 жылы қараша айында Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошун 2007 жылдың наурыз айында тапсырылады деген уәде берді. Бірақ, Астана әкімшілігінің интернет сайтындағы соңғы ақпаратқа сәйкес, бұл үйлердің аяқталу мерзімі тағы да, осымен үшінші рет шегеріліп, құрылыс 3 жылға созылып, 2008 жылдың жазына қалдырылған, дейді мемлекеттік қызметкер Толқын Сыздықанова:

- Тапсырылу мерзімі 2 жарым жылға созылып жатыр. Менің ойымша Астана қаласының өзінде мемлекеттік бағдарламаға деген осындай қатынас болса, басқа қалалар туралы не айтамыз.

Ал тұрғын үй бағдарламасының орындалуына жауапты Индустрия және сауда министрінің орынбасары Асқар Баталовтың айтуынша, республикалық бюджеттен берілген пайызсыз несиеге тендер өткізгенде қателіктер болған. «Өйткені мердігерлер қызметінен бірінші кезекте арзан баға талап етілетін нәтижесінде тендерлерде материалдық базасы жоқ мердігерлер жеңіп шығатын», дейді ол. Астана әкімшілігінің құрылыс департаментінің директоры Асқар Нұрмағанбетов те үйлердің белгіленген мерзімде салынбай жатқандығына мердігерлерді кінәлайды.

«Олар шамаларына қарамай, банктерге қарызға кіріп, 2005 жылы әр шаршы метрді 350 доллардан саламыз деп уәде берген. Бірақ, кейін құрылыс материалдары қымбаттап кеткен», дейді ол. Астанада мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша тұрғын үй салып жатқан мердігер «АВС» құрылыс корпорациясының бас директоры Тоқмағанбетов Береке мұны былайша түсіндіреді:

- «АВС корпорациясы» кезінде 350 доллардан астқан болатын. Олар ақшаны ұрламай бәрін құрылысқа кіргізді. Ақшалары жетпей бітіп қалды.

Ал мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер алуға тиіс болған адамдарға құрылыс мерзімінің өзгерісі үшін үстемақы беріле ме деген сұраққа Астана әкімшілігінің құрылыс департаментінің директоры Асқар Нұрмағанбетов былайша жауап берді: «Департамент бір мердігерді сотқа берген. Біз «Айсу Астана» компаниясын жеңіп шықтық, онымен жұмысты тоқтаттық», дейді ол. «227 миллион теңге үйстемақы алдық, бірақ, ол ақша құрылыс департаментіне емес, бюджетке кетеді», дейді Астана әкімшілігінің құрылыс департаментінің директоры Асқар Нұрмағанбетов.

Нұрмағанбетовтың айтуынша, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер алуға тиіс болған адамдармен ниеттеме келісімдері жасалған, бірақ, олардан ақша алынбаған.

«Бір тиын төлемей тұрып, мәселені қатал қоюға болмайды», дейді ол. «Ия, уәде болған, себептер болған, бірақ, ол сотқа баратын негіз емес, ал құрылыс мерзімі бойынша тұрғындар емес, мен мердігермен сөйлесе аламын, өйткені мен олармен келісім жасасып, мерзімін көрсеткенмін», деді Астана әкімшілігінің құрылыс департаментінің директоры.
XS
SM
MD
LG